Біздің үйдің түтіні (Өмірдеректік әңгіме)

Біз колхоз шаруасында піскен малшының баласы едік. Әкей он сегіз жыл қой шаруашылығының майталманы болған. Зейнетке шыққаннан кейін де бір-екі жылдай кеңшар басшылары қайта-қайта қолқа салып, шопандықтан шығармай қойды. Мен 5-класқа баратын жылы ғана Ақтүбектегі ел ортасына келді. Оған дейін жаз жайлауда, қыс қыстауда әр өңірді бір жағалап, көшіп жүретін. Малдың қамымен жүрген жанның жайы белгілі, бейнеттен көз ашпайтын. Ол кезде балалықтың балғын кезінен шықпаған кезім ғой. Жазда аға-апаларыммен бірге қойдың күзетіне шығып, қозы қайырғаным болмаса, бәлендей көмегім шамалы. Ойын баласы болған соң жазғы жайлаудың қызығына тоймаймыз. Ал, енді қыста шанамен сырғанақ тебетініміз болмаса, басқа қызық аздау. Сол уақыттың қысы да ерекше болатын. Ақтүтек боран соқса, аптаға таяп аптығын әрең басатын. Үлкен адамның белуарына дейін жететін қардың қалыңдығы да керемет. Мұндайда балалар омбылап, аяққа оралғы болмай, көбінесе үйдегі жылы пештің түбінде отырып ойнайды.

Айдалада отырған екі үйдің адамдары сырттан кісі келгенін жақсы көріп, жаңалық естіп бір қауқылдасып қалады. Малшы қыстағына ат ізін салушылар да онша көп емес. Ара-тұра малдың жай-күйін білмекке шаруашылық басшылары келсе, көбінесе иен далада жылқы бағып жүрген жылқышылар, кейде мал іздеуге шығып, жолай тазыларын түлкіге қосатын ауыл адамдары соғады. Қазанға ет салынып, қона жататын қонақ болса балалардың да құлағы елеңдесіп қалады. Үлкендердің қолына су құямыз. Әңгімелерін тыңдаймыз. Күні бойғы мая бұзып, қойға шөп шашудан шаршап келген әкейдің де мұндай кезде көңілі көтеріліп қалады. Өткен-кеткенді қозғап әңгіме айтуға да пейілді. Ол кісінің өмір жолдарының шет жағасын білетіндер: «Раха, трудармияда болғаныңызды айтыңызшы» дейді. Әкем сол күндерді күні кеше болғандай суреттей отырып әңгімелейді.

Ақпарат саласының үздігі төсбелгісін алып жатқан сәт

– Сол кезде 45 жасқа келіп қалған кезім ғой. Колхозда жұмысшы болып жүрген едім, 1942 жылдың күзінде военкомат шақырғанға соғысқа жібере ме деп ойлағам. Олай емес екен, трудармияға жіберетін болды. Бұған да шүкіршілік дедім. Эшалонға тиеп, Жаңаарқадан 45-50 адамды Омбыға жөнелтті. Любин (Люблино болуы керек) деген стансаға келдік. Ұзын барақ қазармаға орналастырды. Таңертең жұмысқа ерте шығарады. Қайдан келіп жатқанын білмеймін, вагонға астық тиеп майданға жібереміз, – деп әкей әңгімесін бір қайырды.

– Халықтың жағдайының ауыр кезі ғой. Ақшаға тамақ табылмайды. Жұмыс арасында кейбір орыстың шал-кемпірлері мен Омбы жақтың қазақтары да жолығып, ақшаға бидай сұрайды. Кейде басқа да жүктер тиейтін кезіміз болады. Біраз уақыт жұмыс әдісіне төселген соң кей күндері екі шелектей бидай алып жасырып қалатын болдым. Осылайша бір жылға таяу уақытта қойын-қоныш ақшаға толды. Ол кездің ақшасы қандай және күректей-күректей ғой.

