ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯ бар екен

Жыл он екі ай домалақ жердің дегбірін алып, Алланың аса сүйікті құлы – адамзаттың жанын шүберекке түйдірген індет «сынақ болды» дейтіндер сөзінің жаны бар. Салт жүріп, саяқ кетуді талап еткен осы уақыт әуелден-ақ қауымдасқан адамға аса оңай соқпады. Тұмшаланып тірлік кешу маңдайға жазылған XXI ғасырдың 2020 жылының күнтізбелік парағы санаулы күннен кейін жабылады. Бірақ, індет Адам атаның үрім-бұтағымен әлі арпалыста. Жаратқан әлеуметіне ие ғып, мұрат пен мансап берген ел басшылары да сын үстінде. Бұл билікке ғана емес, бизнеске де тиесілі еді. Ашығын айтайық, бизнес әлеуметке түскен ауыртпалықты қара нардай қайыспай көтеріп келеді. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген Әйтеке бидің сөзінің кәсіпкерлеріміздің қазір ұранына айналғанына куәміз. Бұл – әсіре қызыл сөз емес, ақиқат…

Еліміз басынан кешіп жатқан осы сәт тарихта қалай аталарын әзірге айта алмаймыз. Бірақ, бір анығы – сын сағатта ұлттың айрандай ұйып, көрінбейтін жаумен қоян-қолтық ұрыс жүргізгені зор ілтипатпен аталатындығы. Мемлекеттің әлеуметке үн қатуы, әлеуметтің мемлекетпен риясыз үндесуі, дәрігер мен полицияның ерен ерлігі, елдегі болаттай берік бірлік, ымыра-ынтымақ – сөз болары және хақ.

Бүгінде ұлттық буржуазия ұлтқа қызмет ете бастады. Қазақстанның әр аймағында атымтай жомарттар көк аспанды бұлт торлағанда бұғынып қалмады. Елбасының елдегі кәсіпкерлерге үндеу тастауы – ел қамын жеген Едігелердің бар екенін айғақтады. Қоғамдық қорға індетпен күреске толассыз қаржы-қаражат аударған ел азаматтары көп.

Қарағанды аймағында күрделі ахуалға бейжай қарамаған атпал азаматтардың қарасы – қалың. Мәселен, сол сын сағатта Қарағанды облысының дзюдо федерациясының вице-президенті Ғабдолла Дүйсенбаев экспресс-тесттер алуға 5 миллион теңге қаражат бөлді. Қала тұрғыны Владимир Нефедов 1 миллион теңгеге тұрғындарға азық-түлік таратты. «YDD Сorporation» ЖШС 10 миллион теңге аударды. «Нәтиже» сүт фабрикасы карантиндік ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлерге сүт өнімдерін тегін жеткізді. «Рыспаев» жеке кәсіпкерлігі облыстық медициналық орталықтың 60 дәрігеріне қонақ үйін ұсынды. «Космонавт» қонақ үйі де солай. «Алтын Арба» базары 1000 отбасыға тегін азық-түлік жеткізді. №3 автопаркі көліктерін беріп, облыстық қорға 5 миллион теңге аударды. «Таир» сауда үйінің әкімшілігі жалға алу төлемдерін сондағы жеке кәсіпкерлерден алмауға шешім шығарды. Бұдан бөлек, ірі өндіріс, кәсіпорындары да қол қусырып қалған жоқ. Айталық, «Бипэк Авто – АвтоАзия» компаниялар тобы Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Өскемен қалаларының жедел штабтарына және елдегі волонтерлік орталықтарға азық-түлік пен басқа да қажетті құралдарды жеткізу үшін 80 автокөлік ұсынды. Компания көлік пен жүргізушілердің барлық шығынын өзі көтерді.

ERG Елбасының үндеуіне бірінші болып үн қосып, қазақстандықтарға көмек ретінде 4,6 млрд. теңге қаржыны «Birgemiz» республикалық қорына аударды.

BI Group компаниясы өз қаражаты есебінен Елордадағы Ramada қонақ үйінің бірнеше қабатын жабдықтап, карантин мен ауруханаға жатқызу қажеттілігі үшін Hilton Astana қонақ үйін табыстады. Дәрігерлерге 10 мың кәсіби маска жеткізілді. Сондай-ақ, компания коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген дәрігерлерді қолдауға 100 млн. теңге аударды. Холдинг басшылығы COVID-19 пандемиясымен күресу қажеттілігіне «Birgemiz» қоғамдық қорының есептік шотына 1,8 млн. АҚШ долларынан астам қаражат аудару туралы шешім қабылдады.

Бұған қоса, біздің аймақта жұмыс орындарын қысқартпау үшін 161 өндірістік кәсіпорынмен меморандум жасалғаны және белгілі. Онда 75 мың жұмыс орны бар. Осы күні бұл өндірістердің берген уәдесінен жаңылғанын естігеніміз жоқ. Мұның сыртында, еріктілердің де қыруар атқарған игі ісі тағы бар. Айта берсек, ел ішіндегі азаматтардың еңбегі аз емес.

Сөйтіп, бұл майданға қазақ қоғамы жұдырықтай жұмылды. Бес саусақтай бірікті. Ауқаттылар дәулетімен ұлтқа қызметтің үлгісін көрсетті. Бұқара бірлік барда тірлік барын ұғынды.

Қазіргі таңда күн-түн демей, індетті жеңудің стратегиясы қарастырылуда. Күн сайын өзінің әдіс-амалын өзгерткен індет осал жау емес. 9 айда күнделікті, үйреншікті өмір басқа арнаға ауысты. Жалпақ жұрттың арман-ойы бір тілекке тоғысты. Ол арман-мақсат – жалқы. Ол – жеңіс! Алла қаласа, бірлік барда сол күнге де жетерміз!

Қызғалдақ АЙТЖАН.