Руханият

Шахановты шақырып, «сөгіс» алдым

Шахановты шақырып, «сөгіс» алдым

(Қаз-қалпында)

«Мұхтар Шахановтың шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның  Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Екінші шілде ақынның туған күні. Осыдан 41 жыл бұрын, 1981 жылдың Наурыз айында атақты ақын Мұхтар Шаханов Қарағандыға алғаш рет келген еді. Сол жолы әуежайдан күтіп алуға көлік таппай қатты қиналғаным әлі есімнен шығар емес. Ол кезде облыстық телерадио комитетінде редактор болып, жастардың тіршілік-тынысын, күнделікті өмірі мен болмысын жан-жақты қамтитын «Жас қанат» хабарын жүргіземін. Ара-тұра әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көрнекті өкілдері де жастар редакциясының қонағы болатын. Бір күні телеарна төрағасы Степан Путиевке барып, кезекті хабарға ақын М. Шахановты Алматыдан шақырып, жастармен шығармашылық кездесу кешін өткізсем деген өтініш білдірдім. Ол қарсы болған жоқ.

Өйткені, жыл басында өткен республика комсомолдарының кезекті съезінде жастардың рухани жандүниесін байытуға, Отаншылдық сезімін қалыптастыруға баса көңіл бөлінді. Насихат жұмыстарын көбірек жүргізу керектігі айтылды. Осы тұрғыдан келгенде Мұхаңды шақырудың қисыны келіп-ақ тұр. Оның үстіне М.Шаханов сол кезде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде шығармашылық жастар бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқаратын еді. Әрі Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты. Есімі әлемге танымалы ақын. Сонымен, менің ұсынысым басшылар тарапынан қолдау тауып, ресми шақыру қағазы жіберілді. Көп кешікпей Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі Биғали Каюповтан хат келді.

1981 жылдың 18 март күні Қарағандыда ауа-райы салқын болып тұрды. Жер-Ана әлі ақ көрпесінен арыла қоймаған. Алматыда көктем. Мұхаң мінген ұшақ әуежайға уақытында қонды. Бірақ, мен 50 минут кешігіп жеттім де, өз «миссиямды» ойдағыдай орындай алмадым. Сәрсенбінің сәтті күні мен үшін сәтсіз болды. Сценарий бойынша Мұхаңды облыстық комсомол комитетінің ақ «Волгасымен» қарсы алуымыз керек еді. Өкінішке орай әлгі «темір тұлпарды» әлде біреулер тізгіндеп кетіпті. Ол кезде көлік дегеніңіз тапшы. Содан телестудияға келіп, жібі түзу көлік іздейін. Асыққанда табыла қояма, әйтеуір алыс ауданнан іс-сапардан келген әріптесімнің көлігіне ие болдым.

Жүрген сайын жанармайдың жағымсыз иісі қолқаңды қабатын УАЗ-иктің жүрісі де өнбей қойды. Келсем Мұхаң жеңіл киінген екен, сәлем беріп қолын алдым, тоңып қалыпты. Амандықтан соң, ананы-мынаны айтып ақтала бастадым. Бір жақсысы сол жерде ақынның келер уақытын күн ілгері біліп алған ҚарМУ-дың студенттері менің орнымды жоқтатпағанына қуандым. Тіпті, сүйікті ақынға бір құшақ гүл сыйлапты!

Өкпе-бауыры сырылдап, түтіндеп тұрған УАЗ-иктің есігін ашып жатып; – Аға, айыпқа бұйырмаңыз, жағдай осылай болып қалды. Дегенмен, жас кезіңізде сіз мінген «трактордан» (Мұхаң, алғашқы еңбек жолын механизаторлықтан бастаған) сәл де болса жұмсақтау ғой! – дедім. Мұхаң бір күлді де, алдындағы жайсыздау орындыққа жайғаса кетті. Арнайы шақырып алған ақын ағамызды сыртқы жамылғысы шұрық-тесік цыгандардың арбасындай шоқаңдаған көлікпен алып келе жатқаныма іштей ұялып отырмын…

Көп кешікпей Қарағанды қаласындағы ең зәулім «Қазақстан» қонақ үйіне атбасын тіредік. Келе сала орын мәселесін шешуге кіріскенде, тағы бір «қырсыздық» алдымыздан көлденең шықты. Әкімшілік басшысына барсақ, орын жоқ дейді. Біз айтамыз: Обком комсомолдың «броні» болуға тиіс, сондағы басшылар бізге «орын дайын» деген, – деп жеңістік бермейміз.

