Тағзым

Қалдырған ізің мәңгілік немесе журналист, ақын, абзал аға Қалиасқар ӘБІЛДИННІҢ рухына арналған ой-толғам

Өмірдің мұрат, өлімнің ақиқат екені ежелден мәлім. Адам атты аса күрделі жаратындының іс-әрекет, таным, пиғылынан өмірдегі түрлі жайттардың туындайтыны және рас. Адам – періште емес, пенде. Досы ғана емес, дұшпаны да болуы ықтимал жайт. Біздің кейіпкеріміз Қалиасқар аға ӘБІЛДИН мына жарық дүниеде барша адамды жұдырықтай жүрегімен беріле сүйген жан еді. Дұшпаны жоқ, достары мен жолдастары көп азамат еді. Ғұмырының басым бөлігін баспасөзге арнаған аяулы аға, сыршыл ақын елу жасқа да толмай 1985 жылы өмірден озды. Осыдан екі айдай бұрын өңірдің басты басылымы «Орталық Қазақстан» өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп, газетте қызмет істеген ардагер жандарды еске алды. Сондай ардагер жанның бірі, еңбегімен де, өмірімен де қалдырған ізі сайрап жатқан ардақты жан Қ.ӘБІЛДИН болатын. Егер ол қазір тірі болса, биылғы жылдың 12 ақпанында 85 жасқа толар еді…

Қалиасқар аға Әбілдин 1937 жылдың 12 ақпанында облысымыздың Шет ауданына қарайтын қазіргі Кеншоқы ауылында туды. Еңбекке ерте араласты. Екінші дүниежүзілік соғыс ол құралпы балаларды ерте есейтті. Мектеп бітірді. Әкесі Қасымбек қария тұрмыс қамымен Кеншоқы кенішінде, Ақшатау кен байыту комбинатында еңбек етті. Қалиасқар аға Қарағанды политехникалық институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығына ие болды. Алайда, анасынан ерте айырылуы ерте есейткен азамат аз ғана уақыт сол мамандығы бойынша жұмыс істеді де, өзін туа біткен қабілетіне байланысты шығармашылық жұмысқа арнады. Балқаш қалалық газетінде, облыстық «Орталық Қазақстан» («Советтік Қарағанды») газетінде және Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» басылымында тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сексенінші жылдардың басында Жезқазған облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Жұмабековтің өтініші бойынша сол мекемеге ауысып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. Қандай қызметте болса да, қаламын қолынан тастаған жоқ. Қарымды журналист сол саладағы еңбегін жүрекжарды поэзиясымен ұштастыра білді, адамтану ілімін меңгеруге тырысты. Ол өзінің болмыс-бітімімен нағыз азаматтың қандай болуы керектігін көрсеткен жан еді. Сәл ертеректе үлкен бір қаламгердің ауызынан шығып, кейіннен нақыл сөзге айналып кеткен қанатты мақал бар. «Ақын болу міндет емес, азамат болу – парызың». Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңғы жартысында дүниеге келіп, пешенесіне елу жылдық мерейтойын атап өту де жазылмаған Қалиасқар Қасымбекұлы өмірден ертерек кетті. Адамның кісілік келбетін, азаматтық ажарын түстеп, түгендеу үшін бұл үлкен мерзім емес. Алайда, Қақаң осынау аз ғана жасында қолына Құран ұстап, ешкімге де ант бермесе де, шынайы азаматтың қан дай болуы керек екендігін өзгеге бір кісідей-ақ дәлелдеп кетті десек, артық айтқандық болмас. Неге екенін қайдам, ол кісі күні бүгінге дейін біздің жасымыздағы ұрпақ үшін күні кешегі қаймағы бұзылмаған қазақы қоғамның ең соңғы өкілі сияқтанады да тұрады. Сірә, болмыс-бітімі мен кескін-келбеттің шебер ұштасуынан шығар?..

Адамзат баласы жылап келіп, жылап кететін мына жарық дүние-фәниден кімнің досы көп, дұшпаны аз бопты?! Мына ғаламатты қараңыз: Қақаңда дұшпан жоқ-ты. Дұшпаныңыз не, бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын ағайын арасындағы ұсақ мінез-пиғылдан өз бойын аулақ салғандықтан шығар, ондай әдет қанына сіңбеген болатын. Ешкімнің шен-шекпеніне қарамай-ақ дастарқанынан дәм татқызып жіберуге тырысатын.

