Руханият

Қазақ болмағаныңда…

Мені бүгін біреулер бір жерде пенсияға шығарып салды. 63 екен десем, 83-ке келіппін. Неге осыншама ұстаған?

Мұрыны біздей, көзі тұздай, еңгезердей біреу: «Қазақ болмағаныңда 83 млн. сыйақы беретін едік. Жұмыстан да шығармайтын едік. Ағайындарың күнде жазып жатыр», – деп құшақтаған болды. «Мен әуелі Мырқымбаймын. Сосын қазақпын», – деп, әдеттегідей руымды айтып, бақырып жатырмын.

Қолын сілтей салды әлгі. Жанындағы сықсикөздер сық-сық күледі. Жылп-жылп еткен бір безеу бет бала жылтыр қағазға оралған пәкет әкеп тастады.

Ешкімді біліп отырған жоқпын. Еріп барған кемпірім таныстырып жатыр. «Жаңағы біз мұрын – шіріген бай. Көрші елден шақыртумен келген. Қазір бастықтардың бастығы. Қазақтардың шежіресін жатқа соғады». Өзі қорапты ашып жанталасып жатыр. Іші толған ақ қағаз бен қаламсап екен. «Сенің жан-жаққа арыз айдайтының есінде екен-ау. Біздің мырқымбайларды қыртымбайлар қысып жатыр. Оларға жылтырбайлар қосылып кетті. Бастықтың бәрі сол аталардан деп. Ал енді. Үндемей жүргеніңде Үйгенбай қыртымбай сияқты жүзге келгенше жүре беретін едің. Он күнде бір кітап шығарып. Келген әкімді мақтап, кеткен әкімді боқтап… Ұлтанбай жылтырбай сияқты жұмысыңда, сылқым замыңның жанында өлетін едің. Шәшликке қақалып…

«Берген сыйлығының түрін қарашы. Қолың құйрығыңа жетпегір…». Жұрт ду-ду етеді.

Төсі мен бөксесі дүңкиген, бір дәу сары қатын өліп-өшіп сүйе бастасын. Өне-бойы жып-жылы екен. Бір түрлі.

Кемпірім ернін шығарды. «Секретаршаң ғой. Күнде саған тақпақ жазатын. Бұл да бітіпті …». Жұртта шек жоқ. Қырылып қапты, бір-бірін түрткілеп.

Тағы бір шілмиген қатын алдыма отырып алып әнге бассын. Еті қашқан тізелері тиген жерін қажап, удай ашытып барады.

«Бұл кім?», – деп сыбырлаймын кемпірге. «Ойбай, тыныш отыр. Бұл облыстан келген блогер, шолақ белсенді. Қолында «жынды» деген қағазы бар көрінеді», – дейді кемпірім, бір тісі қалмаған аузын арандай ашып .Әнебір жыланнан аумай қапты. «Астапыралла, мұнымен 60 жыл қалай отасқам?»

Отырған жұрт дүркіретіп қол соғып жатыр. Сөйтсек,сыбырымыз да, сырымыз да айқай екен. Құлақ жоқ деген – осы.

Жұрт «өліп жатыр». Қызу аплодисмент. Құдды кәнсерт беріп жатқандаймыз.

Содан бір жігіт езуінен көбігі бұрқырап біраз сөйледі. Ақ көйлек, көк бешпент, қызыл галстукпен түскен біреудің суретін тапсырды.

Кемпіріме қарадым. Қу сүйек қолдарымды жайып. «Бұл сен ғой», – дейді ол. «Өтірікті судай сапырып жүрген кезің. Жаңағы салдақылармен гөләйттап…».

Сөйлеген жігіт кім?

Атын ұмыттым.Әйтеуір, сенен өткен өтірікші. Сенен өткен жағымпаз. Екі ауданды жұтып қойған бастығының артын жалаймын деп, жапонский дамбалын жеп қойыпты. Жемқор ит.

Жұртта ес жоқ. Іштерін ұстап домалап қапты.

Дәрет қысып қопалақтап жатқанымызда, ентігіп бір қасқа бас кіріп келді. Соңында үлкенді-кішілі бір топ тазы. Көмекшілері сияқты шоңқиып-шоңқиып отыра қалды.

Кемпірге қарадым. «Зәлім замның замы ғой.Телебезерден түспейді», – дейді. Білмейтіні жоқ…

Ел кеңестен қалған еденді тепкілеп, ысқырып әкетіп барады.

Жиналғандарды қоздырып отырған қу кемпір террорист пе деп қалдым.

«Мынаның сөзі көп екен.Кетейік», – деймін кемпірге сыбырлап. «Памперсім жыртылып барады». Жұрттың шегі қатып жатыр.

Қасқа бас жүгіріп кеп шапан жапты. Бір қисық аяқ келіншек үш тал гүл мен кәрзеңке тапсырды.

«Ыржаңдай берме, талай той мен өлікті аралаған қытайдың шапаны ғой», – дейді кемпір ысылдап. «Шәпкісі қайда?» Кәрзеңкені де ақтарып жатыр… «Екі пәшкі қант, екі пәшкі ұн, екі пәшкі сок-соратынымен, екі пәшкі пешение, екі чупа-шуп». Самбыр-самбыр. «Сорлы қызға беріп жіберейін. Күтіп тұрған шығар. Дұрыс байға да тимеді». Жұрт гу-гу.

Үйге кірісімен дәретханаға таласып қалдық. Бала мен келін сөйлеп берді.

Тойғандарыңды білмейсіңдер!

Көршінің шал-кемпіріне қарасаңдаршы!

Аптасына бір-ақ рет тамақ ішеді!

Оның өзі балдардан қалса…

Қысқасы, қисық аяқтың үш тал гүлін келінге өткіздік. Балаға шапан жауып,қолын қыстық.

Қасқа басқа рақмет! Соның көрегендігі арқасында бірлігімізді сақтап қалдық. Әйтпесе, қыздың үйіне кететін едік…

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button