Ақтоғай ауданында “Балауса – Балдырған” жас таланттар байқауының жеңімпаздары анықталды. 5 пен 8 жас аралығында қатысқан 12 бала өз өнерлерін ортаға салды.
Алғашқы кезеңде өнерпаздар өздері жайлы шағын бейнеролик түсіріп, арман-мақсаттарымен бөлісті. Екінші кезеңде ән айтты, би билеп, өлең оқыды. Соңғы кезеңде олар қайталама шикізаттан қолдан жасалған костюмдермен дефиле ұйымдастырды.
Қазылар алқасы жас өнерпаздардың өнеріне баға берді.
– Жыл сайын Ақтоғай ауданында балаларға би, эстрадалық вокал бойынша шығармашылық байқаулар өткізіледі. Бірақ балалар бойындағы барлық талантын көрсете алатындай жағдай болмады. Байқау қызықты өтті, балалар барын салды. Өкінішке қарай, каникул болғандықтан, оларға барлық тілек білдірушілер қатыса алмады. Болашақта біз оны ауқымды түрде ұйымдастырмақпыз.
Байқауға, әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері және бастауыш сынып оқушылары қатысты.
Балалар байқауға сақадай сай дайындалған, қазыларды ерекше образдармен таң қалдырды. Әсіресе Шашубай ауылынан келген жеті жасар Расул Қуанышұлы ерекше көзге түсті. Ол қазылар алқасын өзінің “Бозжорға” биімен және полиэтилен пакеттерден жасалған 90-шы жылдардағы Голливуд джентльменінің костюмімен тәнті етті.
І орынды Құсақ ауылының тұрғыны Айкөркем Нұрбай иеленсе, ІІ орынды Үшаралдан Айзере Таңатбек пен Абай ауылынан Жасмин Сағынқызы өзара бөлісті. ІІІ орынға Тасаралдан Айбек Есмұрат, Қызыларайдан Мерей Жанат және Торанғалықтан Диана Ербол ие болды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталса, байқаудың барлық қатысушыларына алғыс хат табысталды.
“Балауса – Балдырған” байқауы Балалар жылы аясында биыл бірінші рет өткізіліп, көпшіліктің көңілінен шықты. балалар жылы аясында ұйымдастырылып, биыл алғаш рет өткізілді.