Руханият

«КҮЗЕМБАЕВ АЛЛЕЯСЫНДА» – мәңгі көктем

Қарағанды қаласында – «Күзембаев аллеясы» бар. Сол маңнан өткен сайын бойымды әлдеқандай тылсым күш кернейді. Ол – өз ісіне деген адалдықтың, миллиондарды еңбекқорлыққа баулыған кәсіби шеберліктің өр рухы болар, сірә. 2004 жылы Майқұдықтағы сол аллеяда даңқты шахтер, Социалистік Еңбек Ері Түсіп КҮЗЕМБАВТЫҢ мүсіні мен «Шахтер даңқы» стеласының орнатылуы нағыз халықтық мерекеге ұласқан еді. Осы тарихи тұлға хақында қалам тербеудің сәті енді түсіп отыр…

АЛЛЕЯ – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ

Дерекке сүйенсек, Күзембав көшесін рәсімдеп, абаттандыруға – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің кеншілері атсалысыпты. 12 метрлік «Шахтер Даңқы» стеласы мен Түсіп Күзембаевтың мүсіні қойылған аллея бүгінде халықтың сүйікті мәдени ошағына айналған. Аллеядағы тарихи ескерткішпен танысып, бір сәт серуендесеңіз, тынысыңыз ашылады. Адалдық пен ерен еңбектің аппақ аспанына қалықтап кетесіз…

Қарағанды көмірі туралы әңгіме қозғалса, міндетті түрде Түсіп Күзембаевтың есімі аталады. Өйткені, ол – өзінің ұшқыр қиялы, ұйымдастырушылық қабілеті һәм қайтпас, қажырлы еңбегімен ел есінде аңыз болып қалған тұғырлы тұлға.

1982 жылдың 20 ақпанында оның есімімен Қарағанды көмір бассейнінің байырғы шахталарының бірі (бұрынғы «Михайловская») атала бастады. Ал, 1998 жылы бұл шахта «КСРО-ның 50 жылдығы» шахтасымен біріктіріліп, оған Түсіп Күзембаевтың есімі берілді. Қазір шахтаның фойесінде сұр мәрмәрден жасалған Түсіп Күзембаевтың бейнесі тұр.

Қарағанды көмірін өндіруде еңбегі сіңген мыңдаған кеншінің арасынан Корней Горбачев, Иван Костенко және Түсіп Күзембаев сынды алыптар осындай жоғары құрметке ие.

ЕҢБЕКТЕН – ЕРЛІККЕ

Ол киелі Қарқаралыда туған. Балалық шағы жазда – жайлауда, қыста – қыстауда өтіп, нағыз көшпелі өмірді көріп өскен. Жылқыны жанындай жақсы көрген, өзінің сүйікті жүйрігі де болыпты. Арқаның сайын даласында жүйрігімен жүйткігенде өзін құс сияқты еркін сезінеді екен.

Жас кезінен қара жұмысқа пісіп өскен кейіпкеріміз алғаш 18 жасында шахтаға түсіп, ел қатарлы еңбек етеді, тәжірибе жинақтайды. Кейін, бір себептермен еліне қайтыпты. Бірақ, басында бірнеше үйден ғана құралған Қарағандының Қарқаралыдан да асып, өсетінін, тәжірибелі шахтерлерге өте мұқтаждығын естігенде, бірден Қарағандыда бұрынғы ағылшын кен орны жанында салынған №1 шахтаға оралады. Басында забойшы, 1933 жылдан забойшылар бригадирі болып істеді. Ол өте талаптылығымен көзге бірден түсіп, бригадасы Қарағандыдағы үздіктер қатарында болады. 1935 жылдың 30-31 тамызына қараған түні забойшы Алексей Стаханов «Центральная-Ирмино» шахтасында бір ауысымда 102 тонна көмір ұсақтап, нормадан 14 есе асырады. Оның даңқы республиканы шарлап, елдің барлық көмірлі аймақтарында ізбасарлар бой көрсете бастаған.

Осы тұста Т.Күзембаев басқарған бригада (құрамында 6 адам) әр забойшыға тәулігіне мөлшер бойынша 11 вагон-арба орнына 220 вагон-арба көмір өндіріп, республикада рекорд жасайды. Жанқиярлық енбегімен көмір өндіруде үздік табыстарға жетеді. Оған 1948 жылы әкімшілік қызметтің 1-дәрежелі кен директоры атағы жайдан-жай берілмесе керек?.. 3 мәрте Ленин орденімен, 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Шахтерлер арасында «Т.Күзембаев» атындағы арнайы жүлде де бар. Басқа да марапаттары мол.

1935 жылдары Қарағанды шахталарында 200-ге жуық осындай бригада жұмыс істеген. Тегеурінді еңбектің арқасында Қарағанды көмір өндіруден КСРО-да алғашқы орында болғанын ел біледі. Міне, сондай жетістікке жетуде Т.Күзембаев өлшеусіз үлес қосты.

Қарағандының алғашқы стахановшысы ретінде Т.Күзембаевтың ауыр өнеркәсіп халық комиссары С.Орджоникидзе жанындағы Кеңес құрамына енгізілуі – сөзімізге дәлел. Ол ауқымды жиналыстарда қысқа және нақты сөз сөйлейтін болған. Өтініштері мен ұсыныстары әрдайым бірден орындалады екен.

