Руханият

Тыйым – мінсіз мінез мүсіншісі

«Тоғжан Абайдың қолын іркіп тоқтатты: – Тағдыр бізді қоспады. Тым құрыса, осы жолы сау келсең… Баз кешкен болар ем. Өміріміздегі бір ұзақ арман, ауыр зар бұл жолы да, сені ауыртып әкеп, тоқтамын салды. Енді сүйген көңіл қайтары жоқ. Бірақ, серігім сабыр болсын дедім. Осы күйде, өзімізге тыйым салған күйде өмір бойы жеткізбеген арман еріп кетсін. Асығыңмын, сол асық күйде көзімнің жасын жұтам да кетемін, жаным! – деді».

Қос асықтың көп жыл өткен соң кездескендегі қас-қағым сәтін бейнелеу барысында жазушы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың бұл замандағылардан артық мінезінің шындығын жақсы сөзбен шебер келістірген. Автордың шығармашылық еркіндігі мен өмір қисынымен шынайы қабыса кеткен жүйрік, терең, өткір қиялы келіп тыңдаушыға Абай мінезінің шыны да, шыңы да – Махаббат! дейді.

Абай ақылды, ғылымды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады деген. Міне, сол мінездің беріктігін сақтайтын жол – тыйым! Тыйым мен тағылым. Ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған Алла Тағала құмарлыққа салынбас үшін пендеге тыйым ісін ұсынған. Жаманшылықтан бойын жимақ жақсы іс. Абай мен Тоғжан сағыныш сезімі бір құшып, бір сүюге итермелеген көңілдерін тыйып, бойларын жеңіп, мінсіз махаббат мінезін бұзбапты. Алланың сөзіне құмар болып, махаббатына махаббатпен елжіреп ізденген ғибратланушыларға тыю жоқ деген Абай өз нәпсісін тыя біліпті.

Расын айтсақ, Абай поэзиясы мен «Абай жолындағы» негізгі тақырып – тыйым. Сөзіміз дәлелді болуы үшін біз Абайдың қыс ішінде аң қағып жүріп жолдан адасып, шаршап-шалдығып, үсіп-жаурап, әйтеуір ақырында бір ауқатты ауылға кезігетін эпизодқа қайтып оралайық. Абайдың түскен үйі Тоғжанның күйеуі Аққозының отауы болып шығады. Бір күн, бір түн ақ боранның астында, ат үстінде жүріп қатты науқастанып, үш күн бойында ұдайы ессіз жатып қалған Абайды Тоғжанның аса беріле күтіп, кейде таң атқанша қасынан шықпағаны ауыл ішінде сезік тудырады. Енесі келіннің мінезін жақтырмай: «Сен атаңды күт, үлкен үйде бол, бөгелме, шырағым», – деп тоқтау айтып, Тоғжанның Абайдың қасына келуін тыюға тырысады. Жолаушылап кеткен үй иесі Аққозы оралған соң Тоғжанның Абайдың оңаша отауына келуі мүлдем тыйылады.

Тек, Абайлар жүрерден бір күн бұрын Тоғжан қалың түн ортасында Абайдың қасына өзі келіп, оятып алып, түрегеп отырып, шолақ қана қоштасу айтып, азғана тіл қатып, онымен арыздасуға келеді. Абай бұл сөздерге өздерін қия алмай Тоғжанға шұғыл иіліп: – Сәулешім! Не дейсің? Сен не айтқалы кеп тұрсың? – деп еді.

Тоғжан Абайдың қолын іркіп тоқтатты. Абай мен Тоғжанның сүйіскен жылдары ұзақ. Бірақ, көріскен қызығы, кездескен рақат шақтары, тіпті, аз болған. Енді, міне, қаншама жылдар өткен соң кездескенде Тоғжан сабырлық танытып бойын іркіп тоқтатып, табиғатын тежеп бағып, көңілін тыйды. Тоғжан Абайға шын ғашық еді. Абай да Тоғжанға бір көргеннен-ақ ғашық болып, махаббат таңы атқанын сезінеді. Бірақ, Абайдың аяғында тұсау, Тоғжанның басында ноқта. Тоғжанның Мәмбетейде атастырған күйеуі бар. Жалғыз-ақ, ол бар екен деп, Тоғжан да ынтығып тұрған жоқ. Қайта Абайды сүйгелі, өзінің қайын жұртын ойламауға тырысатын. Жүрегі үркіп, жатырқап жүретін. Тоғжан Абаймен ең соңғы айырылысар шағында, күйеуге кетерінде өзіне оң сапар тілеген жоқ, Өлім тілеп кетті. «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол!» деп кетті.

