МәселеТұлға

Әлімбековтің есімін ұлықтауға әліміз жете ме?

Бұл мәселенің қозғалғанына отыз жылдан астам уақыт болды. Ол Алаш қозғалысының белді өкілдерінің бірі Имам Әлімбековтің туған топырағындағы орта мектепке тарихи тұлғаның есімін беру туралы мәселе. Оған себеп те баршылық. Ол алдымен ел тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш арыстардың бел ортасында жүріп, азаттық идеясын халық санасында жаңғыртушылардың бірі. Өз ауылында мектеп пен интернат салдырып, бала оқытты. Сол білім ордасынан қаншама бала сауат ашып, елдің мұңын жоқтайтын азамат болып қалыптасты. И.Әлімбеков – саналы ғұмырын елінің ертеңіне арнаған арда азамат.

Имам Әлімбеков – 1883 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің Ақсары болысының Уақ қыстағында туған (қазіргі Қарқаралы ауданының Бесоба селолық округі). Азан шақырып қойған аты – Имаммағзұм. Әкесі Әлімбек Бақтыбайұлы – көзі ашық, арабша хатқа жүйрік өз ортасының сыйлы ақсақалы болған. Кейбір тарихи деректерде Мәшһүр Жүсіппен досжар қарым-қатынасы жазылады. Шыққан тегі Арғын ішінде – Қуандық – Алтай – Мойынның Алдаберген руы. Ол өз заманының білімді тұлғасы, арабша хат танитын, танымал би болған. Қызметтегі ұлы Имам арқылы «Айқап» журналын, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерін алдырып отырған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін дүниеден озыпты.

И.Әлімбековтің саяси-қоғамдық қызметі, кісілік келбеті туралы төмендегі ғалым-жазушылардың жазбаларына жүгінейік:

Академик Зарқын Тайшыбай Алашорда съездері туралы ғылыми мақаласында: «1917 жылғы 2-8 сәуір күндері Орынборда Торғай облыстық қазақ съезі өтті. Онда Ресей конфедерациялық мемлекет болуға тиіс. Қазақстан – оның құрамындағы демократиялық, парламенттік республика. Халық билігінің демократиялық көрінісі ретінде ауылдық, болыстық, уездік және облыстық азаматтық комитеттер жолымен құрылу тиіс екендігі жарияланып, жалпықазақ съезінің бағдарламасын әзірлеу, өтетін орны мен күнін тағайындау үшін сегіз адамнан бюро сайланды. Оның құрамында: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сейтәзім Қадырбаев, Омар Есенғұлов, Имам Әлімбекұлы, Есен Тұрмұхамедов және Керей Тұрымов болды» деген деректер келтірген.

С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының 1977 жылғы басылымының 75-бетінде былай делінген: «1917 жылдың желтоқсанында «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылды. Оның мүшелері болып Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Рақымжан Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Ахметжан Қозыбағаров, Тұрағұл Құнанбаев, және тағы басқалары сайланды. Комитет төрағасы болып Халел Ғаббасов, құрметті төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланған».

Р.Каренов «Алаштың аты аталмай жүрген қайраткері» деген мақаласында: («Орталық Қазақстан» 31.01.04 ж.) «Имам Әлімбекұлының адам ретінде, азамат ретінде қалыптасуына Ахмет Байтұрсынов көп ықпал жасаған…», деп жазады.

И.Әлімбеков Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесін, Семей мұғалімдер семинариясын бітірген. Қазан төңкерісіне дейін Қарқаралы, Семей мектептері мен гимназияларында мұғалім болды. 1917-1918 ж.ж. Семей өңірінде «Алаш» партиясының уездік губерниялық ұйымдарын құруға белсене қатысты. Губерниялық қазақ комитетінің мүшесі, «Алаштың» Семей губкомы төрағасының орынбасары, «Қазақ» газеті басқармасының қызметкері, «Сарыарқа» газетінің редакторы. Абайдың Тұрағұлымен бірлесіп «Алашорда» атты әскер полкін жасақтаушылардың бірі. Семей губкомы кеңесінің мүшесі болды. Алаштың барлаушылық қызметі үшін 1919 жылдың көктемінде ақ гвардияшыл, кейін қызылдардың абақтысында да отырып шығады. 1933 жылы «Алаш» ісі бойынша Мағжан Жұмабаевпен бірге он жылға сотталады да Кольск жарты аралындағы «Медвежья гора» түрмесінде отырады. Бұл тозақтан Мағжанның әйелі Зылиха мен Имамның жұбайы Қатипа М.Горькийдің әйелі Пешковаға жазған хаты құтқарады.