Тыңдап отырғандар ақырын күліп: «ана жақта болып жатқан соғыста шаруаңыз болмаған ғой, сірә» десе, е, біздікі ауыл шетіндегі еңбек армиясына тән тірлік емес пе дейді. Бұл әңгімесінің мазмұны маған жақсы таныс. Бұрын да кісі келген кезде бірнеше рет тыңдағам. Содан қыс түсердің алдында әкей станса сыртындағы бір бағананы белгілеп алып, қыруар ақшаны ескі күпайкеге орап соның түбіне көміп тастайды. Содан ұзақ-сонар әңгіменің келесі бір желісінде әкей ауылды сағынып, әртүрлі ойға беріліп, рельстің шетіндегі шпалмен жағалап келе жатады. «Мен кеткенде екі-үш айлық қана болатын Бәтима не болды екен. Оның алдындағы Рауза мен Мәдинаның да буындары қатпаған жас». Осылайша үй-ішінің жағдайына алаңдап, қалың ойдың жетегімен келе жатқанда артында өкіріп келе жатқан паровозды байқамай қалады. Көретін жарығы бар екен. Өкіріп-бақырып келе жатқан паровоз екпінімен соққанда астына түспей, алдындағы күрегіне ілініп қалады. Жүз метрдей жерге сүйреп апарып тоқтаған машинистер де айқайымен қоса абдырап қалған болу керек. Қыстырылып қалған жерінен шығарып алады. Бастағы ауылдан киіп келген түлкі тымақтың төбесі дөңгеленіп ойылып, бастың ептеп жарылғаны болмаса қатты жарадар емес сияқты. Қан заулап ағып жатыр, есінен тана қойған жоқ. Госпитальға апарғанда білді, арттан келіп соққан кезде оң жақ білекті шынтағымен қосып сындырып жіберіпті. Содан не керек, екі-үш айдай емделген соң әкейді «еңбек армиясына жарамсыз» деп қағаз беріп, ауылға қайтаратын болады. Енді қайтар кезде баяғы ақша көмген бағананы іздейді ғой. Келсе ақша дін аман, ораулы қалпында жатыр дейді. Әкей ақшаны молынан жұмсап, базардан қайтқандай орама-орама кездеме, басқа да керек-жарақтарын алып, үйге олжалы келгенін айтып әңгімесін бір түйіндейтін.

Сол уақыттағы зоотехник мамандарының талабы қызық. Малшылар бір қыстақта екі жыл, әрі кетсе үш жылдан артық қыстамайды. Басқа жерге ауыстырып отырады. Бір жылдары Желкеқұдық деген жерге қыстадық. Бұл – Ақтүбек ауылына таяу, Бәйешекеңнің оңтүстік жақ етегінде. Үш-төрт шақырым жерде 128-ші разьезд бар. Олай-бұлай өткен пойыздар көрініп тұрады. Үшінші-төртінші кластарда оқитын кезім. Үй іргесіндегі тауға иттерімді ертіп, жүгіріп шығамын. Шыңның басында дөңгелек күмбезді бейіт бар. Әкей ондағы жатқан адамның Бәйеш деген батыр болғанын айтады. Жат жердегі бір ұрыста ауыр жарақат алып, өзінің қатарға қосыларынан күдер үзген батыр бір саусағын шауып беріп «осыны туған жеріме апарып жерлеңдер» деп аманат еткен дейді. Үлкендердің өзі бұл тауды құрметтеп, батырдың атын баттитпай, Бәйешекең деп атайтын. Кейін өскен соң білдік қой, тау деп жүргеніміз осы өңірдегі биік шоқылардың бірі екен. Биіктігі – 509 метр. Әкесі Есенкелді жау қолынан қаза тапқанда Бәйеш 14 жаста екен. Қоқанның Мәделі ханы билік құрған кезінде қазақтарға алым-салық салып отырған. Қоқан хандығының езгісіне қарсы болған Сырдария, Шу, Ұлытау, Сарысу бойын мекен еткен қазақ батырлары үнемі көтеріліп, соғы сып жүріпті. Міне, Бәйеш батыр осындай ұрыстардың бірінде қаза болған көрінеді. «Ерліктерің мен бірліктеріңді сақтаңдар» деп еліне өсиет айтыпты деген сөз бар. Тарихшы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бекболат Шайхин бауырымыз архив деректерін жинақтап, батыр бабамыз туралы жазуға ниеттеніп жүретін еді. Өмірден ерте кетіп қалып, бұл ісі тиянақталмай қалды-ау деймін.