Абай да Тоғжанды жұбата алмай, ет жүрегі елжіреп «Есіл Тоғжан, ұмытпаспын… ұмытпаспын» деп қала берді. Романда Ұлжан баласы Абайдың әжесі Зере қайтыс болғалы ойға түсіп, азып кеткенін байқаған соң оңаша алып отырып: «Енді тоқтал. Бойыңды жи. Ерболды шақыртып ал да атқа мін, ел қыдыр. Сергіп қайтшы» дейді. Анасы ұлына «қайғы келсе қарсы тұр, жақсы, жаман көргенің, ойлай берсең у болар, тоқта, тиыл, есіңді жи» деп кеңес берген.

Анасының ақылымен, құрбысының шақыруымен қарт Қадырбай ақынның ауылына қонақ болып барғанда Абай Қуандық қызбен танысады. Екеуі іркілмей табысқанмен, жалындаған махаббат тумады. Осы күндердің өзінде де Абайдың көңілінен Тоғжан ұмытылған жоқ. Қайта мынандай шешен, ашық, атақты Қуандықпен тайталасқандай боп, көз алдына шын сүйгені елестей береді. Абайға ол әкелген ғашықтық, ол ұсынған жүрек, ол берген нәзік ләззат бұл дүниеде қайта оралып келместей. Онымен тең жан тумастай, табылмастай еді. Тоғжан есіне түссе, Абай тар төсекте де, Қуандықтан тартынып, құшағын ірке береді. Себебі, Абайдың жүрегінде Тоғжан махаббаты мәңгілік, мызғымастай орын алған еді. Тоғжанды Абай алғашқы рет Қарауылдың бас жағын – Түйеөркеш деген жерді қыстаған, күн көзі жылысымен киіз үйге шыққан Сүйіндіктің аппақ үлкен үйінде көріп еді. Бұл үйге, әсіресе өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы – Тоғжан. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай болып қиылып тұр. Абай Тоғжанды екінші рет көш жөнекей Бөжейдің қаралы қыздарының ортасында көріп қалады. Тоғжан ат үстінде маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келеді. Абай кірпік қақпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнін тыңдаумен тұр. Абай Тоғжанның үнін Қарқаралыдан қайтқан соң Жәнібекте естиді. Абайлар Бошаннан үйреніп келген аса тамылжыған, шырқау ән «Топайкөк» бұл өлкеге жайылып қалған екен. Жұмбақ мінезді сұлу Тоғжанның ырғағы көп, сезімді сұлу ән «Топайкөкті» шырқаған өзгеше жібек талды, бөлекше үні Абайдың есінен еш кетпеді. Абайға «Топайкөк» әнін тағы есту сәті Семейден қайтқанда түседі. Анасы Ұлжан ауылы жайлаған Бақанас өзеніне қарай тартатын төте жол Орда тауының үсті болатын. Көз байланып қалған мезетте Абайлар Орданың Шілінің кезеңінде қыстайтын Байшораның Бекейінің үйіне тоқтайды. Абай ас піскенше мызғып алмақ болып, жантайып жатып қалады. Абай түс көреді. Түсінде Тоғжан келіп, Абайға өзі үйреткен «Топайкөк» әнінің бір ауызын айтып береді.

Түсінен шошып оянған Абай өңінде жаңағы әннің үзілмей дәл Тоғжанның өз үнімен айтылып тұрғанын естиді. Тоғжан! Япыр-ау, мынау Тоғжан, Тоғжаным ғой мына! Дәл өзінің үні. Айнымаған өз ырғағы. Өз нақышы ғой. Ән иесінің бет-бетімі, ақ-қызылы айнымаған Тоғжан және сол Жәнібекте көрген қалпы. Уылжыған жас күні. Өзі емес, бірақ дәл өзінің егізінің сыңары. Тоғжаннан айырса, танығысыз қыз – Бекейдің қызы Шүкіман екен. Ән мен әншіні тамашалған Ербол «Айтушысына кездеспей жүр екен ғой, сорлы ән. Мынадай боп айтылған «Топайкөкте» арман жоқ» деп тамашалап отырады. Оқшау, сұлу ән. Айтушысы да керім. Әй керім! Шүкіман есімі Әйгерім болып жаңарды. Әйгерімнің «қонақ кәдесі бар ғой, бір ән айту сіздің жол» деген соң Абай іркілген жоқ. Сезімге толы қоңыр әнде Әйгерім естіп білмеген мұңлы сұлу сөздерде дағдылы арман емес, жалын, сенім тәрізді жарық сәуле елесі бар. Иесін тауып, соған ғана арналғандай – «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай мен күн шағылса да. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да!». Жүрек зарына толы бұл әнді Семейдегі Тінібектің үйінде Абайдың апасы Мәкіштен алғаш естіген Салтанат қыз: «Әттең, дариға-ай! Мынандай арманды айтқызған қыздың мұңы бар дейсіз бе?» деп қатты күрсінген еді. Неге мұңы болмасын? Болғанда қандай! Айтқызған қызың да, айтқан ер-азаматтың да өмір бойы жеткізбеген арманды жүрегімен жоқтауынан туған мұң-зары аз емес-тін. Абай да Семейден қайтқаннан бері үй ішіндегі тірлігінде тығырыққа қамалды. Семейде жүріп қалса да ыстық сағынышпен сағынған Абайды Әйгерім түсінбеді. Семейде Салтанат қызға Әйгерім жайында Абай не деген тыңдап көрелікші: «Жүрегім үйлеспеген бір жанға тағдырым қосты, бірнеше сүйікті баланың атасы болдым. Бірақ зарым, шерім басылмады. Тоғжанды ойлап, түсімде көріп жатқан бір шағым еді. Дәл Тоғжанға ұқсаған жан, барлық пен жоқтың арасында жаным елтіген шақта, сол Тоғжан салатын әнмен келіп оятты. Оятты да, сол жан мені уатты. Сәнім де, әнім де, ендігі тірлік тірегім, барым да сол адам өзі болды».

