Бұқар жырауАймақ

Қыс шанасын жаз сайлаған

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, Бұқар жырау ауданында алдағы 2026-2027 жылдың қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп, қарқын алуда. Бұл кезеңде аудан бойынша 1 орталық қазандық (Қушоқы кенті) пен 105 автономды жылу жүйесі, соның ішінде, тұрғын үй секторын жылытатын 7 модульді қазандық (Ботақара кентінде – 4, Ғабиден Мұстафин кентінде –1, Доскей ауылында –1, Үштөбе ауылында –1) пайдаланылатын болады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Орталықтандырылған жылу жүйесімен аудандағы 184 көппәтерлі үйдің 94-і, яғни 51 пайызы қамтамасыз етіледі. Мұнда 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін барлық белгіленген шаруаларды аяқтаудың іс-шаралар жоспары мен кестесі бекітілген.

Қазақстан Премьер-Министрінің хаттамалық тапсырмасын орындау аясында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын меншікке беру бойынша аудан аумағындағы барлық жылумен жабдықтау нысандары Ботақара су қожалығы балансына, соның ішінде, жоғарыдағы 1 орталық және 7 модульдік қазандық беріліпті.

– Бүгінде осы нысандардың барлығына ревизия жүргізіліп, ақау актілері жасалды, – дейді «Ботақара су қожалығы» КМК директоры Данияр Қарамолдин, – Анықталған ескертулерге сәйкес алдағы жылыту маусымына әзірлікке кірісіп, соған қажет материалдарды сатып алып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Жылыту маусымына дайындық барысында қазандықтар мен жылу желілерінде жалпы сомасы 99,3 миллион теңгенің жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қушоқы кентінде салынып жатқан қуаты 20 МВт орталық қазандыққа арналған негізгі және қосалқы-технологиялық жабдықтардың толық кешенін инвестор – «ДА-ИН» ЖШС өз қаражаты есебінен сатып алған. Қазіргі таңда аталған қазандық ғимаратының қаңқасы металл конструкцияларынан монтаждалып, қабырғалары мен шатыры сендвич-панельдерден орнатылмақ. Бұл жерде әрқайсының қуаты 4 МВт болатын 5 қазандық, қуаты 11 МВт және 14 МВт болатын қабық-құбырлы жылуалмастырғыштар, көмір беру мен күл шығаруға арналған жәшіктер мен бункерлер қойылған.

Енді құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтап, осы қазандықты биылғы 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аудан аумағында 54 білім беру, 37 денсаулық сақтау, 44 мәдениет, 6 спорт және ауылдық округ әкімдіктері мен мемлекеттік мекемелердің 25 нысаны болса, соның ішінде, білім беру ұйымдары бойынша 25 миллион теңгенің жұмыстары жоспарланған көрінеді. Бұл орайда Киров орта мектебінің қазандығы ауыстырылып, Ақтөбе орта мектебінің жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, айналым сорғылары сатып алынбақ.

Мәдениет мекемелеріне бөлінген 40 миллион теңгеге Ростовка және Орталық ауылдарының Мәдениет үйлеріне блокты-модульдік қазандықтар орнатылады. Сондай-ақ, ауданның барлық қазандықтары бойынша қысқа дайындық жұмыстары аясында су сорғыларына ревизия жүргізу, ысырма арматураларын тексеру, күрделі жөндеуді қажет етпейтін жабдықтарды майлау және тарту, жылу жүйесін жуу және қысыммен тексеру (акт толтыру арқылы), қазандықтар мен түтін мұржаларын күйеден тазарту, әктеу және сырлау жұмыстары атқарылады.

Алдағы 2026-2027 жылдардағы қысқы жылыту маусымына ауданның бюджеттік ұйымдарының көмірге қажеттілігі 23,207 мың тоннаны құрайды. Сол көмірді сатып алу үшін конкурс рәсімдері өткізіліп, жеткізушілер ретінде «Каз Тим Көмір» ЖШС мен «ОРС 7/8» ЖШС анықталған. Ал, білім беру және денсаулық сақтау нысандары қатты отынмен облыстық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Аудандық бюджет есебінен көмірді сатып алу мен тасымалдауға 155,238 миллион теңге қарастырылыпты. Орталықтандырылған қазандықтар бойынша тұрғын үй секторын жылытатын қатты отынға қажеттілік 30,080 мың тонна көлемінде.

Электрмен жабдықтау да қыс мезгілінде бір мәселе болатыны анық. Өйткені, қазірде аудан бойынша аудандағы барлық электр желілерінің тозу деңгейі 80 пайыздан асады. Сондықтан, ағымдағы жылы «Қарағанды-Жарық» ЖШС жалпы сомасы 95 миллион теңгеге 145,4 шақырым электр желілерін және 114 КТП-ны жөндеуді бастады. «КРЭК» ЖШС Сарыарқа ауылында электр беру желілерінің 30 бағанасын ауыстыруды жоспарлап отырса, Қушоқы кентінде Майөзек ауылына «Тұзды» қосалқы станциясынан электр беру желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 24 миллион теңге бөлінген. Сонымен, келер қыстың қаһарына осы бастан қамданған бұқаржыраулықтардың оны алаңсыз, жақсы өткізеріне күмән жоқ.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button