Малшы ауыл жаз жайлауында да әр өңірді жағалап, жиі көшіп жүретін. Әйтеуір, сулы жерді төңіректейтіні жақсы. Ақсу бойын жайлаған жылы адырлы тауларына шығып асыр саламыз, суына шомылып, ақбалық аулаймыз. Манақа өңірінің де келбеті бөлек. Кең жазықты алқап, шексіз дала, нулы көк шалғын. Көкжартас деген жері бар. Жақпар-жақпар тас жағалаудың түбінен бойлай Манақа өзені өтеді. Өзен бойында сәмбідей иілген көкталдар бар. Суында балық мол. Сәмбі талды кесіп алып ағам Сағынбай қармаққа сап жасайды. Табиғат аясы бала қиялды шарықтата түседі. Әрнәрсеге әуестенеміз. Ат жалына жармасып, қопаң-қопаң шапқан болып желіп жүргенге мәзбіз.

Қызықпен жүргенде жаздың өте шыққанын сезбей қаламыз. Оқуға жиналу керек. Жалаңаяқ жортқан табан тілім-тілім. Шешеміз жылы сумен жуып, қаймақ жағып әлек. Жарылып кеткен аяқ шамалы икемделе бастағанда Жаңаарқаға оқуға тартуға тура келеді. Бір жолы ат-арбамен, енді бірде астық тасып жатқан жүк машинасымен аудан орталығына жетеміз. Жамағайынның үйінде жатып оқуға бір кіріскен соң қысқы каникулға дейін үйге қайта келу жоқ. Туған үйдің түтінін сағынғанмен шыдайсың. Біз осылай жүріп өстік.

***

Аудан орталығында оқып жүргенімде үйді сағынамын. Шіркін, өз үйінде жүріп оқитын балалар қандай бақытты деп еріксіз қиял қанатына ерік бересің. Әйтеуір, әкейдің қойдан құтылып, Ақтүбекке қоныстанғанын дәтке қуат қыламын. Сәтін салғанда жаңа үй кездесті. Бізге ағайын болып келетін Ермекбай деген кісі өз қолымен салған бұл үйде үш-төрт жылдай ғана қыстапты. Бір айыбы еңселі үйдің шатыры жоқ. Ақшаның барлығы ғой, әкей үйді 3700 сомға сатып алды. Ол уақытта бұған екі-үш москвич алуға болатын қыруар қаржы. Алғашқы салған бұл үйінің жобасы кейін ұнамай қал болуы керек, Ерекең алдыңғы қатардан екінші үй, одан біраз жыл өткенде үшінші үй салды. Бас-аяғы төрт-бес үй салған болуы керек. Ауылдастар арасында үй салудың шебері ретінде есте қалған еңбекқор адам. Өкініштісі, талай жылғы бейнеттен кейін өмірдің рахатын енді көремін бе деп, ел ортасына келгенде сатып алған үйдің қызығын әкеміз бір жыл ғана көрді. Мен алтыншыны бітіріп, жетіншіге баратын 1965 жылдың күзінде көптен айналдырып жүрген сырқаты әкейді алып тынды. Жан дүниеңді астан-кестен еткен сол бір шақ балаң көңілге көп өзгеріс әкелген еді. Бұрынғыдай аңқылдап алаңсыз ойын қууды қойып, тұйық мінездің шырмауына көбірек бататын болдым. Бұған енді шешемнің: «Сен Жаңылдың қолына барып оқисың. Ауданда жүдеп жүр деп әкең осылай тапсырып кетті» деген сөзі қосылып, көңіл күй одан әрмен бұзылды. Жаңыл – кіші апам, «Дружбаның» Ленин бөлімшесінде тұрмыста. Жездеміз Аманжол да аңқылдаған жақсы адам. Ұнамайтыны – бірінші кластан үйреніп қалған Жаңаарқадағы Сәкен мектебінен алыстағы ауылға барып оқу. Бірақ, әке-шешенің ұйғарымы орындалу керек. Қыңыраю қисынсыз. Ақтүбекте сол кезде бастауыш мектеп қана болатын. Осылайша 7-8 класты Талдыбұлақ сегізжылдық мектебінде оқуыма тура келді. Ол жаққа бойым үйренген соң Ескене өңірінің таулы, бұлақты, шоқ талдар өсетін біраз көрікті жерлерін жездеймен бірге аралап жүрудің пайдасын көрдім. Көңіл сергіп, өлең жазуға әуестендім. Соның әсерімен жетінші-сегізінші сыныптан бастап, аудандық газетке, ара-тұра облыстық газетке бұрқыратып мақала жазатын өнер тауып, тілші бала атандым. Журналистік жолға талпыныс Талдыбұлақ мектебінде басталған екен ғой деп ойлап қоям бүгінде.

