Брифинг

Халық табысы қалай артады?

Президент тапсырмасына орай Үкімет 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын әзірлеген болатын. Қарағанды облысында бұл жоба қалай жүзеге асатыны туралы облыстық басқарма басшылары Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте айтып берді.

 

Бағдарламаның нақты шарттарына облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева тоқталды.

– Басты бағыттардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру, бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы, еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды күшейту, халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру осы бағдарламада қамтылған.

Бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталса, ал, жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған, – деді Татьяна Аблаева.

Бұл бағдарлама 48 шарадан тұрады. Бағдарламаға сәйкес биыл медицина қызметкерлері, мектепке дейінгі және орта білім беретін педагогтардың, спорт және мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 20,30 пайызға өсті. Жаңа жұмыстарды ашуға арналған бағытта жастарды жұмысқа тұрғызу көзделген. Жастар практикасы 9 мың 207 адамды қамтып, 755 грант берілмек. Ауыл шаруашылығын дамытуда Жамбыл облысының тәжірибесін пайдалану тетігі іске қосылады. Бұл 2023 жылы қолға алынбақ. Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шаралар жастарды жұмысқа орналастыру бойынша «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобаларын, сондай-ақ, осал топқа жататын жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін іске асыруды қамтиды.

Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде кредиттер/микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.

Келесі жылдан бастап, өңірде «Қарағанды облысының ауылдық округтері тұрғындарының табысын ауқымды және тиімді арттыру» пилоттық жобасын іске қосу жоспарлануда. Ол жеке қосалқы шаруашылықтарға жеңілдікпен несие беруді көздейді.

Пилоттық жобаның мақсаты – ауылдағы өмір мен экономика деңгейін көтеру, тұрғындардың табысын арттыру. Кредиттер өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және бизнесті дамытуға берілетін болады.
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Төлебеков мәлім етті.

– 2023 жылға арналған пилоттық жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасында 600 жобаға 3 млрд. теңге қарастырылған. Орта есеппен бір қарыз алушыға – 5 млн. теңгеден.

Дамудың негізгі бағыттары – етті және сүтті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шағын жылыжайлар, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, – деді Әнуар Төлебеков.

Несиелерді «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сенімді агенті береді.

Шағын несие мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Шағын несиенің максималды сомасы – 7,7 млн. теңге, зәкірлі кооперацияны дамыту үшін – 24,5 млн. теңге.

Бұл ретте номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Тағы бір міндетті шарт – қарыз алушыда кепілзаттық қамтамасыз етудің болуы.

Сонымен қатар, облыстық өнеркәсіп және индустиялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша өздеріне тиесілі салаға қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар туралы есеп берді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button