Имам 1920-1930 жылдар ішінде Қарқаралы революциялық комитетінің, уездік атқару комитетінің мүшесі қызметтерін атқарды. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде бірнеше рет қуғын-сүргін көрген Әлімбеков біржола ағартушылық қызметке ден қояды. Қарқаралы педтехникумында, Қызылжар (Петропавл) техникумында оқытушы болды. Осы жылдары ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың басшылығымен Қарқаралының Мыйлыбұлақ, Қу, қазіргі Ақтоғай ауданының елді мекендерінде мектептер, фельдшерлік бөлімдер, кітапхана мен басқа да мәдени ошақтар ашыла бастайды. И.Әлімбеков 1924 жылы туған жері Бесоба ауылында жергілікті халықтан жиналған қаржыға екі қабатты мектеп пен интернат ғимараттарын салу жұмысын бастайды. Семейден Деев деген құрылысшы-маманды алдырып, мектеп-интернатты сметалық жоба бойынша салдырады. Астыңғы қабаты тастан қаланып, үсті ағашпен өрілген ғимарат құрылысы 1927 жылы аяқталып, алғашқы шәкірттері табалдырығын сол жылы аттайды.

1937 жылы Бесоба мектебінің директоры қызметінде жүргенде қайта ұсталып, Қарағандының ақ түрмесіне қамалады. Жерлесіміз философия ғылымдарының кандидаты, доцент Оңайбек Құдышұлы «Орталық Қазақстан» газетінде «Еркіндік үшін еңіреген ер» атты мақаласында былай деп еске алады. «1937 жыл Қарқаралы ауданының Бесоба орталау мектебінің 6-класында оқимын. Наурыздың соңғы күндерінің бірі, қар еріп жатқан кез. Мектебіміз екі қабатты үйде болатын. Үстіңгі қабатында оқу бөлмелері, астында интернат орналасқан. Бір кезде сырттан айғай-шу естіліп, далаға шықсам, бір топ оқушы бала дүркіреп жиналып тұр екен. Барсақ, өзіміздің қадірлі ұстазымыз, мектеп директоры Имам ағайды ұстап алып, жүрейін деп жатыр деген суық хабарды естіп есеңгіреп қалдық.

Сол сәтте екі жағында екі салт атты милиционері бар ат-арба Қарқаралыға бет түзеп те үлгерді», – деп еске алады. Сол жылдың 17 қыркүйегінде И.Әлімбеков УНКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесіледі. Сталиндік зобалаңнан жазықсыз жапа шеккен миллиондардың бірі – Имам Әлімбекұлы бұл жаладан жарты ғасырдан астам уақыттан соң 1990 жылдың 15 наурызында ақталды.

Есімі елу үш жылдан соң қайта атала бастаған азаматты елі ұмытқан жоқ. Ақталғаннан бері есімін мәңгі қалдыруға түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді. 2015 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарихшы ғалымдары Имам Әлімбеков салдырғаны мектеп ғимараты қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Құнды зерттеулер жүргізілді, мақалалар шықты. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Рашит Каренов «Алаш азаттығының ақиығы: Имам Әлімбеков» атты кітап шығарды. Журналист Г.Бұхарбаеваның «Қайта оралған есім – Имам Әлімбеков» атты деректі фильмі жарық көрді. Ас берілді, бірнеше рет ауыл тұрғындары мектепке есімін беруге талпыныстар жасалынды. Неге екені белгісіз, нәтиже жоқ…

2021 жылдың наурыз айында «Орталық Қазақстан» газетінде журналист Жәнібек Әлиманның «Бұқара қолдаса билік қайда қашады?… немесе Әлімбеков аты неге елеусіз» мақаласы жарық көрді. Мақалада Бесоба ауылындағы өзі салдырған мектепке атын беруді ойланып әлі отырғанымыз ұят, біз айттық, бұқара қолдаса, билік қайда қашады» дейді.

Келер жылы Алаш зиялысы И.Әлімбековтің туғанына 140 жыл және өзі қабырғасын қалаған мектепке жүз жыл толмақ. Осыған орай №8 тірек мектебінің ұстаздар ұжымы мен Бесоба селолық округінің барша тұрғындарының басты мақсаты – мектепке Алаш қайраткері Имам Әлімбековтің атын беру. Мектебіміздің ұстаздар ұжымының осы бастамасын бүкіл ауыл тұрғындары да бірауыздан қолдауда.

Тарихи тұлғаның есімін өзі іргетасын қалаған мектебіне берсек, бұл – бүгінгі ұрпақ алдындағы парызымыз болары һақ.

Айдын ӘШІРБЕКОВ,

Мектеп ұжымы мен Бесоба селолық округі тұрғындары атынан Бесоба ауылының №8 тірек мектебінің тарих және құқық пәндерінің мұғалімі.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button