ГАЗДАНДЫРУ: алаңдауға негіз жоқ

«Сарыарқа» газ магистралінің құрылысы аясында облыс аумағында 9 қала мен 114 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Жоспар бойынша биыл Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларын газбен қамтамасыз ету басталуы тиіс болатын. Жыл аяқталып қалды. Осыған байланысты жұрт алаңдай бастады. «Жұмыс қалай жүруде?» деген сұрақ елдің көкейінде тұр.

– Алаңдауға негіз жоқ, газ беру кесте бойынша жүзеге асуда, тек қана Қарағанды қаласында іркіліс бар. Теміртау мен Жезқазған қаласына табиғи газ желтоқсан айында беріледі. Теміртау тұрғын үйлерін газдандыру 8 тарату кешенін салумен жүзеге асады. Жобаның жалпы құны 10,7 млрд. теңге. Металлургтер қаласына 4 498 үйге газ тарту жоспарланса, Жезқазғанды газдандыруға 14,3 млрд. теңге қарастырылды, 5 тарату кешені салынып, 4562 үйге газ жететін болады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Қарағандыда қалай?

Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің мәліметінше қараша және желтоқсан айларында газдандыруға қосымша 1 млрд. теңге бөлініп, жобаның құрылысы әрі қарай жалғасын табады. Қаланы газдандыру 4 кезеңмен жүзеге асырылады. Онда 16 тарату кешені салынады. Жүзеге асу уақыты 2026 жылға дейін. Құрылыстың жалпы құны 63 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында жеке сектордағы 29 528 тұрғын үйді табиғи газға қосу жоспарланған.

– Жалпы 2019 жылы жоба бойынша 298,3 миллион теңге, ал 2020 жылдың 10 айында 1,8 миллиард теңге игерілді. Бүгінгі күнге дейін жоғары қысымды көтеретін құбыр 13,8 шақырымға, орташа қысымдық құбыр 4,7 және төменгі қысымға шақталған 40,3 шақырым құбыр салынды. Қызмет көрсетуші «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясымен бірлесе, газ өлшеу құрылғыларын жеткізетін мердігер анықталуда. Биыл сәуір айында «Катэк» ЖШС жобалық ұйымымен Қарағандыда газ бөліп тарату жүйесін салу бойынша келісімшарт жасалған. Жобалық жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Табиғи газға қосылатын алғашқы 513 үй нақтыланды, – дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Әбжанов. Газға қосылу, не қосылмауды тұрғындардың өздері шешеді. Көшенің бойымен өткен газ құбырынан үйге дейін жеткізуге кететін шығынды жеке тұрғын үйдің иесі өзі төлейді. Қарағандыны газдандырудың бірінші кезеңі 2019-2023 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде Саран тас жолының бойындағы көшелерден бастап, Кривогуз, Казақстан, С.Сейфуллин, Бадин көшелеріне газ құбырлары тартылады. 2021-2022 жылдары газ теміржол желісі бойындағы көшелермен Бұқар жырау даңғылының бойына, одан кейін жаңа қаланың ішкі кварталдарына, Федоровка мен үлкен Михайловка аталған қала бөліктеріндегі тұрғын үйлерге жетеді. Оңтүстік-Шығыс аумағындағы жеке сектордағы үйлерге, Күнгей ықшам ауданына газ 2022-2023 жылдары жетеді деп жоспарлануда. Екінші кезеңде 4 тарату кешенін салу көзделіп отыр. Бұл Жаңа өзен, Фин, Пришахтинск, ескі Тихоновканы газбен қамтуға мүмкіндік бермек. 2024-2025 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде 2 тарату кешені салынады. Оның алғашқысы Курьяновский кенті және Майқұдықтың 19-шы ықшам ауданын қамтыса, екіншісі Майқұдықтың Берлин, Сахалин, Шахтерлер ықшам аудандарына газ жеткізеді. Төртінші, яғни, соңғы кезеңде цемент заводы, Сұрыптау елдімекендеріне газ жететін болады.

Кәсіпорындар да газға көшеді

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте:

– 2021 жылы Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда екінші тарату кешендерінің құрылысы басталады. Көгілдір отын 3 872 жеке тұрғын үйге қосылады. Сонымен қатар, қаржылық қолдаудың көмегімен Жаңаарқа, Осакаров аудандарында, Саран және Шахтинск қалаларында газбен жабдықтау желілерін салу басталады, – деді.

Газдандыру экологияны жақсартуға көмектеседі. «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыстың» кейбір кәсіпорындарын газға көшіру де жоспарлануда.

– Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму біздің өңір үшін, әсіресе Теміртау, Балқаш және Жезқазғанда өткір тақырып болып табылады, Елбасының тапсырмасы бойынша экология министрлігімен бірлесіп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтар 50%-ға азайтылуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.