Мағауиннің мәрттігі

Классик қаламгеріміз Мұхтар Мағауиннің бұл кезде атақты «Аласапыран» дилогиясымен даңқы жайылып, талантының тасы өрге домалап тұрған шағы. Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының Бас редакторы. Директордан кейінгі екінші лауазым. Баспадағы бүкіл кітап басу ісі мен саясатының тізгінін мығым ұстап отырған мықты. Қасымызда Дәуітәлі бар, қабылдауына кірдік. Тарихи романдарында хандар психологиясын зерттей-зерттей өзі де хандық психологияға түсіп алған, қияпат кескінді, қияқ мұртты, кең маңдайлы кербез ағамыз бізді жымия қарсы алды. Қарағандыдан көшіп келгенімді, келініне қызмет керегін, енді аз күнде орын таппаса еңбек өтілі үзілетінін жеткіздім. Байыппен тыңдап, сабырмен сабақталған сөзіне қарап, шығарыпсалма әрекетке бара қоймасын бағамдадым.

Алдында Дәуітәлі айтқан, «ол кісінің кішкене қызыл блокноты бар, соған атың іліксе, кітабыңды шығарады», – деп. Мұқаң осы сәтте есіне бір нәрсе түскендей әңгіме арқауын кілт үзіп, айналмалы орындығымен телефондар орналасқан тауашадан қызыл кітапшасын суырып алып бірер сөзді жазды да, «тез арада қолжазбаңды баспаға өткіз, әйтпесе, келесі жылы шығатын кітаптар жоспарынан қалып қоясың», – деді. Іле-шала қабылдау бөлмесінде отырған қыз да есіктен шекесін қылтитты.

«Корректорлар бөлімінің меңгерушісін шақыршы», – деді ол көмекші қызға.

Зейнеткерлік жасқа жетсе де кетпей жүрген, дене бітімін дегенінше жіберіп, саркідір тартқан апайдың сөзі үмітті көңілімізді су сепкендей басты. Коррбюрода бос орын жоқ екен. Иен жатқан кеңседе емі табылмайтындай үнсіздік орнады. Ендеше, іші томпайған әйел бар ма? – деді Мұхаң біздің жағдайымызды титтей де болса түсінгісі жоқ тырысқақ кемпірге қадала қарап. «Декретті айтасыз ба?», – деді корректор-бастық. «Біреуі бар, бірақ бір айдан кейін шығады»…

– Бір ай, екі айды білмеймін, ертеңнен бастап шықсын. Орнына мына кісіні қабылдайсыз, – деді ол үрпиіп отырған менің келіншегімді нұсқап. – Бұйрықты қазір дайындап әкеліңіз, қол қоямын, – деді Мұхаң ширыққан үнмен. Ширығатын жөні де бар. Алдына жағдай айтып келген жас буынның бетін қайтармайын деп заңды белден басқанын түсініп отыр. Қырғидан қашқан торғайға бұта да қорған болады ғой. Бұта ғұрлы жоқпын ба, – деп отыр. Мендей қадауқадау қара баланың ғана емес, бүкіл қараша-қауымның қамын қабырғасы қайыса көтеріп жүрген қайран да менің, мәрт ағам! «Ағасы бардың жағасы бар», – дегенді осындайдан айтқан-ау. Сөйтіп, жақсы ағаның алдынан жалымыз күдірейіп шықанбыз…

Ағаның іргелі шығармасы «Аласапыранның» бас кейіпкері Ораз Мұхаммед сұлтан аң аулап жүріп ақ патша жасауылдарының қолына тұтқынға түсіп кетпеуші ме еді. Сұлтанның арқауы үзілмеген ақсүйектер тұқымынан екенін білген патша құзыреті оны аманатқа ұстап қалғанымен, Ібір-Сібірдің Касимово деген мекенінен етегі кең пішілген ел мен жерді бөліп беріп, хандық лауазымында ұстамаушы ма еді?! Орыс жерінде талай қанды қырғынның ортасында ерлік таныта жүріп, ақ патшаның ардақтысына айналған, бітпейтін тірліктің берік бұйдасына байланамын деп өмірдің көбі мен көгін өткізіп алған қайран Ораз Мұхаммед ақыр-аяғында аяулы елін бір көре алмай, аузы самогон сасыған қайдағы бір жайдақ жасауылдың қолынан қапыда қаза таппаушы ма еді?!

Алты Алаштың қамын ойлап, арыстанша арпалысып келген қаламгер аға шетел (Чехия) асқанда ішіміз қимай, бүгіннің Ораз Мұхаммеді алыстап бара жатқандай көрінген. Соның әсерімен «Арқар» деген өлең жазғанбыз. Газет мүмкіндігіне қиянат жасамау үшін үш шумағын ғана үзіп беріп отырмын.

Халқына бейне қалқандай еді,
Қаламы – қару-жарағы.
Арқарды қойшы, арқардай, әне,
Азамат ауып барады.
Шет жұртты асты, батысты ап бетке,
Прага барып бекінді.
Атамекеннен алыстап кеткен,
Ораз Мұхаммед секілді.
Мандытпайтұғын мехнаты көп,
Тірліктің жүгі – тартарым.
Алматысы бар, Чехиясы жоқ,
Мен де бір жалғыз арқарың».

Толық нұсқасы келесі жылы 80 жасқа толғалы отырған жазушы мерейтойына орай көрініп қалар деген ойдамын.

Әрине, қазақ көркемсөз өнерінің биік мұнарасына айналған Мұхтар Мағауин мәрттігі біз баяндаған кішкене мысалмен ғана өлшенбесе керек. Бірақ, осының өзінен оқырманына барынша ашық болған сайын, барынша тылсым тарта беретін жұмбақ тұлғаның наркескен мінезі менмұндалап тұрғандай. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ғой Әлихан көсем. Білімге бай, мінезге оқшау Мағауин өнегесі жас буынның ұлттық ұстынын қалыптауда қапы кетпес қағида болып қала бермек.

Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты