Руханият

Көркем өнер көкжиегі

Облыстық бейнелеу өнері музейінде Қарағанды қаласындағы №1 балалар көркемөнер мектебі түлектерінің қорытынды шығармашылық жобаларын қорғау көрмесі өтті. «Түлек – 2026» атты дәстүрлі шара аясында 39 түлек төрт жылдық білімдерінің нәтижесін көпшілік назарына ұсынды.

Сурет Облыстық бейнелеу өнері мұражайынан

Музей мен мектеп арасындағы көпжылдық ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған бұл экспозицияға оқушылардың композиция пәні бойынша орындаған үздік туындылары қойылды. Түрлі техника мен көркемдік стильдегі жұмыстар жас дарындардың кәсіби даярлығы мен өзіндік қолтаңбасын айқын көрсетті. Картиналардың басым бөлігі туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне, ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарға арналған. Түлектерді бұл белеске педагогтер Әлия Сарымсақова мен Ольга Иващенко жетелеп әкелген.

Мектеп директоры Ерсін Темірғалиевтің айтуынша, 1968 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білім ордасы жарты ғасырдан астам тарихында талай дарынды суретшіні тәрбиелеген.

– Мектептің іргетасы 1968 жылы қаланған. Мұнда балалар 5 жастан бастап қабылданып, 11 жасқа дейін даярлық топтарында оқиды. Ал, 12 жастан бастап, негізгі сыныпқа ауысып, төрт жыл бойы кәсіби білім алады. Бүгін, міне, сол төрт жылдық еңбектің қорытындысы ретінде түлектеріміз өздерінің дипломдық жобаларын қорғап, комиссия бағасын алуда, – деді директор.

Көрмеде 4 «Б» сынып оқушысы Адия Құдайбергенованың «Дәстүрлер тізбегі» атты дипломдық жобасы ерекше көз тартты. Қазақтың сырға салу салтын шынайы бейнелеген жас суретші өз әсерімен бөлісті.

– Сурет салумен алты жасымнан бері айналысамын. Бұл жұмысты қаңтар айынан бастап дайындадым. Бала күнімнен отбасылық жиындар мен тойларға жиі қатысатынмын. Әсіресе, биыл өзім куә болған сырға салу рәсімі жадымда ерекше сақталып қалды. Сол әсерді сурет арқылы жеткізгім келді. Болашақта сәулетші болғым келеді, – дейді Адия.

Тағы бір әсерлі туынды – 16 жастағы Анастасия Александрованың гуашь техникасымен салынған «Алтыбақан» картинасы. Ұлттық құндылықтарды, табиғат пен ұрпақ сабақтастығын дәріптеген автор да өз әсерін іркіп қалмады.

– Сурет өнеріне бес жасымда келдім. Бұл туындымдағы алтыбақанда тербелген қыздар – жастық шақ пен еркіндікті, ал, киіз үй мен таулар – құт-береке мен халықтың биік рухын білдіреді. Осыған дейін де түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Болашақта киім дизайнері болуды жоспарлап отырмын, – дейді Анастасия.

«Түлек – 2026» көрмесі жас суретшілердің өнерге деген сүйіспеншілігі мен табандылығын дәлелдеді. Ал, түлектерге мектепті бітіргені туралы куәліктер салтанатты түрде табысталды. Айта кетейік, көрме 17-22 маусым аралығында жұмыс істейді.

Нұргүл РЫМБЕК,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button