ҚарқаралыРеспублика күні

Тақымды жігіттер тартысты: Республика күніне орай Қарқаралы ауданында ауыларалық көкпар өтті

Республика күніне орай Қарқаралы ауданы Шарықты ауылдық округі Теректі ауылында аудан әкімдігінің һәм Қарағанды ұлттық спорт федерациясының қолдауымен ауыларалық көкпар өтті. Шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған жергілікті ұлттық ат спорты жанашырлары Нұргелді Ахметжанов, Берік Айтжанов, Құрал Қамысбаев, Ербұлан Жаман, Қалқаман Серғазин.

Ұлттық спорт дегенде делебе қозып, дегбірі қашпаған қазақ аз. Ұлттық спорт оның ішінде ат спортын дамытуда республика көші ілгерілеп келеді. Бір ғана Қарағанды облысында бірнеше команда жасақтаулы тұр. Қазір тізгін ұстап серке тартуға палуандар дайын. Облыс көкпарының дамуына сеп бұл аудан көкпарының дамуы. Ауданға ауыл дем бермек. Шарықты ауылдық округі Теректі ауыл азаматтарының да көздегені осы. Ұлттық спорттың дамуына үлес қосу. Бұл ойын толық ауыл азаматтарының демеушілігімен өтті. Бұл да біздің бәсекеге қабілетті екеніміздің, ұлттық спорт жандансын деген ниетте екеніміздің айғағы. 

Ал, осынау Теректінің төрінде орын алған көкпарға демеушілік еткен шаруашылық иелерін айта кетсек. Шарықты ауылдық округіне қарасты Теректі, Қызылшілік, Шөптікөл, Айыр ауылдарының шаруа қожалықтары мен ауыл азаматтарының демеушілігінің арқасында. Оның ішінде “Әділ” шаруа қожалығының жетекшісі Зекен Сағынтаев, “Желтау” шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Мұстафин, “SADAGRO” шаруа қожалығының жетекшісі Әділет Бақытбайұлы, “Арнаш” шаруа қожалығының жетекшісі Серікбай Мұрсалов, “Ақбай Мұстафин” шаруа қожалығының жетекшісі Ақбай Мұстафин. 

Демеушілігі жақсы болған ойынның командалары да осал болмауы керек-ті. 

Алдымен аудан әкімі Ерлан Құсайын сөз тізгінін алып, көкпаршыларға ыстық лебізін білдірді. Сонымен қатар, ойыншыларға салым болсын деп 100 мың теңге ақшалай сыйын да ұсынды. Ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Ал, “Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлерінің федерациясы” Қоғамдық Бірлестігінің басшысы Нұржан Шайхин палуандарға салымды болуларын тіледі. 

– Жалпы ауданнан 5 команда топтасты. Бұл Ұлттық спорттың дамып келе жатқандығының нышаны. Атап айтар болсақ “Балқантау”, “Теректі”, “Абыз”, “Қарағайлы”, “Егіндібұлақ” командалары бүгінгі додада бақ сынамақ. Ендеше палуандар білектеріңе күш, аттарыңа бел берсін, – деді Нұржан Шайхин. 

Сонымен алаңға “Абыз” командасы мен “Балқантау” командасы шықты. Ортадағы төреші сонау облыстық “Бәйтерек” көкпар клубының жетекшісі Ерлан Оспанов. 

20 минутқа созылған екі кезеңді ойында қос команда аянып қалмады. Алайда, “айласын асырған алады” демекші “Балқантау” командасы басым болып 3:0 есебімен жеңіске жетті. 

Бұдан соң, жергілікті “Теректі” командасы мен “Егіндібұлақ” командасы ойнады. Алғашқы салымды “Егіндібұлақ” салды. Десек те, “Теректінің” белді ойыншысының бірі Ернұр Майкенов іле-шала есеп еселеді. Сонымен есеп 1:1. Бұдан кейін “Егіндібұлақ” ойыншылары бой көрсете алмады. Екі кезеңде де “Теректі” командасының ойыны өте жоғары деңгейде өтіп, 4:1 есебімен финалға өтті. 

Алғашқы ойында жеңіліс тапқан Абыз командасы “Қарағайлыға” қарсылас болып алаңға қайты оралды. Бірақ, “Абыз” командасының қарқыны “Қарғайлыға” жетпеді. “Қарағайлы” командасы алғашқы кезеңде-ақ, “Абыздықтарды” тас талқан етіп жеңді. Командалар осылай ақтық сынға дейін бір бірімен тартысты ойын көрсете білді. Шешуші додада “Балқантау” командасы 3 орынға ие болды. Ал, “Қарағайлы” мен “Теректі” 1 орынға таласқа салды. Қос команданың да қарқыны қатты еді. Алғашқы кезеңде “Қарағайлы” бірнеше шабуыл жасап, нәтижесінде 3:0 етіп кезең аяқтады. Ал, екінші кезеңде “Теректіліктердің” тақымы таралғымен бірге қатса да таразы басын теңестірді. Есеп 3:3. Ойынның аяқталуына 5 минут уақыт қалғанда “Қарағайлы” командасының капитаны Серік Сүйіндік есепті 4:3 етіп, командасын жеңіске жетеледі. Ақырғы ойын өте тартысты өтті. Жанкүйерлер тіпті алаңға шығып кетуге аз ақ қалды. 

Сонымен 3 орын алған “Балқантау” командасы 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болса, “Теректі” командасы 2 орынға табан тіреп 150 мыңды қанағат етті. Ал, “Қарағайлы” командасы бас жүлдеге байланған 200 мыңды алды. Ойын соңында 5 команда да алаңда қол алысып тарқасты. Ойын соңында қаржылай демеушілік еткен шаруа қожалықтарына алғыс айтылып, арқаларына ұйымдастыру алқасы атынан шапан жабылды. 
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ 

Басқа материалдар

Back to top button