* * *

Мектеп қабырғасында жүргенде бұрқыратып мақала, өлең жазып, оларын газеттерге толассыз жөнелтіп, жарияланып жатса желпініп жүру біздің буындағы әріптестердің көбінің басынан өткен жағдай ғой. Солар сияқты мен де 9-10 класс оқып жүргенде «Жаңаарқа» газеті арқылы біршама «танымал» болып қалған едім. Жазғандарымды пошта арқылы жібергенім болмаса, редакцияға өз аяғымызбен бару жөнінде батылдық жасап, ойлап көрмеппін. Содан не керек, мектеп бітіретін, 1969 жылдың көктемінде бір жағы КазГУ-ге жолдама сұрасам ба деп, көлемділеу жазған мақаланы өз қолыммен тапсырмақ ниетпен аудандық газет редакциясының есігін жүрексіне ашқан едім. Бір қабатты жұпынылау ғимараттың шағындау дәлізінде даурығыса сөйлесіп тұрған үш-төрт адамды көргенде не әрі, не бері барарымды білмей, абдырап тұрып қалсам керек. «Шырағым, кімді іздедің, неге келдің?» – деген сауалдарын төпелеген ағаларға жөнімді айтқан едім, шұрқырасып сала берді. «Пәлі, сен біздің өз тілшіміз екенсің ғой, зіңгіттей үлкен жігіт екен деп жүрсек, сен әлі оқушы екенсің ғой» – деп, бірден іштартып әкетті. Кабинеттердің біріне бастап, танысып жатырмыз. Қалиакпар Әбілдин, Марал Хасенов, Зейнолла Көшкенов, Ұзақбай Мұқышев… Аты-жөндерін бұрын газеттен білсем, енді кіл мықтылардың тура орталарында тұрмын. Сол екі арада газет редакторы Бұқпа Әшімов те келе қалып, әңгіме соңы мені редакцияға корректорлық жұмысқа шақыруға ойысты. Барлығы үгіттеп жатыр, жақсы газетші болу үшін әуелі корректордан бастау керек дейді баяғы. Корректордың немен айналысатынын да білмейтін мен пақырың жүрексініп, қипақтай беремін.

