Бас тақырыпКөкейкесті

Тіл тағдыры – ұлт рухын сезінуде

Жуырда таксиде келе жаттық. Алдыңғы орындықта орыс әйел, артында 3 қазақпыз. Жүргізуші қайта-қайта орысша әндерді қояды. Мен «қазақша ән бар ма?» деймін. Қазақша қояды да, алдындағы әйелге жалтақ-жалтақ қарайды. Қайта ауыстырады. Мен тағы ескертемін. Ол «Тыңдап отырған жоқсыз ғой» дейді. Тыңдамасақ та, қазақтың әні әуелеп тұрғаны ғажап қой. Түсетін жерге келдік. Анау жігіт менен құтылғанына қуанды… Міне, біздің қазіргі сиқымыз. Сонда бар бәле ішімізде, жанымызда болып тұр ғой. Яғни, жалтақтық, құлдық сана қанға араласып кеткен. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Демек, күресті мәселені туындатып отырған себеп-салдарынан бастау керек.

Облыста мемлекеттік тілді дамыту бағытында Тәуелсіздік алғалы бері бірталай шаруа атқарылды. Қала көшелері әжептәуір қазақыланды. Лениннің ескерткіші қала орталығынан алынды. Жаңадан бірқатар тұлғаға ескерткіш қойылды. Мыңдаған қандас бауыр көшіп келді. Орыс мектептерінде қазақ сыныптары ашылды. Аралас мектептер мен таза қазақ мектептер көбейді. Аудан, көше атаулары қазақыланды. Мектептерге ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімі берілді. Ауыл қазақтары көшіп келіп, қалада қазақы орта кеңейді. Қазір Қарағандыда ресми дерекке сүйенсек, қазақтардың саны 50 пайыздан асқан. Жыл сайын өсіп келеді. Енді, сол жоғарыда айтқан аралас мектептерді қазақыландыру керек. Бара-бара өзі-ақ таза қазақ тілді мектеп болады. Ештеңе де бірден жүзеге аспайды. Бірақ, бізде сол қазықылануға деген ынта-жігер өте жоғары болуы ауадай қажет. Онсыз іс өнбейді.

Ресми дерекке сүйенсек, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тіл үйренемін деушілерге барынша жағдай жасауда.

– Облыста мемлекеттік тілді әр түрлі деңгейде меңгерген халықтың үлесі кейінгі он жылда 1,8 есеге артты. Мысалға әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, 2011 жылы «мемлекеттік тілді білмеймін» деген тұрғындар саны 57,5 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендепті. Көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тілін жүйеге келтіру мақсатында тоқсан сайын ұйымдастырылған облыстық айлық барысында 2021 жылы қамтылған 11 805 нысанда анықталған 4130 заңбұзушылықтың 2818-і (68%) түзетілді. Рейдпен қамтылған нысандардың ішінде 3 677-не өңірлердегі кәсіпкерлік палаталарымен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы ұйымдастырылған рейд шараларына қамтылған 2 755 нысаннан 506 кемшілік анықталып, оның 312-сі (61%) түзетілді, – дейді басқарма өкілдері.

Байқасақ, жыл сайын осылай ағымдағы жұмыстар атқарылып жатады. Демек, қазақша сөйлеудің, қазақ тілін үйретудің тілді дамытуға пайдасы, әсері мол. Бірақ, бұл аз дер едік. Бар шаруаны басқармаға артып қойып, сыртынан сынап отыру жараспас. Себебі, ұстаздар қауымының айтуынша, адамның жаны қазақыланбаса, жүрегі қазақтықты сезінбесе, қазақша сөйлегенімен тілге деген құрметі аз болады екен.

– Бұл – өте нәзік құбылыс. Баяу жүретін үдеріс. Қазақстандықтарды жаппай қазақша сөйлету үшін қазақы танымдық дүниелерді көбейту керек. Салт-дәстүр, тарих, дін, аңыз-әңгіме, шежіре және басқа да адамның рухын оятып, жанына әсер ететін бағдарламалар ауадай қажет. Мәселен, ютуб желісіндегі Ақселеу Сейдімбек жазып қалдырған ел аузынан алынған қысқа әңгімелерді тыңдасаңыз, қазақ болып туғаныңызға іштей қуанасыз. «Сондай дана халықтың баласы екенмін» деген ой пайда болады. Бұл жұмысты телеарналар, сайттар, әлеуметтік желі, газет-журналдар да қолға алу керек. Неғұрлым осы жағына көңіл бөлген сайын қазақтың болмысына, тіліне деген өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы арта түседі. Қажет болса, сол дүниелерді орысшаға да аударып таратуға болады. Солай өзге ұлтты қазақылыққа тарта аламыз. Мен мұны білгендіктен айтып отырмын. Орыс сыныптарына қазақ тілін оқытып, талай көзім жеткен. Жатып алып, «анау өйтті, мынау бүйтті» дегеннен түк шықпайды. Әрқайсымыз жүрген жерімізде осыған жұмыс істеуіміз керек. Пайдасыз іске әуес болғанша, елдің ертеңін ойлайық, – дейді көпжылдық тәжірибесі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Қарсыбекқызы.

