Руханият

«Шахтер даңқы» – Қарағанды символы

Қарағандының кеншілер астанасы екенін айғақтап тұратын бірден-бір монумент, ол – «Шахтер» даңқы. Дәл Кеншілер мәдениет сарайының қарсы алдында тұр. Бұл ескерткіш 1974 жылы орнатылған. Қарағанды көмір алабы 2 миллион тонна көмірді өндіріп, рекорд жаңартқанының құрметіне қойылған екен. Монумент Мәдениет пен Орталық демалыс саябағының негізгі кіреберісінің алдындағы алаңда тұруы да тегін емес.

Шахтер даңқы монументі
“Шахтер даңқы” монументі

Бұл монументті қояр кезде Кеңес және партиялық жетекшілер атақты шахтерлермен, оның ішінде ішінде аты аңызға айналған шахтер Түсіп Күзембаевпен ақылдасуды ұйғарады. Бірауыздан шешім қабылдап, қаланың орталық жерін таңдайды.

1969 жылы монументтің үздік жобасы бойынша бүкілодақтық байқау жарияланды. Байқауда 11 үміткердің үлгісі сынға түсті. Солардың ішінде Минск, Свердловск, Алматы қалаларынан шыққан мүсіншілердің барын айта кетейік. Мүсінші А.Билык және сәулетші А.Малков ұсынған жоба жеңіске жетеді. А. Билык мүсінді атақты мүсінші Меркуловтың Мәскеудегі шеберханасында бір жыл бойы жасайды. Монументтің құймалары және оларды орнатудың өзіне де бірнеше жыл кеткен. Тек 1974 жылы «Шахтер даңқы» монументі Қарағанды қаласының алаңынан бой көтеріп, сол кезден бері ол қаланың көркіне көрік қосуда. Монумент бейнесінің бренд болғаны соншалық, газет беттерінде, ашық хаттарда және конверт беттерінде басылып отырған.

«Шахтер даңқы» монументі мүсінінің салмағы 20 тоннаны құрайды, оны дайындау үшін үлгілерді және құйма кезіндегі шығындарды есепке алғанда, 30 тонна қола жұмсалған.

Шахтерлердің мүсіндері қоладан жасалған, уақыт өте келе сол металл ақ алтынмен қапталған. Тұғыры бетоннан жасалынып, граниттен қапталған.

«Қарағанды Суретшілері» альбомында монументті сипаттап, былай жазылған екен: «Екі шахтер – орыс пен қазақ мықты және энергиялық қозғалысымен көмір кесегін биікке көтеріп тұр. Фигуралардың қозғалысында жұмыс адамның мақтанышы, батылдығы көрсетілген».

Монументті құруға көптеген ұлттың өкілдері қатысты. Ескерткіш аяқталмай тұрып, Мәскеу мен Ленинградта болған, ал, оның тұғырына арналған тастар Алматыда өңделген.

Мүсінші монументке кіріспей тұрып, шахтаға бірнеше мәрте түсіп, еңбек адамдарының маңдай терін, ерік-жігерін сарп ететінін толықтай түсінген. 31-ші шахтада А.Билык кеншілермен сөйлесіп, нобайларды жасаған. Лаваға түскен кезінде «жердің өзі менің үстіме құлағандай болып көрінді» депті. Әсіресе, төбенің түспеуі үшін қолынан келгендерін жасайтын тіреушілердің еңбегі таң қалдырған.

А.Билык монументтің шахтерлер көңілінен шыққанын мақтан етеді. Қанша уақыт өтсе де кеншілер үшін дәл осы монументтен асып түсетін ескерткіш әлі қойылған жоқ.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button