Жезқазғанда зиялы қауым өкілдері бас қосқанда

Сөйтіп, ойда-жоқта, 1969 жылдың жазында «Жаңаарқа» газетінің білдей корректоры болып шыға келдім. Қолжазба нұсқасымен салыстырып оқып, газет шығар алдында қатесін тексереміз. Арасында ағаларым хат қорытқызып, теміржолдан мақала жазуға да жұмсап қояды. Біртіндеп қаламның қызығына беріліп, әрі жұмысбасты болған соң енді бұрынғыдай апта сайын ауылға қарай көз тікпейтін болдым. Дегенмен, екі-үш аптаның мұғдарында шешемнің жайын бір білейін деп үйге барып келуге қамдана бастаймын. Ол уақытта қазіргідей асфальтталған күре жол жоқ. Жаңаарқадан небәрі 40 шақырым Ақтүбекке жету мұң болатын. Совхоз бөлімшесі саналатын ауылда жалғыз машина бар. Оның жүргізушісі Совет ағай бізбен көрші. Бірақ, аудан орталығына бара бермейді, көбінесе орталық пен бөлімше арасындағы қарбалас шаруалармен жүреді. Әсіресе, қыс кезінде ауылға жетудің машақаты көп. Мектепте жүргенде қатарлас оқитын топты бала пойызға мініп, Атасу стансасынан түсіп баруды қолайлы көретінбіз. Улап-шулап түн ішінде жаяу тартатынбыз. Әлдеқалай жағдайда, тіркемесі бар трактордың түнгі пойызға адам әкеліп мінгізетін кезі болып қалады. Ондайда құдайдың бергені. Біреуге хабар айтып, тосып ал дейтіндей телефон да жоқ қой ол кезде. Ендігі жерде топталып баратын топты баланың қарасы сиреген. Біреулері қалаға оқуға кетсе, біразы ауылдағы еңбекке араласқан. Жолсерік таппай жалғыз жортуға да үйрендік. Қыстың шыңылтыр аязды кезі. Түнгі пойыздан түскен соң Атасу стансасында ағайын шалдардың үйі болғанымен, ешкімді мазаламайын деген ниетпен әдеттегідей вокзалға келдім. Түн ортасы. Ешкім жоқ. Дөңгеленген қара темірмен қапталған пештегі жаққан оттың жылуы басыла қоймапты. Соған таяу ұзын орындыққа қисайып, мызғып алғаннан басқа амал жоқ. Денем тоңғаннан оянсам, таң көбесі сөгіліп, төңірек қараңғылықтан арыла бастапты. Көп ойланбай сыртқа шығып, үйреншікті жолға түсіп кеттім. Ел әлі шырт ұйқыда. Бірер үйден ғана сыртқа дәретке шыққандар болса керек, елең-алаңда жүрген мынау кім дегендей одырая қарап қояды. Ауыл мен стансаның арасы 9 шақырым. Жол сорабынан шығып кетпей, кей тұста жүгіре жортып, енді бірде жедел аяңға көшіп жүріп келемін. Алып ұшқан көңіл үйге тез жетуге асықтырады. Аязбен шыңдалған қардың бірқалыпты сықырлаған үнінен жалыққан соң әртүрлі ой теңізіне шомасың. Енді бір сәт әкемнің Нұра жақта «жаяу Рахым» атанғаны еске түседі. Бала кезімде құлақта қалған әңгімесінің бірі ғой. Негізі әкем ағайындарымен жас кезінде Ақмола жақта тұрса керек. Өйткені, Дайыр, Тәкібай деген екі ағасы өмір бойы сол жақта тұрған. Қыздары бар. Кейінде Целиноградқа барып жүргенде сол апаларымыздың үйіне баратынбыз. Әкейдің Ақбөпе деген бір апасы дүкен ұстаса керек. Ол кісінің «Ақжапа» деген дүкенін ежелгі ақмолалықтар бертінге дейін айтып отыратын. Солардың ықпалы ма, әкей 1925 жылдары саудамен айналысып, Нұраға қосаяқ арбамен жаяу тауар тасыпты. «Нұраның орыстары, әсіресе жәшіктеп әкелетін ащы суды жақсы алушы еді» деп отыратын. Елдің «жаяу Рахым» атап жүргені сол кез ғой. Содан біраз уақыт ішінде жағдайын түзеп, ат-арба сатып алады. Жаңаарқадағы ағайындар ортасына ашаршылық дүрбелеңінен соң 1933 жылдары келіпті. «Байкоптың көк дүкені» туралы да айтатын. Алсай руынан, бізге ағайын ғой деп. Ел арасында Байкоп атанған Ақмоланың ірі көпесі Баймұхамбет Қосшығұлов біздің ауылмен іргелес Келтетал деген жерде туыпты. Ол кісі қайтыс болып кеткен соң барлық кәсібін баласы Құрманғали жүргізіп жүрген кез екен ол. Нұраның Көкмөлдір, Маржанкөл деген жерлерінде туып-өскен шешемізге кездесуіне де осы жаяулап кәсіп жасауы себеп болса керек. Шешей Тоқаның Майлы бұтағынан тарайтын Қажыми деген діндар, белгілі адамның қызы көрінеді. «Менің Қанаш ағама тартқансың, оқымысты боласың» деп анамыз мені өзінің төркін жұртына қарай бейімдеп отыратын. Айтысына қарағанда, Қанаш ағасы кеңес өкіметін орнату жолында күрескен интеллигенттердің бірі болған. Жаңа қоғамға қарсы дұшпандар оны ат-арбасымен қосып жоқ қылып жіберіпті. Ал, одан үлкен Әбдуали деген ағасы сол заманның өзінде бес уақыт намазы мен 30 күн оразасын қаза қылмаған діндар адам болды. Нұрадан ба, Казгородоктан ба, анығы есімде жоқ, жыл сайын жазда жайлаудағы бізге атпен бір келіп кететін. Қыста ораза тұту үшін әжей екеуі пойызбен келіп жүрді. Әкейдің сәждаға бас қойып, намаз оқуына осы нағашымның ықпалы тиді ғой деп ойлаймын. Кейін бұл кісілер Қарағандыдағы Ленин көшесі бойындағы ескі жобадағы үйлердің бірінде қызының қолында тұрды.

