Бас тақырыпПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Инклюзияның қарышты қадамы

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды ерте диагностикалау мен қолдау үшін облыс көлемінде 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орыны, 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Жақында аутизм анықталған балаларды қолдау орталығы ашылды. 2025 жылға дейін Саран, Балқаш қалалары мен Шет, Нұра, Бұқар жырау және Ақтоғай аудандарында да түзету кабинеттерін ашу жоспарланған.

«Болашақ» корпоративтік қорының әдістемелік сүйемелдеуімен инклюзияны қолдаудың 3 кабинеті 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биылғы оқу жылында облыс орталығындағы №№33, 48, 82 жалпы білім беретін мектептерде осындай кабинеттер ашылды.

Облыстың білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, биылғы оқу жылында 2617 баланың ерекше білім алуға қажеттілігі бар. Оның 313-і арнайы сыныптарда оқиды – 436 бала үй жағдайында білім алады. Инклюзивті білім беру үшін балабақшаларда – 45%, мектептерде – 81% және колледждерде 55%-ға жағдай жасалғанын да айтады аталған басқарма мамандары.

– Балаларға сапалы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін мектептерге арнайы мамандар – логопедтер, дефектологтар, психологтар мен педагог-ассистенттер беріледі. ПМПК ұсынысымен мектептерде 164 педагог-ассистент жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде педагогтер үшін біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Теориясы – сонда, практикасы №27 мектеп базасында өтті. Бұл ретте аутизмі бар балалардың ата-аналары да қолданбалы анализ әдістерін оқығанын айта кету керек. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 607 педагог пен 60 ата-ана оқудан өтті, – дейді облыстық білім басқармасының маманы Үміт Дауыпбаева.

Кейінгі жылдары инклюзивті білім беруді дамыту мәселесіне мемлекет тарапынан қолдау көп. Оны дамыту үшін арнайы жол картасы да қабылданған облыста. Бүгінде заңнамаға сәйкес кез келген мектеп ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға барлық жағдайды жасауға міндеттеледі. Дегенмен, ерекше балалардың барлық санаты үшін инфрақұрылымды жетілдіру мәселесі әлі де бар.

– Бұл жерде мәселе тек кіретін есіктерге ғана қатысты емес, ғимараттың ішкі жағдайы да маңызды, – деген еді басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова. – Пандустармен, көтеру құрылғыларымен қамтамасыз ету, есіктерді кеңейтіп, дәретхана, шешіну бөлмелерін жаңарту, көзі көрмейтіндер үшін бағыттаушы белгілерді, Брайл шрифті бар тақтайшаларды орнату, тайғанамайтын еден жабынын салу, арнайы жиһаз орнату – жалпы инфрақұрылымды дамыту шараларына кіреді.

Алайда, барлық мектептерде мұндай мүмкіндіктің жоқ екені рас, маман да жетіспейді. Мұндай балаларды қалыпты ортаға қосу үшін оларға жағдай жасаудан бөлек, қабылдау мәселесі де тұр. Мамандардың айтуынша, кейде ата-аналар тарапынан да мұндай кабинеттердің болуына қарсылық кездеседі екен. Инклюзивті кабинеттерді көбейтуге бұл да қолбайлау.

– Бұл салада маман жетіспейді дей алмаймын. Университеттің арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасын былтыр 135 студент бітірді. Осы оқу жылында 200 түлек бітіреді. Біз арнайы мекемелердің сұраныстарын толық қамтимыз. Дегенмен де, олардың арасында басқа облыстардан келген студенттер бар, мамандықпен жұмыс істемейтіндері де болады. Көбісі жекеменшік мекемелерге жұмысқа орналасуды қалайды. Негізі жалақысы аз, жүктемесі көп жұмыс қой. Алайда, еңбек нарығында логопед, дефектолог мамандарға сұраныс жоғары, – дейді ҚарУ-дың арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айнагүл Рымханова.

Қазіргі уақытта ерекше білім алуға қажеттілігі бар бала деп психологиялық-физикалық дамуында ауытқушылығы бар балалар ғана емес, білім алуда қандай да бір қиындықтары бар кез келген білім алушыны айтады. «Қазақстан Республикасының Білім туралы» Заңына осындай өзгерістер енгізілді былтыр. Оған сәйкес білім алудағы қиындық қатарына денсаулығына байланысты ерекшеліктерден бөлек әлеуметтік жағдайдың төмендігі де кіреді.

– Біз бұған дейін денсаулық жағдайына, ақыл-ойының кемістігіне қарай білім алушыларды ерекше білім беруді қажет ететін топқа жатқызып жүрдік. Енді олардың қатары көбейді. Мысалы, қандастарымыздың балалары көбіне кириллицаны білмей қиналады. Сондайда оған ерекше жағдай жасап көмектесуіміз керек. Және ел көлемінде қаншама әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бар. Олар өзінің әлеуметтік, отбасының экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Міне, бұдан былай әлеуметтік осал топтарға жататын балалар да ерекше білім беруді қажет ететіндер санатына жатқызылып, тиісті мүмкіндіктерді алады, – деген еді биылғы тамыз мәслихатына қатысқан Арнайы және инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.

Спикер сол кезде ел бойынша мектептердің тек 59%-ы ғана инклюзивті білім беруге дайын екенін де айтқан еді. Алдағы уақытта ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қатары артатын болса, саланы дамытуға назар ерекше қойылып, зор міндет жүктеледі деген сөз.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button