Қалиасқар аға ақкөңіл еді, аңғал еді, жұрттың көңілі мен пейілін өз пиғылы мен азаматтық кең жүрегіне сыйғыза білетін. Қалиасқар ағаның қанында ұлттық намыс бар-тын. Ол кісіні бір ауылдың, бір атаның санатына қоса салуға болмаушы еді. Қызмет бабымен Ақшатауда жүрсін, Қарағандыда жүрсін, Балқашта жүрсін, Жезқазғанда жүрсін ел арасынан мәйекті сөзді, шырайлы әңгімені теріп жүретін. Пенделік мінезбен бір-бірінен суып кеткен ағайынның ортасында дәнекер болып жүретін. Қызмет бабымен қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, менмендік, астамшылық, шолақ белсенділік сияқты қасиет-сипаттарды өз бойынан аулақ ұстайтын. Бәріміз де пендеміз ғой, жауапты қызметтерге қабылданарда ол кісінің сонау бір тым қарапайымдылығы, тым қазақы мінезі, аңқаулығы мен ақ пейілі кімге болса да ағынан жарылып тұрар аппақ пейілі өзгеге ұнамай қалар ма екен, тым ашық, тым елгезек, адамзат баласына зәредей жамандық ойламайтын пиғылы, барша қазаққа, иісі адам баласына тек қана жақсылық тілейтін дархандығы, ақ жүрегі біреулерде өзгеше пікір туғызуы мүмкін-ау деп қобалжып отыратынбыз. Осы кісінің достары, пікірлестері, жақсы ағалары мен інілері тым көп болатын. Жақсы ағаны «бұл біздің ағамыз» деп ала бөтен, жеке-дара меншіктенуге қысылатынбыз, тіпті бізге ғана аға деп жүргенде, тым көп інілерін, ағаларын, дос-жарандарын көргенде пенде көңілмен қызғана қарайтынымыз және рас-ты. Жаны жайсаң, рухы биік, сәбидей бала көңіл иесі Қақаң, Алланың құдіретіне не шара, не екенін қайдам, әйтеуір, фәниден бақиға тез аттанып кетуге тиіс сияқты болып көрінетін де тұратын. Себебі, асығып жүретін, аптығып жүретін.

Ойсыз адамды ұнатпаушы еді, қатыгез адамды жақтамаушы еді, адамдардың бойынан кіршіксіз сәби көңіл көрмесе, іштей қажып, торығып жүретін. Себебі, Қалиасқар аға дүние шіркінге «опасыз жалған» деп ат қойған ұлы халықтың өкілі еді. Өз ұлтымызды бәріміз де сүйеміз ғой, бірақ шетсіз-шексіз, ұлы махаббатпен сүюде ол кісі мына біздерге үлгі болып еді десем, артық айтқандық емес.

Асылы, қазақтың немесе ағылшынның ұлы перзенті деп жатамыз. Ұлы Қазыбек, Бұқар, Абылай хан, Абай… Солармен мақтанамыз. Сәтбаев пен Әуезов, Марғұлан мен Аймановтар өздері игерген ғылым немесе руханият саласындағы ерен еңбегімен ғана емес, бәрінен бұрын адамгершілік қасиет-сипаттарының даралығымен де ерекшелене білетін.

Қақаң ақын еді. Техникалық жоғары білімі болса да, руханият әлеміне бір табан жақын болып қана қоймай, өзі де өлең жазатын, қолы сәл босаса-ақ әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтармен бөлісуге асығатын.

Қалиасқар аға тым балажан еді. Егер «қос жақсының қосылуы сирек болады» деген сөзге керісінше мысал іздесек, ол кісінің жан жары Жәмила жеңгемізге деген шынайы сүйіспеншілігін айтар едік. Алтындай ұл-қыздары: Ғалым, Шырын, Дарынға деген мөлдір махаббатын айтар едік. Ол кісіге Алла Тағала немере көру бақытын жазбады. Жұбайы Жәмила Қақаңдай асыл жардың лайықты қосағы бола білді. Қақаң армандаған асыл мұраттарды балалары мен немерелерінің бойына сіңіруге ерекше еңбек сіңірді. Жасы үлкендерге сыпайы келін, жасы кішіге лайықты жеңге бола білді. Ол кісі жаны жайсаң, біліктілігі бекем, шынайы ұстаз еді. Аяулы жеңгеміздің де өмірден озғанына биыл бес жыл болды.

Біздің халықта «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Тағы да сол ұлт даналығы мынадай сөз қалдырған. «Өшкен жанды, өлген тірілді». Рас сөз. Міне, Қақаң мен Жәжа деп өзіміз атап кеткен асыл жеңгеміздің аяулы ұл-қыздары ардақты әкелері Қалиасқар Әбілдиннің әруағына арнап марқұмды еске алу мақсатында ас бергелі отыр. Қос асылдың рухына тағзым ете отырып, көз көрген азаматтардың балаларына ризашылығымызды білдіреміз.

Өмір – өткен күндер ғана емес, есте қалған күндер. Қалиасқар ағаны еске алу арқылы ол кісі құрмет тұтып өткен журналист-қаламгерлер Р.Сүлейменов, Р.Сағымбеков, Н.Оразбеков, К.Ермекбаев, Қ.Орынбетов, М.Сембай, С.Нәкенов, К.Еңсебаев, А.Қаражігітов т.б. танымал жандарды да еске алғанымыз боп табылады.

Мәуен ХАМЗИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button