Коронавирус

Шектеу шаралары күшейтілмейді

Қазіргі таңда 1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес елімізде 13 707 адам коронавирустан ем алып жатыр. Оның 3 492-сі стационарларда, 10 215 адам амбулаторлық деңгейде. Оның ішінде 967 бала бар. COVID-19 тартпау жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша республикада 770 адамда коронавирус анықталып, барлығы – 133 118 жағдай тіркелген.

Ал, Қарағанды облысында 20 жаңа жағдай тіркеліп, барлығы 11 143 адам болды. Оның 53,3%-да ауру белгілері бар, ал 46,7%-да клиникалық белгілері байқалмаған. Коронавируспен ауырғандар қатары қазан айындағы 0,15%-дан өткен айда 0,23%-ға артты. Сәйкесінше, жаңа жағдайлардың тіркелуі жағынан облыс бойынша да көрсеткіш өсті. Оның ішінде, Теміртау, Абай қалалары мен Ақтоғай ауданындағы көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары. Десе де, жалпы эпидемиологиялық ахуал – тұрақты. Шектеу шараларын күшейту қарастырылмайды. Бұл туралы кеше өткен брифингте мәлім болды.

– Шектеу шаралары облыстың эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыруға септігін тигізді. Аурудың таралу себептеріне жүргізілген эпидемиологиялық зерттеуге сәйкес бетперде режимін сақтамау себебінен вирус жұқтыру көрсеткіші 32,9 пайызды құрады. Науқастардың және олармен байланыста болған адамдардың үй карантині режимін бұзуы 23,7% жағдайда кездеседі. Бұл қауіпсіздік талаптарын орындауда бейқамдықты көрсетеді, – деді облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин.

Оның айтуынша, 16,5% жағдайда ауырған адамдар вирусты жұқтыру себебін жасырады екен. Яғни, отбасындағы жиындар, басқа да көпшілік орындардағы отырыстар себебінен ауру жұқтырғандар үшінші орында. КВИ анықталғандардың 12%-ы көпшілік орындарға бару, әлеуметтік арақашықтықты сақтамау нәтижесінде жұқтырған. 5% науқастар жұмыстағы байланыс арқылы жұқтырса, ауырғандардың 3%-ы вирусты қоғамдық көліктерде жұқтырып алғандығын келтірген.

Сонымен қатар, 1,5% адам жақындары, жолдастары, көршілерімен байланыс нәтижесінде жұқтырып алған. Инфекцияны басқа облыстардан әкелушілер де бар. Олардың қатары 2,5%- ды құрайды.

– Онлайн білім алатын оқушылардың арасында коронавирус инфекциясының артуын ескеріп, ата-аналарды балаларының денсаулығына жауапты болуға шақырамын. Мүмкіндігінше балаларды адам көп шоғырланған жерлерге, сауда үйлеріне, қонаққа алып бармаңыздар, қонақ шақырмаңыздар,– деп ескертті Ю.Залыгин.

Дәрігердің айтуынша, оқу басталғалы оқушылар арасында 109 жағдай тіркелді. Олар офлайн 40 бала, қашықтан оқитын 69 бала. Алғашқы кезде карантинге жабылған Бұқар жырау және Нұра аудандарындағы екі мектеп қазір жұмыс істеп тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев қазіргі кезде тәулігіне жаңа 20-25 жағдай анықталып жүргенін жеткізді.

– Барлығы зертханалық тұрғыда расталды. Облыс көлемінде 10 ПТР зертхана жұмыс істеп тұр. Қазан айында 52 мың зерттеу жасалса, қарашада 70 мыңнан астам тестілеу жасалды.

133 адам инфекциялық стационарда ем алуда. Бұл жалпы орын қуаттылығының 3%-ын ғана алады. Жалпы 5 мың инфекциялық орын бар, – деді Е.Нұрлыбаев.

Басқарма басшысы емдеу мекемелерінің жоспарлы режимге көшкенін де атап өтті.

– Өткен аптада Ерубаев 41/43 мекенжайы бойынша орналасқан облыстық клиникалық аурухананың терапиялық корпусы іске қосылды. Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларының ауруханалары да бұрынғы жұмыс режиміне көшті. Балқаш қаласында заманауи инфекциялық ауруханасын жөндеп жатырмыз. Жақында ол да ашылатын болады, – деді ол.

Болуы мүмкін екінші толқынға дайындық шаралары аясында компьютерлік томография жасайтын кабинеттер қатары артты. Сәтбаев, Жезқазған, Шахтинск пен Балқаш қалаларында да осындай кабинеттер ашылады. Сондықтан, мамандар зерттеудің осы түріне мұқтаждық болмайды деп отыр.

Реанимациялық бөлімдерді жабдықтау жұмыстары да аяқталуда. Орталықтандырылған оттегі беру, ӨЖЖ аппараттарымен жабдықталды. Қазір осындай 400-ге жуық аппарат бар екен. Тағы 200 аппаратты алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ауруханалар мен емханаларда коронавирус науқастарына арналған 3 айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Облыс бюджеті есебінен тағы 2 айға арналған дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Ержан Шәкірұлы 6 мыңнан астам медициналық қызметкердің қажет болған жағдайда инфекциялық стационарларда жұмыс істеуге әзір екендігін де тілге тиек етті.

Жалпы, мамандар қазір облыс «жасыл аймақта» тұрғанымен, санитарлық нормаларды сақтамаса, жағдайдың өзгеріп кетуі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, келе жатқан мерекелер қарсаңында барлық көпшілік шараларға тыйым салынғанын да еске салды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button