Руханият

Жүсіпбек театры жасөспірімдерді қуантты

Қазақ театрларындағы бір олқылық – жасөспірімдерге арналған қойылымдардың аздығы. Жалпы, біздің елде сахна өнерінде ғана емес, 10-16 жас аралығындағы өскелең ұрпаққа арналған телеөнім де тапшы… Қарағанды қаласына гастрольдік сапармен келген Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныпты. Екі күндік сапар барысында сахна шеберлері арқа көрермендеріне Н.ТҰРЛЫБЕКТІҢ режиссерлігімен «Есіңе мені алғайсың» поэтикалық драмасын, Қ.ЖҮНІСОВТІҢ мектеп оқушыларына арналған «Алғашқы махаббат» комедиясын, И.МИЧЧИДІҢ «SIMBA» («Арыстан патша» мультфильмінің желісі бойынша) ертегісін ұсынды.

Қай көрермен болса да, сахнадан өміріне қатысты, жасына сай, өзіне жақын тақырыпта сөз қозғалғанын жөн санайды. «Алғашқы махаббат» комедиясын көруге жиналған көрерменнің ықыласына қарап бұл ойымыздың дұрыс екеніне көз жеткіздік.

Мектеп қабырғасынан әне-міне қанат қаққалы отырған бозбалалар мен бойжеткендердің сезімі мен іс-әрекеті риясыз әрі балаң. Қылықтарын құп көрмесеңіз де балалыққа балап, кешіріммен қарайсыз, өзіңіздің жасөспірім шағыңыз көз алдыңызға келеді. Зал толы жасөспірімдер, студенттер, мектеп оқушыларын бастап келген мұғалімдер. Олардың комедиядан алған әсері жанарынан сезіледі. Қойылымды мұқият тамашалап отырған көрермендердің спектакльдегі кешқұрым шырқалған лирикалық әнге қосылып қана қоймай, телефон жарығын қосып, әннің ырғағымен тербелгендері де сондай шынайы әрі жарасымды. Спектакльдің атмосферасын анық сезініп, лирикалық әнге еліткенін нақты айқындап тұр. Бұл – «театр мәдениетін қатаң сақтау керек» деген бізде қалыптасқан қасаң қағидаға сай келмегенімен қазіргі жас буынның еркіндігін паш етер тосын құбылыс. Әрі шетел театрларында қойылым басталмас бұрын «Спектакль ұнамаса шығып кетуге рұқсат» деген хабарландыру айтылатынын ескерсек, біздің елде де театр өнеріне деген жаңа көзқарастың қалыптаса бастағанын аңғартады. Өзі қатарлы кейіпкерлер жайында жас көрермен пікірін білдік.

Нұршат ЖҰМАНОВА, №65 мектептің 10 «а» сынып оқушысы:

«Бұл спектакльде тек оқу жайлы ғана емес, махаббат жайлы, достық туралы баяндалады. Достардың бір-бірі үшін ештеңеден аянып қалмайтынын көрсетті. Осы қойылымдағы достық та, алғашқы махаббат та, сотқарлық та мектепте бар. Әр оқушының образын жақсы көрсетті. Ауылдағы кішкентай ғана мектептегі оқушылардың өте ұйымшыл екенін көрсетті. Өте жақсы әсерге бөлендім. Ең қатты ұнаған кейіпкер – бас кейіпкер Қанат. Ол бір жағынан ұяң, ұялшақ, дегенмен жүрегі өте нәзік жігіт».

Зәмзәгүл ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ, Ж.Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп мұғалімі:

«Алғашқы махаббат» – комедиялық қойылым. Бұл – қызығы мен мұңы араласқан албырт кезеңдегі аяулы сезім еді. 11-сыныптың білім алушысы Қанаттың алғашқы махаббаты. Албырттық па, ақымақтық па? Меніңше, екеуі де емес, ол бозбаланың жүрегін тебіренткен ең алғашқы риясыз, балаң әрі аяулы сезімі. Комедия көрермендерді өзіне баурап алды, ондағы әзілдер өте жарасымды, бейкүнә. Қазіргі мектеп партасындағы оқушылар бұл спектакльді көріп өз басынан кешкен сезімге толы сәттерді еске алды деп ойлаймын. Кейіпкерлердің жүрегі таза, шынайы.

18 жасымнан театрдың тұрақты көрерменімін. Жас кезімізде көбіне махаббат туралы қойылымдарға баратынмын. Ал, бүгін жасөспірімдерге арналған, мектеп оқушыларын кейіпкер етіп алған спектакльді алғаш көруім. Мұғалім ретінде оқушылардың жанына жақын спектакльдердің көбейгенін қалар едім».

Арқаға келіп өнер көрсеткен Павлодар театрының ең алғашқы қойылымы 1990 жылы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтың сахналауымен М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылған.

Назым ДҮТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button