Салғырттық соңы – өкініш
Жаз мезгілі басталысымен қоғамды үлкен бір жеңілдік пен алаңсыздық билейтіні жасырын емес. Мектеп қабырғасынан босаған балалар уақытын сыртта, ойын алаңдарында өткізуге асығады. Алайда, дәл осы шуақты күндердің сыртында статистикалық тұрғыдан үш есеге дейін көбейетін қауіп-қатер барын біз жиі ұмытып кетеміз. Ресми мәліметтер дәл осы демалыс кезеңінде балдырғандардың түрлі деңгейдегі техникалық, тұрмыстық және көше апаттарына ұшырауы 30-40 пайызға дейін күрт өседі деседі. Мұның басты себебі – мектептен тыс бос уақыттың шамадан тыс көптігі мен ересектер тарапынан бақылаудың сәл де болса әлсіреуі. Аяқ асты келетін ажал мен қайғылы жағдайларға жол ашатын да осы – біздің қоғам болып танытып отырған салғырттығымыз бен немқұрайлылығымыз.

Жақында Қарағанды облысының Долинка кентінде болған оқиға бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып, қоғам назарын тағы да балалар қауіпсіздігі мәселесіне аударды. Мұнда 10 жастағы бала жоғары вольтты электр желісінің тірегіне шығып кетіп, тоқ соғуы салдарынан биіктен құлаған. Оқиға кешкі уақытта, балалар алаңына жақын маңда, Заводской көшесінде орын алған. Бүгінде зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Баланың туыстары 6000 вольттық кернеуі бар металл бағанның ешқандай қоршаусыз, ашық тұрғанына шағымдануда. Осы оқиғамен қатар, Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында 11 жастағы қыз баланың өзенге түсіп көз жұмуы – өңірдегі жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын көрсетті. Бір қарағанда екі түрлі жағдай сияқты көрінгенімен, екеуін біріктіретін ортақ мәселе – балалар қауіпсіздігіне деген немқұрайлылық. Электр тоғы да, су да көзге қауіпсіз болып көрінуі мүмкін, бірақ бір сәттік абайсыздық орны толмас қасіретке әкеледі. Жергілікті билік өкілдері, атап айтқанда Долинка кенті әкімінің орынбасары Жасұлан Хамитов алдағы уақытта қызмет көрсетуші ұйым тарапынан қосымша қоршау орнатылатынын мәлімдегенімен, бұл шараның тек қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана қолға алынуы – жүйелі салғырттықты көрсетеді.
Бүгінде тек электр желілері ғана емес, судағы және жолдағы қауіпсіздік мәселесі де шегіне жетіп тұр. Көшеде велосипед, самокат немесе заманауи электрлі қозғалтқыштарды тізгіндеген жеткіншектердің жол ережесін білмеуі, құлағына құлаққап киіп, телефонға үңіліп жолдан өтуі күнделікті әдетке айналды. Арнайы жабдықталмаған, шомылуға тыйым салынған су қоймаларында үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың тағдыры жыл сайын қаралы статистиканы толықтырып отыр. Оған қоса, аптап ыстықта көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кететін сәбилердің қазасы жиіледі. Шыбын-шіркейден қорғайтын тордың қорғаныш емес екенін ата-аналар әлі де жіті түсінбей келеді.
Осы орайда Әлихан Бөкейхан ауданынның Полиция бөлімі, Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары полиция майоры Тлек Тубеков ата-аналарға ерекше үндеу жолдап, баланың өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық екенін алға тартады. Тәртіп сақшысы балаларға электр жабдықтарына жақындаудың қауіпті екенін түсіндіруді, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды және жол қозғалысы ережелерін үнемі үйретіп отыруды талап етеді. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы ғана көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады.
Баланың амандығы мен алаңсыз күлкісі – кез келген өркениетті мемлекеттің ең басты құндылығы, ұлттың болашағы. Сондықтан ұрпағымыз үшін қатерден ада, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру тек бір отбасының ғана мәселесі емес. Бұл – билік пен бұқараның, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Фархат МҰРАТ,
ҚарҰЗУ-дың ll курс студенті