Ендігі Әйгерім Абай жайын жарым лепестен білуден жаңылып, танып кеткен соң Абайға бар дүние қапа боп кетті де, құла түзге кетсек те, бір жаққа маңып, сілкініп қайтайықшы деп Ерболды ертіп, елсіз, ессіз жаққа аңға шығып кетеді. Кейісі, кірбеңі көп, кінәсі мен міні көп өмірдің күңгірт жүзді күзінен безіп шыққан Абай аң сапарында өмірлік арманы Тоғжанына жолығады. Аңшылықта жүріп, адасып, екі күн сор азабын тартқан Абай тобы жолдағы қыстаққа түсіп пана табады. Қараңғы даланың түпкіріндегі кең ауыз үйден өтіп төргі үйдің есігінен аттаған түнгі қонақтардың ішінен үй иесі Абайды танып қалады. – Жасаған-ау! Абаймысыз? Құдай-ау, сізді де көретін күн бар ма еді? Бауырым-ау!» деп ботадай боздаған Тоғжан дертпен келген Абайды құшақтап, аймалап жүр. Тоғжан жылап, зарлап жүрсе де, Абайдың сандырақтап жатып анық айтқан «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай мен күн шағылса да. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да!» деген өлеңі өзімен байланысты екенін бірден аңғарды. Тоғжан Абайдың қолын бауырына басып, бүк түсіп, білегінен сүйіп, жылап жатыр.

«– Сәулем! Бұл сенің сөзің емес, менің сөзім ғой. Менің жүрегімді айтқаның ғой. Сорлы тағдыр, тірі кетіргенше, мені сенің алдыңда, сол елде алса нетті. Сол күнде алсаң нетті! – деп ұзақ егілді. Соншалық ауыр құсамен күңіреніп, зар илеп кетті. Бұл сүюден кешкен зар еді. Дер кезінде айтылмаған, айта алмаған, терең күйіктен туған асыл жардың өкпе-назы дерсің. Қайын жұртына, күйеуге кетерінде оң сапар тілеген жоқ. Өлім тілеп кетті. Арлы, ұялшақ, нәзік қорғаншақ Тоғжан жеңгесі Қарашашқа сонысын да ашып айтып кеткен. Бір сөзбен өлмекке бел буған Тоғжан өзіне ажал уақыты тез жетсін деп тілей отырып, «мен өлейін, сен аман бол» деп Абайдың саулығын тілеп кеткен. «Сенен артық жан жоқ» деп ғашық болдым, «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс. Мен не болсам болайын, сен аман бол».

Ақылы артық, ары зор жанның Құдай сол тілегін қабыл алып, тағдыр жазып, Абайды аңда адастырып, ақ боранда асығының алдына алып келді.

Қазіргі Тоғжан жүзінде Абайдың қиялынан бірде-бір шақ кетпейтін, елбіреп, толқып, лезде келіп, сәтте қайтіп тұратын қызыл арай реңі жоқ. Бір көрсем деп аңсаған Абайы осындай кіріптарлық, ғаріптік күйде келгеніне күйінген Тоғжан жылау, налудан өз бойын тыя алмай жүрсе де соңғы сөзінде өзінің де, Абайдың барын айтуға қайрат тапты. Махаббат заңына бағынған Абай: «Алла мінсіз әуел бастан, пайғамбар хақ. Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі. Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз» деп заман мінезінің шындығын жазып кетті. Екі ғашық нәпсіні тыя білді. Абай да, Тоғжан да ақыл мен ар мінезін бұзбасқа серт етісті. Тыйым – мінсіз мінез мүсіншісі!

Марат АЗБАНБАЕВ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button