Емтихан

Абырой атағымен өзі ғана емес, сені де жебеп-желеп, жаңа биіктерге құлшындырған азаматтардың еңбектері мен асыл бейнелері қашанда ыстық. Осындай жандардың аттарын атап, бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсыну да үлкен әрі жауапты парыз. Сол дара тұлғалардың арасында туабітті табиғи парасаты менмұндалап тұратын, әлі күнге дейін көздің алдынан, сана кеңістігінен бір мезет шықпаған, жүрегімнің түкпірінде сақталған даладай дархан азамат Мағауия СЕМБАЕВ ағамыз бар.

Эссе

Мағаш ағамыздың қайраткерлігі туралы ойлы-қырлы әңгіме көп. Осы жерде ардақты ағамыз болып өткен тұлға жайлы бірер сөз айтқым келеді. Біз қасиетті қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетінде бірге қызметте жүргенде ішкі сұлулығы мен сыртқы болмысына қатты қызығып, қатты таңқалатын едік. Барлық саладағы білімі деген ұшан-теңіз болатын. Ашық-жарқын, саған әр кезде қолұшын беруге дайын тұратын. Келбетінен қамқорлық лебі ерекше байқалатын. Осыдан шығар редакцияда жалғыз мен емес, үлкен-кіші әріптестердің бәрі жан-тәнімен жақсы көретін. Ағаның талай шапағатына бөлендік. Тәрбиесін көрдік, талқысынан өттік. Ретіне қарай ондай сәттер төңірегінде түйген ойлар, тұспалдар баршылық. Мен ол кісінің алдына барғанда құдды бір емтихан тапсыратын адамдай сезінетінмін. Өйткені, біліп жүрсін дейді ме екен, ел мен жер жайлы, көнерген сөздер туралы сауал қойып, білсең, арқаңнан қағып, білмесең, терең зерттеп, жазып келуге тапсырма беретін.

Әлі есімде, Мағаш ағаға мен алғаш емтиханды 2008 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды тәмамдайтын жылы тапсырдым. Сол жылы журналистика бөлімінің студенттерінен емтихан қабылдады. Ағамыздың алдына имене келіп, өзімше іштей журналистика негіздері туралы ой жинақтап тұрғам. Маған қадала қарай отырып, күлімсіреп, өңін жылытқан шырайда:

– Қай жердің баласы боласың? – деді.

Бірден «Ақтоғай ауданы, Жәмші ауылынан боламын» дедім. Көп кідіртпей сұрақ қойып үлгерді.

– Жыланды тауының баурайында кім туған?– деді.

Тосынан қойылған сұраққа тосырқай барып:

– Ақын Дәуітәлі Стамбеков туған, – деп жауап қайырдым.

Жүзінде нұр ойнап, бір жымиып:

– Ей, бала, мына жауабың үшін саған бес қоямын. Ал, енді бара бер, – деп есікті көзімен нұсқады. Мен болсам, ағаның бұл мәрттігіне іштей разылық танытып шығып кете бардым.

Кейін, қол астына қызметке келгенде осы әңгімені айтқанымда, рахаттана күліп алып Мағаш аға:

– Ей, бала, мықтыларды мойындау – ерлік. Содан соң саған айтарым, өмірде емтиханнан сүрініп кететін кездер де көп болады, – деген еді. Осылайша, сынаққа толы өмірде шыдамдылыққа үйреткен еді асыл аға.

Расымен де, Мағаш ағаны көруін көргенімен көру мен білудің арасы жер мен көктей ғой. Ол кісінің алдында жалғыз мен ғана емес, басқаларда өзінөзі сергек, жинақы ұстауға тырысатын. Ол кісінің қарапайымдылығы, адалдығы, адамгершілігі, сонымен қатар талапшылдығы әрі сыйлауға, әрі имене жүруге мәжбүр ететін.

Ел ішінде «Мағауия Сембаевтың жақсылығын көріп едім» деушілер мен «Қандай мәселе бойынша қиналсаң да, сол кісіге бар, ол ешкімнің меселін қайтармайды» деген сыңайлас сөздердің жиі еститіндігіміз Мағаш ағаның бірегей болмысының айқын дәлелі.

Өзінің түйешінің баласы екендігін көп айтатын. Тіпті, басындағы бас киімі, үстіндегі жемпірі, аяғына киген шұлығына дейін түйенің жүнінен тоқылған болатын. Адамның кең киім кию керектігін жиі ескертетін.

Бірде ағамен туған ауылы Қарқаралыға іссапармен бардық. Ондағы бірқатар жерлермен таныстырды. Сонда маған қарап тұрып:

– Ей, бала, сендер осы тыртиған киімге неге үйірсіңдер? Адам, кең киім кию керек. Мына кәстөм жарамайды. Қарағандыға барған соң саған кәстөмді өзім сатып беремін, – деді.

Мен әлгі жерде басқа кәстөмдерімнің барлығын айтсам да, «сатып беремін» деген сөзінен тайынбады.

Қалаға келген соң кабинетіне шақырды. Кешікпей бардым. Қасында ақын Мирас Асан отыр екен. Жазу үстелінің жанында тұрғанымда күлімсіреп:

– Мирас, мынандай бойшаң жігіттердің қысқа, тар киіммен жүргені жарамайды. Мына жігітке қазір кәстөм сатып беремін, – деді.

Әлгі жерде, ыңғайсызданып:

– Жоқ, аға, әуре болмаңыз. Өзім-ақ сатып аламын. Ешкімге еңбек сіңірмей, бос дүние ала алмаймын,– деген сөзіме қарамастан Қарағандының «Таир» сауда үйіне алып барды. Ерекше құрмет көрсетіп, сауда үйінен су жаңа кәстөмшалбар кигізді. Олпы-солпы тұрған көйлегіме көз тастап:

– Ей, бала, мына кәстөмге ақ көйлек жарасады, – деп ақ жейдесін қоса сатып берді.

Сондағы айтқаны:

– Ей, бала, мен сендердің әкелеріңмін. Әкелеріңдей қамқорлық жасап жатсам, менің сый-құрметімнен бас тартушы болмаңдар. Мен сені өзіме ұқсатамын. Кең бол, сонда кем болмайсың, – деді.

Иә, сол күннен бастап, Мағаш аға әкемдей болып кетті. Сол кісінің қарамағында істес болғанымызға біз өзімізді шын бақытты сезінеміз.

Бүгінде, көңілге әңгіменің әлқиссасы қонса, ағаның қасында жүрген қызыққа толы сағынышты күндерді еске аламын. Мына жалғаннан көшіп кеткен арқа тұтар ағамның жоқтығын ойласам, қабырғам қайысады, жүрегің сыздайды.

Өзі айтпақшы, шынымен «өмір деген – емтихан» қашанда дайын болу керек екен. Біздің әрқайсымыз сол өмір сынағынан күн сайын өтіп те келе жатқандаймыз.

Өкініштісі, сол емтиханға бізді әзірлеп жүретін Мағаш ағам жоқ.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.