Меніңше, мәселенің екінші жағы да бар. Кейде орыстілді қазақтардың өзі мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін білмейді. Қазақ және орыс тілі мемлекеттік тіл деп ойлайды. Меніңше, осы жағын ескеріп, балаға балабақшадан бастап, «Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дегенді санасына мықтап құю керек. Өзге этнос өкілдерінің балалары да мектепте, жоғары оқу орнында осы сөз миында жүруі тиіс.

Бірақ, оған дамыған елдердегідей сұраныс болуы ауадай қажет. Мәселен, Германияда немісше білмесең аштан өлесің. Ресейде орысша білмесең, көше кезіп, қайыр сұрап кетесің. Ал, біздің елге шет елдерден келіп, кәсіп ашып байып жатқандар қазақша білмек түгіл, менсінбейді қазақшаны. Неге? Өйткені, оны талап ету жағы кемшін. Солардың ығына жығылып, сол түсінетін тілде сөйлеп тұрамыз. Осыдан арылмасақ болмайды.

Жуырда әзірбайжан ағайындардың тойында қонақта болдым. Олардың ұлттық иммунитетінің өте күшті екенін көріп, таң қалдым. Өзге тілде ән қойсаң, билемейді. Жылысып, шығып кетеді. «Қазақстанда тұрып, қазақша әнге неге билемейді» деп күйінемін. Оларға ем жоқ. Санасына, миына бала кезінен сіңген. Ал, біз қай ұлттың әні болса да, әуені ұнаса болды, тарсылдатып билей жөнелеміз. Қынжылтатыны ұлттық талғамымыздың аталасы шығып, бүлініп кеткендігі…

Қарап тұрсақ, қазақ тілін дамыту үшін қазақша сөйлеумен шектелу аз екен. Ішкі қазақи рухты ояту, өзгеге патриоттығымызды көрсетіп, оларды тамсандыруды да ұмытпаған жөн.

Бірде маған бір кісі қоңырау соғып: «Сен журналистсің ғой. Қазақшаң жақсы. Маған қазақша үйрет, ақшаңды төлеймін. Әулетте 2 той бар, бір ұзату, бір үйлену. Құдалар Оңтүстіктен орысша білмейді. Мен қазақшамды жақсартуым және қазақша тілек айтуым керек» деді. Өзім ұялып кеттім, үп-үлкен қазақтың азаматы. Табысы жақсы, ірі компанияда істейді. Келесі жылы тағы хабарласты. Шілдехана жасағалы жатыр екен. Сонда, қазақша сөйлеу оған тойда тілек айту үшін ғана керек екен…

Бір күні шыдамай «Неге қазақша сөйлемейсіз, қазақ емессіз бе десем, «Қазақша сөйлегім келеді. Бірақ, компанияда бәрі орысша сөйлейді. Амалым жоқ» деп ақталды. «Орыс тілі – өте ыңғайлы. Ойыңды жеңіл жеткізесің, кітап оқысаң да, тез түсінесің. Қазақша кітаптар өте күрделі жазылады. Оның үстіне, орысшаға жетік болсаң, табысы мол жұмыс та бар. Кітаптың жақсылары да алдымен орысшаға аударылады» дейді ол.

Тіл білімі саласының мамандары, ғалымдар да ойлануы қажет. Бизнеске, мемлекеттік қызметке икемді сөздік жазу керек болар мүмкін. Өйткені, орыс және ағылшын тілдерін меңгерсең, әлемнің кез келген нүктесінде қиналмай жүресің. Ой өрісің дамиды. Әлемнің жаңалықтарын біліп отырасың. Егер, қазақ тілін де сол сияқты көп сұранысқа ие салалар үшін икемдесе, қызығушылық туындар еді. Бұл ақырындап жасалып та жатыр. Соған ел болып, атсалысу қалып тұр. Мәселен, жергілікті «Natige» компаниясының өнімдері жақын шет елдерге тарайды. Сол бір ауыз сөз латынша әлемнің барлық жерінде «Natige» болып оқылады. Демек, бизнесте қазақша брендтерді көбейту – ауадай қажет. Сосын сол өнімнің түрлерін, қысқаша атауларын, қоспаларын, құрамын тағы басқа маңайындағы сөздерді де айналымға түсірсек, қазақ тілі дамымай ма? Өнертапқыштар да өзі ойлап тапқан дүниесінің қазақша атауын және оған қажетті нәрселерді қазақшалап, айналымға енгізсін. Сонда нәтиже шығары анық. Бұдан бөлек, орыс тілінде де көне қазақ сөздері толып жатыр. Тостақан – стакан, (тост сөзі де тостақанда тұр), эскиз – ескі із және тағы басқа. Сондықтан, тілдің тереңдігін де айту керек, – дейді газет жанашыры Сәлижан Садықов.

Байқасақ, байбаламнан түк шықпайды. Орысша сөйлейтіндердің мінезін зерттеп, себебін анықтап, сонымен күресе беру керек. Онсыз шешілмейді. Баланың ортасы орысша болса, ортасына әсер етейік немесе, ол ортамен араластырмау керек. Баланың көретіні, тыңдайтыны орысша болса, соған бәсекелес болатын қазақша контенттер жасауымыз ләзім. Аурудың тамырын тауып, жұлып тастамасаң, уақытша ауырғанын қойып, біраздан соң қайта қақсайды. Тілімізге де осындай жанашыр болуымыз керек және «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» (Н.Назарбаев) екенін ұмытпайық…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button