Шолпан деген администратор келіншек алдындағы қағаздарын ары-бері парақтап, «Тапсырыс түспеген, орын жоқ!» – деп алақанын жаяды. Біз болсақ қайта-қайта жалынып, құрметті қонағымыздың атақ-даңқын алдымызға тартып, «ұят болды!, көмектесіңізші?» – деп өтінеміз. Тіпті, болмаған соң, үстеме ақшаның ұшын да көрсетіп, Мұхаңның төлқұжатын қайта ұсындық. Өзгеріс жоқ! Сөйтіп жүргенімізде сағат кешкі 8 болды. Обком комсомолға хабарлассақ, жауапты басшысымақтар жұмыстан кетіп қалған, үй телефонын сұрасақ бермейді. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Әбден басымыз қатты!..

Мұхаң болса қонақ үйдің кіре берісіндегі дәлізде бірге келген студент-жастармен әңгімелесіп, ара-тұра «бұлар неге кешікті?» дегендей бізге қарап қояды. Шіркін, жаны –жайсаң студенттердің орны бөлек қой!… Аэропортта қалғандары біздің соңымыздан біртіндеп келіп жатыр. Олар ақын ағаны тағы да ортаға алды.

Осы кезде «Өлмегенге өлі балық жолығады» дегендей, өзіммен бірге жұмыс істейтін әріптесім Насырхан Әуезов (2013 жылдың 17 қарашасы күні Шымкентте қайтыс болған, тележурналист) күтпеген жерден кездесе кетті! Ол Мұхаңмен амандасып, жанымызға келді. Оған жағдайдың мән-жайын айтып едім, қонақ үйдің директоры Ібіжан Рахымжановты жақсы таниды екен. Дереу үйіне телефон соғып, күрмеуі қиын күрделі мәселені әп-сәтте шешіп берді. Қуанып кеттік!

Қонақ үйдегі жайлы орынның төлемақысына келгенде «ақшамыз» жетер емес. Ұят болса да Мұхаңа барып, қалтасындағы «рубліне» ортақтастық. «Мұхтар Шахановтың жатақ орны, тамағы және жүріп-тұру төлемақысын өзіміз шештік, оған қам жемеңіздер!» деп уәде берген обком комсомолдағы басшылардың сөзіне құдайдай сенген біздер, қинала жүріп осылай мәртебелі мейманның өзінен 25 сомдық рублін сұрап алып, жайлы бөлмеге жайғастырдық-ау! Содан соң, сол бөлмеде дастархан жайылды. Дастархан деген аты болмаса студенттер де басы-артық ақша қайдан болсын?! Қалтамызды қағып жүріп, әйтеуір ас мәзірін жасадық. Қолымыз әрең жеткен ағамызды әңгімеге тартып, әдебиет жайлы сырласып, біраз туындысын тыңдадық. Өлең десе өре түрегелетін студенттер Шахановтың шаршап, тоңып келгенін елер емес. Түннің бір уақытына дейін бірге болды.

Келесі күні қонақ үйдің буфетінен оразамызды ашып, Мұхаң екеуміз телестудияға жаяу тарттық. Жол үстінде алдағы жоспарлы істің жай-жапсарын сұрап білді. Мен оған: бүгін телестудияда запись болатынын, кешке менің үйімнен тамақ ішетінін, ертеңіне ҚарМУ-де студенттермен кездесу болатынын, одан соң, Алматыға шығарып салатынымды айттым.

Байқаймын, шыр-пыр болып, жүгіріп жүргеніңе қарағанда басшыларың бар ауыртпалықты саған артып қойған сияқты! – деді Мұхаң. Мен басымды изеп, бұл салада тәжірибемнің аздығын, күні кеше ғана КарМУ-ды бітіріп, журналистиканың «тізгінін» енді ұстай бастағанымды есіне салдым.

Бауырым, менің ой-жоспарым басқашалау! – деді бір кезде Мұхаң. Қарағанды қаласына алғаш рет аяқ басып отырмын. Арқа жері – аруақты! Сарыарқада небір саңлақтар мен ұлы тұлғалардың ізі жатыр. Кешегі Мәди мен Тәттімбеттің әні мен күйін тыңдап, Қаздауысты Қазыбектің елін-жерін аралап, Қазақстанның Швейцариясына айналған Қарқаралының ну орманды тауларына шығып, осындағы аңызға айналған «Шайтанкөлін» көрсем, атақты Қоянды жәрмеңкесінің орында болып, Құнанбай қажы салдырған мешітке «мінәжат» етсем! – деп келдім. Бұл сенің екі күніңе сыя қоярма екен?!…