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА

Көмір өндіру жетік білген ол 1937 жылы №1 шахтаның басшысы болып тағайындалады. Өз қарамағындағы жұмыскерлермен жылдам тіл табыса алатын қасиеті де болыпты. Оны әріптестерінен бөлек бүкіл ел жақсы көріп, сыйлағаны белгілі. Бірақ, орыс тіліне сәл шорқақтау екен. Орыс тілі мен тау-кен ісі бойынша техникалық білімін арттыруда оған тәжірибелі тау-кен инженері В.Склепчук көмектескен. В.Склепчук бір естелігінде былай деп еске алады: «Түсіпте далалық дархан мінез болды. Жүрегі кең, өте жомарт, аңқылдақ, сенгіш еді. Алайда, бұл сенімді өзі пайдасына шешіп кеткендер де бар-тын. Бірде оған қарамағындағы жақындары келіп, бір нәрсе сұрап, қағазға қол қойғызып алады. Біраздан соң, өзінің сүйікті жүйрігінің жоқ екенін біледі. Сөйтсе, өзі қол қойып берген қағаз сол жылқыны сұрап келген құжат екен. Оған бұл жоғалту қатты батты. Дәрменсіздіктен, ашуына әзіл араластырып, «Бұған Склепчук кінәлі. Өйткені, ол маған орысша құжат толтыруды нашар үйретті» – деген екен.

Осыдан-ақ, оның бірегей тұлғалық болмысын, айтқыштығын көреміз.

ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ

Ол басқарған №1 шахта екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ең үздіктердің бірі болған. 1937 жылы онда 331 мың тонна көмір өндірілсе, 1941 жылы – 428 мың тоннаға жетіп, 1,3 есе өсіпті. 1941 жылдың қазанында шахта ұжымы жылдық жоспарды мерзімінен 2 ай бұрын орындаған.

1942 жылы Түсіп Күзембаев жаңа шахтаның бастығы болып тағайындалған соң, кеншілер бірінші жылы 60 мың тонна көмір өндірсе, 1945 жылы – 173 мың, ал 1948 жылы – 260 мың тонна көмір қазған.

1948 жылы 28 тамызда еліміздің барлық кеншілері өздерінің кәсіби мерекесі – Шахтер күнін салтанатты түрде тойлағанда үздік 150 кенші ең жоғары марапатқа ие болды. Оларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Қарағанды көмір бассейнінің он өкілінің ішінде №44-45 шахтасының басшысы Түсіп Күзембаев та болады. Бұл шахта ұжымы 1946 және 1947 жылдары ондаған мың тонна жоспардан тыс көмір өндірген.

Бірақ, оның басты марапаты – халықтың өзіне деген шексіз махаббаты еді. Ол көмек сұрап келген адамдардың меселін қайтармай, қол ұшын беретін азаматтығынан таймаған. Әр шөптің иісі оған балалық шағын еске түсіріп, дала желінің шуылы оның ең жақсы музыкасы болған екен. Таза қымыз ішіп, даланың саф ауасымен дем алуды ұнатқан. Осылай ғұмыр кешкен Түсіп Күзембаев 1958 жылы соңына өшпес өнегелі өмірі мен аңыз қалдырып, фәниден бақиға аттанады. Бүкіл Қарағанды жұрты жарты ғасыр бойы елдің аңызы мен символына айналған тау тұлғаны соңғы сапарға шығарып салады.

БҮГІНГІ «Т.КҮЗЕМБАЕВ» ШАХТАСЫ

Бүгінде Күзембаев шахтасында 1300-ден астам адам жұмыс істейді. Олар 2020 жылға 1 миллион тонна көмір өндіру жоспарлаған екен. Әрине, мұндай жетістіктерге заманауи техниканың арқасында қол жетіп отыр. Тәулігіне шамамен 4 мың тонна көмір өндіреді.

Ал, шахтердің 900-ден астамы жер астында көмір өндіреді.

Олар күн сайын небары 3 минутта шамамен 660 метр тереңдікке түсіп, күн көрмей, тер төгеді. Шахта барлық заманауи қажетті жабдықтармен қамтылған.

ТҮЙІН

Қазір «Күзембаев аллеясы» орналасқан көшеге апаратын Майқұдықтың күрежолы сапалы жөндеуден өтуде.

Шыны керек, Қарағанды көмір өндірісін биікке көтерген Түсіп Күзембаевты кей жастар білмейді. Осы аллея шаңырақ көтерген жас жұбайлар келіп, тәу етуіне тұрарлық бірден-бір қасиетті орын дер едік. Мектеп оқушылары мен студенттерді де саяхатқа әкеліп тұруға әбден болады.

Маған бұл аллеяға күз ерте келетін секілді көрінеді, ылғи…

Болашақта «Күзембаев аллеясында» жылдың төрт мезгілінде көктем салтанат құрып тұрарына күмән жоқ. Оны сол маңнан өткенде аллеяға көз қиығыңызды тастасаңыз тылсым рух құдіретін Сіз де сезесіз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button