«Нұрлы жол» аумағында жаңа автовокзал ашылды
Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалының аумағында жаңа автовокзал ашылды деп хабарлайды BNews.kz.
Сапаржайдың жалпы ауданы 8,6 мың шаршы метрді құрайды. Автобустар бес өңіраралық бағыт бойынша жүреді: Степногорск, Қорғалжын, Ерейментау, Көкшетау, Державинск және қалааралық алты маршрут: Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Қызылорда, Алматы, Шымкент.
– Жаңа автотұрақ ашу жол желісіндегі жүктемені азайтуға, сондай-ақ, біздің жолаушыларға ыңғайлы болу үшін қажет болды, яғни, Қарағандыдан келген тұрғындарға «Нұрлы жол » вокзалы жақын болады, – дейді «Нұрлы жол» вокзал кешені ҚТЖ филиалының директоры Дінмұхамед Құсайынов.
ҚТЖ филиялы басшылығы ескі автовокзал жұмысын тоқтатпағанын, керісінше, жолаушыларда олардың қайдан және қалай баруына ыңғайлы болатынын таңдау мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Бүгін жаңа автовокзалдан тұрақты негізде жүретін автобустар «Астана-Сапаржай-2-Қарағанды-Степногорск» және «Астана-Сапаржай-2-Степногорск» бағыттарына аттанады. Билеттерді ескі автовокзалда, жаңа автовокзалда, сондай-ақ, «Сапаржай-Астана» ЖШС-нің веб-сайтында сатып алуға болады.
Автовокзал «Нұрлы жол» вокзалының «М» блогындағы бірінші қабатта орналасқан. Бұл аумақта әзірше ешқандай нұсқау белгісі жоқ, бірақ, ҚТЖ олардың жақында орнатылатынын атап өтті.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»