Е…е…мұныңыз дұрыс екен! – деп айтуын айттым да, сәл күмілжіп қалдым. Осылайша өрбіген сұрақ-жауап сұхбаттың соңына нүкте қойып үлгергенше телестудияға да келіп қалыппыз.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, ардақты ақынды бас редактордың бөлмесіне алып бара жатыр едім, – Жоқ!.. Мен сенің кабинетіңде боламын! – деп жолай басшы бөлмесіне бас сұқпады. Байқаймын, көңілінде басшыға деген азды-көпті назы бар сияқты. Мен отыратын қуықтай бөлменің табалдырығын бірге аттадық. Ескілеу әрі «жайсыздау» орындықтың біріне жайғастыра бергенім сол еді, бас редакторымыз, белгілі жазушы Өтен Ахметов кіріп келді. Амандық-саулықтан соң, аз кем әңгімелесіп, іс-жоспар ортаға салынды. Бастығым баяғы мен айтқан «бағдарламаны» ақынға айна қатесіз жеткізді.

Бір кезде мәртебелі мейманымыз Жезқазғандық Жәлел Қалмағанбетовтың осында қызмет ауыстырып келгенін айтып, қазір қайда істейтінін сұрап білді. Ол кезде Жәлел Шұбайұлы Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болатын. Мұхаң дереу Қалмағанбетовтің қабылдау бөлмесіне телефон соғып, өзінің телестудияда отырғанын хабардар етті. Облыс басшысымен болған арадағы қысқа қайырым әңгімеден «…обкомға келуін, өзіне арнайы автокөлік жіберетінін» естіп білдік.

Өтеке, хабардың жазылуына әлі 1-2 сағаттай уақыт бар екен ғой! Бірге жүріңіз, ақ үйге барып Жәкеңе сәлем беріп шығайық! – деп екеуі орнынан тұрды. Біз студиядағы бағдарламаның дайындық жұмыстарын пысықтауға кірістік. Арада сүт пісірім уақыт өткенде, құрметті қонағымыз қайтып келді.

Әли, мәселе Мұхаңның ойлағанындай болып шешілді! – деді Өтекең. Иә, ол кезде Коммунистік партияның құдіреті күшті! Обком хатшысының бір ауыз сөзі – бар мәселені бір сәтте шешіп тастайтын. Мұхаңның о баста Алматыдан ойлап келген арман-мақсаты сол жерде оң шешімін тауыпты. Ж.Қалмағанбетов Қарқаралы мен Егіндібұлақ аудандарының бірінші хатшылары (қазіргі үрдіспен айтқанда «әкімдері») Махмет Бекшин мен Шалабай Қуанышовқа Шахановты дұрыстап күтіп, ел-жұртты аралатып, кездесулер өткізу туралы телефонмен нақты тапсырмалар берген көрінеді. Қарағандыдан 200-300 шақырым жердегі аудандарды аралап, Алматыға қайтқанша қызмет бабындағы сүліктей қара «Волгасын» пайдалануға бергеніне қуанып кеттім. Телевидениеде ондай жайлы көлік қайдан болсын!

Сол күні студияда облыс жастарымен ақын кездесуі өткізіліп, шығармашылық еңбек жолы жайлы есте қаларлықтай әдемі хабар жазылды. Әдебиет жайлы орамды ойлар ортаға салынып, қазақ поэзиясының бүгіні мен ертеңі туралы сан алуан сұрақтарға жауап берілді. Сол кездегі студенттер: Болат Асанов (бүгінгі Қарқаралық ұлағатты ұстаз-ақын), Нариман Нұрпейісов (Шымкенттік профессор) тамаша сұрақтар қоя білді. Кездесу кешінде жастардың рухани жандүиесін жаңғыртуда ұлттық үрдісіміз бен салт-дәстүріміздің орны ерекше екені айтылды. Ол кезде Наурыз мерекесі аталып өтпейтін. Бұл жөнінде студенттер Шапағат Жалмаханов (Қазір филология ғылымдарының докторы, профессор), Төлеубай Ермекбаев (қазіргі мемлекеттік қызметкер, белгілі ақын, «Орталық Қазақстан» газетінің бұрынғы Бас редакторы) өздерінің өзекті сұрақтарына студия қонағынан тұщымды жауаптар алды. Шыны керек, жыл сайын (1986 жылдан бері) республика көлемінде ұлттық мереке ретінде аталатын Наурыз тойының қайта дүниеге келуіне Мұхаң өлшеусіз үлес қосты. Сындарлы сұхбат барысында ақын өлеңдері оқылды. Соңынан, Мұхтар Шахановты ортаға алып, бәріміз суретке түстік.

