Абай аллеясы

Шыңыраудың шаңын қағып, қатпар-қатпар кен жүлгесін еңбек дүбіріне бөлеген кеншілер қаласында, абыз Абай атындағы келісті кең көшенің бойында осындай салтанатты саяжол ашылыпты. Бардық. Көрдік. Керемет! Терең талғам мен шынайы кәсіби шеберліктің қолтаңбасы тәнті қылды.

Көз тартар композицияның тура ортасында — Абайдың мүсіні. Авторлары: ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының мүше-корреспонденті Бейбіт Мұстафин мен ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Владимир Тропенко. Абай мүсінінің қос қапталына құстың қос қанатындай жайылған гранит тақтайшаларға Абайдың қырық бес қарасөзінен үзінді жазылған. Ұзындығы — 270, ені 6 метрлік саяжолдың өн бойына орналасқан ұлттық нақыштағы әртүрлі архитектуралық бейне еріксіз сүйсіндіреді. Тіпті, самсаған шырағданмен қапталдасқан орындықтың өзі жасанды жасыл желекпен көмкерілген. Жағалай тал-шыбық егілген.

Бұл — біз үшін мәдени-тарихи маңызы бар елеулі оқиға. Абай есімі ұлты мен діни наным-сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандық үшін ардақты екені анық. Қаныш атындағы қаланың тұрғындары солай қабылдады. Қазақстандықтар түгілі әлем солай қастерлейтінін көріп отырмыз. Жалқы мысал: таяуда ғана түбі бір түркінің қаласы Анталияда Абай атындағы саябақтың ашылуы.

Жалғыз бұл мысалмен шектелсем, шынында жалқы болып қалар. Одан да әңгімені әріден қозғайын. Танымал американдық жазушы Джордж Кеннан абыз Абаймен жолыққасын мынандай жазба қалдырыпты: «Мен білемін… Ибрагим Құнанбаев кітапханаға жай барып қана қоймайды, Милль, Бокль и Дрепер сияқты авторларды да оқиды… Ол ағылшындық философтарды байыппен оқиды». Шынтуайтында, біз мынау өмірді оның өміршең шығармасымен өлшейміз.

Қазір қоғам қиын кезеңді бастан өткеруде. Мынау індет әлемді әбігерге салды. Бұл дерттің де беті қайтар. Жарқын келешекке деген сенім мен әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да жеңерміз. Абайға жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық». Жүрек көзі ашылған адамзат баласы жақсылықтан еш уақытта үміт үзбейтіні хақ. Абайдың сөзі мен ойы біздің күнделікті тірлікте нақты көрініс табатынына кәміл сенемін! Ұлы ойшылдың мұрасы – елдің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық, – дейді кеншілер қаласының басшысы Асқар Ыдырысов.

Суреттерді түсірген автор.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.