Руханият

Әдекеңнің әлемі

Әдекеңнің, белгілі журналист, сатирик Әдебиет Белгібайұлын айтамын, кейде қиғаштап кететіні бар. Бір қисайса – түзелмейді, түзелсе – қисайту қиын. Бәлкім, сатирик болғаннан кейін осылай шығар… Солай ойлайтынбыз да. Әйтеуір, тепе-теңдігін сақтай алмай қалады. Сөйтсек, бір бүйрегі жоқ екен ғой мың болғырдың. Біреуге қарызға ақша бере алмайтын безбүйрек заманда Әдекең досым жиеніне бір бүйрегін жұлып берген. Өзі қалжыңдап: «Мен – безбүйрекпін» дейтіні бар. Сатириктің уытты тілімен айтқандағысы. Ана тілімізбен арпалысып келе жатқан орыс тілінің де көңілін қалдырмай, өз диагнозын дөп басқандағысы.

Әдебиет Белгібайұлы Жұманов

…Әдекең екеуміз дос болғалы 30 жылға жуықтап қалды. Жезқазғанда қатар оқыдық. Ол сол кездегі облыстық «Сарыарқа» газетінде қызмет атқара жүріп, сырттай оқыды. Сырбаз да, сыпайы, биязы да, әдепті жігіт. Сол кезде пышақтың қырындай ғана «Қисық шеге» деген алғашқы сатиралық жинағын жазып тастаған. Қазақ сатирасына сол қаққан қисық шегесін қайта суырған жоқ. Әзіл-оспақ әлемінде «мырс-мырс» күліп әлі жүр.

Жалпы, Әдебиет мырзаның әлемі – бөлек әлем. Жазғанын былай қойыңыз, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, бүкіл болмыс-бітімі бір көрген жанға еріксіз күлкі шақыратын әлем. Астарлы әзіл, қазақы қалжыңы, баладай аңғалдығы мен даладай кеңдігі өзіне ғана жарасып тұрады тұқымың көбейгірдің…

Бала дейін десең, жасы 50-ге келді. Аға дейін десең, балалығы тарқамаған. Жүрегі – таза, тілегі – аппақ!

Сатирадағы тіліне тікенек шығып, тісіне қолтырауынның зәрі тамған дерсің. Тілі тиген жерін күйдіріп, тісі тиген жерін опырып жібереді. Солай бола тұра, әпенделігі басым. «Қожанасыр – Әдебиеттің алтыншы, Белгібай ақсақалдың бесінші атасы екен» десе, жұрт сенеді.

Экономика және өнеркәсіп бөлімі – газеттің ең бір жетекші саласы. Осы бөлім жетекшілігіне Әдебиет замандасымызды тағайындарда көп ойланғанымызды несіне жасырайын?! Бар таққан «айыбымыз» – серьезный емес. Ал, ана лауазымға азуын айға білеген, нағыз талапшыл басшы керек. Бірақ, жазғаны әжуа, тартқаны сатираның садағы болғанымен, республикалық «Айқын» газетінде басшылық қызметтер атқарған тәжірибесі күмән-күдігіміздің күл-паршасын шығарып, Әдекең қатқан завотдел болып шықты. Проблеманы өткір көтеріп, кейбір мәселені тотияйын тілімен «үшкіріп» жібергенде, оқырман үшін тамаша дүние жазылып шыға келеді.

…Ең әуелі, Әдекең – азамат. Достыққа адалдығы, жалпыға жанашырлығы, мейлінше қарапайымдылығы азаматтың қалпын ажарландырып-ақ тұр. Осы бір кісілік қасиеттерден айналып өтіп, айныған кезін көрмеппіз.

Негізі деймін-ау, сатира – өте қатыгез жанр. Қоғамдағы келеңсіздікті, адамдағы арзан болмысты аямай шенеп, қанын ағызып түйрейді. Біз сатиралық шығарма оқығанда күлеміз. Бірақ, жылауымыз керек. Қазақ сатирасының көзі тірі классигі Көпен көкемнің «Әдебиет шығармаларында ызалы күлкі басым» деуі сондықтан. «Журналистиканың жүн-жұрқасынан кілем тоқығандай ысылып кеп, ара-арасында сатираның ауылына қысылып кеп жазған» (Көпен Әмірбек) Әдекеңнің әзілдерінде ақиқаттың төлқұжатына айналған ащы мысқыл, астарлы әжуа бар. Байқап жүрмін, Әдебиет Белгібайұлында біз көрмейтінді көре білетін үшінші көз бар. Шығармаларына қойған тақырыптарының өзі езуіңе еріксіз күлкі үйіреді. «Косарев көріп қоймасын», «Ұрылардың уысы», «Бәтіңкенің бәлесі», «Келді-кетті, түсінбедік», «Бәленің бәрі – құлақта», «Патриот парақор», «Көлеңкемді көп іздедім»… Күліп отырып, аһ ұрасың. Ішек қуысыңды жалын шарпып, деміңнен от шығады. Қоғамның сен байқамаған қотырын қасып, ащы ақиқатты қанын сорғалатып, ағаш табақпен алдыңа тартқанда, мынау қомағай қоғамнан безіп кеткің келеді-ау… Әсіресе, «Икасай» атты шығармасында адамдар бойындағы жағымпаздықты аяусыз шенеп, белгілі шенеуніктің белгісіз бабасының атына ауылдың бір сайын теліп өрекпіген өлермендердің әрекеті көрініс табады. Күліп отырып, жиіркеніп кетесің. Қолдан жасалған Ықы батырдың ұрпақтарына көрсетіліп жатқан бұл «құрмет» – бүгінгі біздің қоғамның да шынайы бет-бейнесі. Әдекең шығармашылығын терең талдап, ұзақ шұқшиып та керегі жоқ. Оқыңыз. Өз дәуіріңізді, қомағай қоғам, жадағай тірлік, жағымпаз бен шіреген шенеунік, аңғал ауылды жазбай танисыз. Кейіпкерлерінің прототиптерін жазбай танисыз.

Мұның барлығы – Әдекеңнің шеберлігі. Тегін адам Көпен көкемнен бата ала ма?!

Иә, қазақ әдебиетінде сатира сардарлары саусақпен санарлықтай ғана. Кешегі Асқар Тоқмағанбетов, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов, Үмбетбай Уайдиндер бастаған көштің жуан ортасында Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбек, Базарбай Әлеуханұлы секілді сұрмергендер жүр. Олар да арттарына қарап елеңдейді. «Мырс-мырс» күлкісімен сатира әлемінің сарбазы болып, сардарлардың соңынан ерген Әдебиет әлеміне алаңдайды. Ал, Әдекеңде алаң жоқ. Елуіне келіп алды. Жазуын жазып жүр. Былтыр ғана жалғанның жарығына шыққан «Мырс-мырс» кітабына жазған алғысөзінде Көпен Әмірбек: «Қазақ сатирасы қалың орман сияқты. Соның ішінен қырқып әкелген қарағай, қайыңды не дейді? «Бөрене» дейді. Сол бөренелерді тілгілеп, сүргілеп жиһаз жасауға кіріскен Әдебиеттің шеберлігіне шек қоймаймын. Адыр-бұдырлы ағаштың ажарын ашып, темірден түйін түйгендей ұлы сатираның ұстасына айналсын деп тілеймін» деген екен. Біз де осы тілектен айнымадық.

Ерсін МҰСАБЕК. 

Басқа материалдар

Back to top button