Алматыдан келген арқалы ақынды кешке қазақи дәстүрмен дастарханымнан дәм татсын деп үйге шақырдым. Қаланың жағдайы белгілі. Қонаққа арнап аяқ астынан соятын дайын «қойым» жоқ… Бір жағынан қалтам да көтермейді. Жасыратыны жоқ ол кезде дүкендерде қойдың үйітілген, дайын басы толып тұратын. Бағасы да қымбат емес, бар болғаны 60 тиын! Соның біреуін сатып алдық та, қасына шамалы ет қосып, келіншегім қазанға салды. Ас піскенше алуан тақырыптың аясында әңгіме қозғап, Мұхаң мен Өтекең біраз мәселенің басын қайырды. Бір кезде бастығым: – Мұха, әлгі обком хатшысы Жәлел Қалмағанбетовті қайдан білесіз? – демесі бар ма. Сөйтсек, оның сыры мынада екен:

Біраз жыл бұрын Алматыдағы Республика сарайында М.Шахановтың авторлық кеші болған көрінеді. Оған талантты тұлғаның поэзиясын ерекше қадірлейтін халық көп жиналыпты. Сарайда бос орын болмаған соң, кешігіп келгендерді кезекші жігіттер есіктен кіргізбей қойса керек. Сол жолы Жезқазғаннан арнайы келген облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Ж.Қалмағанбетов ақын кешіне кіре алмай «сыртта» қалған. Амалсыздан, жағдайдың мән-жайын айтып, сиыр тіліндей қағазды әлдебіреулерден Мұхаңа беріп жібереді ғой.

Өтінішіне оң жауап келген соң, Жәкең сарайдағы алдыңғы орындықтардың біріне жайғасады. Жыр кешінен кейін Шахановқа алғысын айтып, Жезқазғанға келсең «қонақ бол» деп телефонын қалдырыпты. Екі-үш жылдан соң Жезқазған облысы тарап, Жәкең Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ауысады.

Тағдырдың жазуы шығар, біз Жәлел Шұбайұлымен Жезқазғанда емес, бүгін Қарағандыда кездестік емес пе?! Алматыда өткен шығармашылық кешіме дейін ол кісіні көргенім жоқ. Әдебиет пен өнер десе ықыласы ерекше, тектінің тұяғы екенін сырттай естуші едім. Бізді таныстырған, әрі табыстырған поэзия ғой! – деп әңгімесін аяқтады.

Ет жеп, шай ішіліп болған соң, Мұхаңа «Сенім патшалығы» кітабын ұсынып, қолтаңба қалдыруын өтіндім. Қоштасып жатып, қолымдағы кітапқа былай деп жазып берді:

Менің інім – Тойжігітов Әлиді,

Қазір бүкіл Қарағанды таниды.

Ұшқыр уақыт жақындатсын алысын,

Ертең оны байтақ Отан танысын!

Әумин!

Ағаң – Мұхтар Шаханов, 19 наурыз 1981 жыл.

Қонақтарды есік алдында тосып тұрған обком хатшысының Волгасына мінгізіп, жұбайым Мүслима екеуміз құрметпен шығарып салдық.

Біз ырымшыл халықпыз ғой! Баяғыда Шыңғыс Айтматов үйіне келген Мұхтар Әуезовтің отырған орнына ұлын бір аунатып алған екен. Шаңырағымызға қайтып кірген соң, жұбайым сол дәстүрмен бес жасар ұлым Еркебұланды ақын ағамыздың орнына бір домалатып, табағынан дәм татырды. Балам көпке дейін Мұхаңның орнында отырды…

Келесі күні таңертең М.Шаханов пен Ө.Ахметов Қарқаралы, Егіндібұлақ аудандарына жүріп кетті. Өкінішке орай Мұхаң ол жақта көп бөгелмей, екі-үш күннен кейін Қарағандыға қайтып оралды. Бір ай бұрын ауруханадағы сырқаты сыр беріп, Арқаның салқын ауа-райынан өзін жайсыз сезінген көрінеді. Сол күні КарМУ-де студенттермен кездесу кешін өткіздік. Кеш 3 сағатқа созылды. Студент жастардың көптігінен акт залында ине шаншар орын болмады. Олардың сан-алуан сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін шабыттана оқыды. Маңдайы мен самайынан моншақтап аққан тер ақынды сырқатынан айықтырып жібергендей болды. Өзі де кездесуге көңілі толып, риза болды. Түстен кейін кездесу облыстық комсомол комитетінде жалғасты. Бас қосуға басшысы мен қосшысы жиналды. Үлкен залдың ішінде тауыққа шашқан тарыдай болып, қазақ тілін түсінбейтін жиырма шақты қызметкер отырды. Шаханов болса шағын кіріспеден соң, өлеңдерінен үзінді оқыды.