Ауылдағы қоңыр үй

Қалың ойды серік қылып, тоқтаусыз жүріп Сарысу өзеніне де келіп қалыппын. Өзен бойындағы қыстауда отырған малшы ауылдың адамдары шөп тиеуге маяға қарай аяңдап барады. Ертелетіп келе жатқан жаяу кім болды екен дегендей шығып келе жатқан күн шапағына қолдарын көлегейлеп қарап қояды. Өзен арнасынан өтісімен іргедегі ауыл үйлері айқындалып көріне бастады. Біздің үйге қарап едім, мұржадан көкке қарай шұбатыла шыққан көк түтін көзге оттай басылды. Анамның күйбеңдеп пеш жағып, шәйін қойып жатқаны көз алдыма келе қалды. Арсалаңдап аңсап келе жатқанда туған үйдің түтінін көрудің өзі көңілді көтеріп, жүректі орнына түсіреді екен. Балалық кезден бойға ұялаған сағыныш табы әлі де басылар емес. Терезеден анам жол жаққа қарап тұрғандай ма қалай?! Мүмкін маған келген ойдың, жүректегі сезімнің әсері шығар ол. Тура бүгін келетінімді білмесе де анашымның демалыс сайын Атасу жақтағы жолға қарайлап, көз салып жүретіні анық. Шүкіршілік, ең бастысы біздің үйді жылы шуаққа бөлейтін қоңыр пештің түтіні көкке бойлап түзу шығып жатыр. Бүгінде тақтайдай асфальт жолмен олай-бұлай өткен сайын балалық дәурен бұла шағым өткен сол бір қараша үй жаққа көлік терезесінен үңіліп, қарайлап өтем. Қазір ол үйде басқа адамдар тұрады. Бөтен емес, ағайындарымыз. Уақыт лебімен мүжіліп, бұл үйдің де тозығы жеткен сияқты. Бірақ, әке табанының ізі, анамның от жаққан қолының табы қалған ескі үй көзге қораш болғанымен маған аса ыстық көрінеді. Ол кісілер өмірден кеткен соң қарашаңырақтың отын маздатып, ауылда түтін түтетіп қалмағаныма кейде өзімді кінәлі сезінгендей күй кешемін. Ауыл шетіндегі қорымда мәңгілік тыныстап жатқан әкем мен шешеме дұға бағыштап, бет сипап өткен сайын еріксіз қоңыр үйге тағы бір көзім түседі. Түтіні түзу шықса екен деп тілеймін!

Амандық РАХҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.