Тыңдаушысы жоқ, қор болған қайран өлеңдерім-ай! – деді кездесуден кейін күрсініп тұрып, Мұхаң.

Келесі күні алыстан арнайы шақырып алған қонағымызды әуежайдан Алматыға шығарып салдық.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталады…» – демекші, менің «сөгіс» алуымның әлқиссасы Алматыдан басталды. Ол кезде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, қазіргі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов болатын. Қарамағында (шығармашылық жастар бөлімінің жетекшісі) қызметінде істейтін Мұхаңнан Қарағанды сапары қалай өткенін сұрайды ғой. Ағамыз жағдайды боямасыз айтып, обком хатшысы Ж.Қалмағанбетов көп көмектескенін, ал облыстық комсомол комитеті тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінбегенін, олардың немқұрайлығынан менің «ұятқа» қалғанымды жеткізіпті.

Мұхаңның көңілсіздеу әңгімесін естіген Қуаныш Сұлтанов, сол мезетте Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қайрат Аманбаевқа телефон соғып, реніш білдіреді. Тіпті, М.Шаханов Қарағандыға жол жүрер алдында өзі арнайы «ескертіп», оны дұрыстап күту керектігі туралы тапсырмасының орындалмағанына таңданыс… танытыпты.

Осы жайсыз хабардан соң, Қ.Аманбаев ізін суытпай (ашуға басып) Қарағанды облыстық телевидениесінің бастығы С.Путиевке звондайды ғой. «…Осындайда, осындай.., сіздерде жұмыс істейтін Әли Тойжігітов деген редактор қайдағы бір Мұхтар Шаханов деген ақынды студияға шақырған көрінеді. Бізбен неге келіспедіңіздер?! Неге дұрыстап күтпедіңіздер?! Мен сол үшін «бастығымнан» таяқ жедім. Ендеше, облыстық партия комитетінің «бюро мүшесі» ретінде сізге қатты ескерту жасаймын! Ал, ана журналистке қатаң шара қолданыңыз!» – депті. Әрине, мұнысы «таз ашуын тырнадан аладының» кебі болса керек. Басында Қ.Аманбаев М.Шахановқа қатысты мәселенің орындалуын өзінің орынбасары Алшын Шалабаевқа, ол бөлім меңгерушісі Берік Сайлауұлына тапсырған екен. Жауапты азаматтар оны жүре тыңдап, жұмыс барысында ұмытып кетсе керек. Сөйтіп Шалабаевтың шалалығынан ең соңында мен таяқ жедім.

Ол кезде партияның «саясибюро мүшесі» болған азаматтың билік құзыры кез-келген мекеме басшысына жүретін. Оның айтқан ескертпесі міндетті түрде орындалуы тиіс. Бұл талаптан қалай қашып құтыларын білмеген телеарна төрағасы мені кабинетіне шақырып, түсініктеме алды.

Жағдайдың мән-жайын түсініп отырмын. Бірақ, бұл мәселе сіздің келісіміңізбен шешілген! – дедім де, бастыққа бұдан бір ай бұрын өзі қол қойған, облыстық комсомол комитеті келісімін берген, М.Шахановты телестудияға шақыру туралы бірлескен ресми қағаздың «көшірмесін» көрсеттім. Сәл үнсіздіктен соң, бәрібір ол маған шара қолданатынын айтты.

Екі күннен кейін осы «іскерлігім» үшін бастығымнан қатаң «сөгіс» алдым… Осылайша, аяқ астынан жазықсыздан «кінәлі» болдым. Бұл – моральдық жағынан сол кезде маған қатты соққы болып тиді. Ол аздай-ақ алты ай жұмыс істеп жүріп, сыйақы мен көтерме жалақыдан қағылдым.

Міне, содан бері қаншама жылдар өтті. Қазір, мемлекет және қоғам қайраткері, нағыз ұлт жанашыры, ақиық ақынмен ағалы-інідей араласып, хабарласып тұрамын. Сексен жасында Қазақстаның Еңбек Ері атағымен ұлықталған ұлы ақын үшін, кезінде «сөгіс» алғаныма еш өкінбеймін!

Әли ТОЙЖІГІТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button