Қарашада қанат қаққан қара өлең

Қара күз қара өлеңмен басталды. Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Республика күні аясында «Қарашада өмір тұр» атты поэзия кеші өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов арнайы қатысты. Ерекше форматта өткен кеште Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, қазақтың белгілі ақыны Қойлыбай Асан бастаған қарағандылық шайырлар тебірене жыр оқыды. Ауқымды іс-шара Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлының идеясы негізінде қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды.

Сахна да мерекеге сай безендіріліпті. Көрерменнің де қарасы қалың. Аймақтың зиялы қауым өкілдерінен бастап, қала тұрғындары мен студент жастар арнайы келіп, күйбең тірлік шаршатқан жүректерін поэзияның құдіретті нұрымен шомылдырды.

Президент кенді өлкемізге келген сапарында: «Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор» – деген еді. Қалада ашылған «Қасым үйі», орталық саябақтағы жаңа сахнада ерекше форматта өткен поэзия кештері бір-бірімен сабақтасып жатыр.

Ал, облыс орталығындағы сауда үйлерінде жүріп жатқан «Лирика сағаты» жобасы басқа бірде-бір аймақта жоқ. Арқа қаламгерлерінің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі қомақты. Осының бәрі «Қарағанды – қазақ руханиятының қарашаңырағы» деген сөзді растайды.

Ұлттық идеология, ұлттық болмыс, ұлт кодының негізгі күретамыры – әдебиет пен мәдениет. Бұл туралы Мемлекет басшысының әр бағдарламасында да айтылып келеді.

– Біздің әр күніміз жаңалық пен оқиғаға толы. Кешегі жаңалық – бүгінгі тарих. Уақыт дөңгелегі зыр айналған бүгінгі заманда адам жанын әлдилейтін ақсүйек өнер поэзия деп білемін. Ғарыш, жоғары технология, химия, эстрада дәуірінде өрелі ойға құрылып, өрнекті сөзбен жететін поэзияның атқарар міндеті де зор. Ақындар қай кезде де шындықтың жаршысы, уақыт үні мен дәуір тынысының тамыршысы бола білген.

Данышпан Абай, дауылпаз Қасым, мұзбалақ Мұқағали жырлары қаншама ұрпақтың бойтұмары болып келеді. Бірнеше жылдан кейін биыл тойланып жатқан Республика күніне орай өтіп жатқан өлке қаламгерлеріне арналған кеш құтты болсын.

Өнерде жақсы мен жаманды айыратын талғам. Сол талғам таразысын қалыптастырып, жан семіртетін жырларыңызды тыңдап қана қоймай, жатқа айтатын өлеңсүйер жас буынды баулитын игі істеріңіз өрісті болсын, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Кешті Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы рухты поэзиясымен бастады. Базар Мамыр, Дәулет Рысбайұлы, Тұрсын Жұмаш сынды ақындармен қатар жүрген арқаның ақтаңгер ақыны Қойлыбай Асан да отты жырын оқыды.

«Музыканың ғажабы – нотаның тізбегінде емес, сол ноталар арасындағы үнсіздікте» (Моцарт) демекші, мұнда әуелете ән де шырқалды. Алаштың аяулы әншісі Сейіл Аяған Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай», дәстүрлі әннің дүлдүлдері Сержан Мұсайын Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Ақселеу Сейдімбектің әні «Дәурен-ай», Дәуренбек Әркенов, Ермұрат Үсеновтің әні «Туған жер», Саян Бөдес Мұқағалидың сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рахимовтың «Мен сені сағынғанда» әнін әуелетіп, Арқа аспанын рухқа бөледі.

Шараның бір жаңалығы бар. Кеш барысында Алматыдан арнайы келген ақын Ақберен Елгезек және осы шараға ұйытқы болған Жанат Жаңқашұлы Қарағанды облысының 8 бірдей ақын-жазушысын Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, билеттерін табыстады. Кенді аймақтан одаққа мүшелікке ұсынылған 15 үміткердің 8-інің қабылданғаны да тілге тиек етілді.

Сәкен, Сәбит, Мағжандар негізін қалап, Ғабит, Ғабиден, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Төлегендер мүше болған қасиетті қарашаңырақтың мүшелігіне өту мәртебесіне Нұрлан Әбілдин, Валерий Ковалев, Ерқанат Кеңесбекұлы, Нұрдос Кәрім, Мақсат Күземхан, Әділет Шопен, Ерік Нарын және осы жолдардың авторы ие болды. Бұл – үлкен жауапкершілік.

– Қарағандының әдеби ортасынан бүкіл Қазақстан «қорқады». Бұл жерде керемет әдеби орта, мықты ақын-жазушылар бар. Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов және бұл кісілердің ағалары қалыптастырған мықты мектеп бар. Сондықтан, бүкіл қазақ Қарағандыға қарап отыр. Енді, Қарағандының жергілікті билігі осы мектепке қамқорлық көрсетіп, қарап отыруы керек. Қаңтар оқиғасы кезінде бүкіл дүкен тоналғанда кітап дүкені ғана аман қалған. Бұл – үлкен трагедия. Оқырман жоқ деген сөз. Демек, ақын-жазушылардың жағдайын жасап, олардың насихатын мықтап қолға алу қажет. Осындай шаралар жиі өтуі тиіс. Әдебиеті дамымаған елде ештеңе дамымайды. Әсіресе, ғылым кенжелеп қалады. Кез келген жетістікке жеткен тұлға бала кезінен кітаппен дос болған. «Талантты ақын-жазушыға жағдай жасалмаса, ол саясатқа кетеді» деген сөз бар. Сондықтан, саясатпен саясаткерлер айналыссын. Жазушыларды жазу үстеліне отырғызайық. Осыны ұмытпаған жөн. Қазақстан Жазушылар одағы мемлекеттің стратегиялық серіктесіне айналды. Бұл туралы Президент қол қойған Заң 2023 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Облыстағы филиалдар да облыс әкімдіктерімен тікелей серіктес ретінде жұмыс істей алады. Қазақ әдебиеті жасай берсін, – деді Ақберен Елгезек.

Кейін өз шығармашылығынан қонақ кәде ретінде бірнеше өлеңін оқып берді.

Жаңа ғасырдың басында поэзияға бөлек қолтаңбасымен келген Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері – Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай және Қайрат Асқар сынды ақындар да жалындата жыр оқыды.

Фариза Оңғарсынованың ізбасарлары – Салтанат Смағұлтегі мен Эльмира Сайлауқызының нәзік жырлары да бөлек шықты.

Уақыт өткен сайын адамдар өзінің рухани қажеттігін өтейтін тамырлы құндылықтарға қайта бет бұрады. Осы жолда одаққа өткен ақындардың көтерер жүгі де зор болмақ. Одақтың жаңа мүшелері өміршең өлеңдерін оқып, көпшілікті тәнті етті. Арасында Бек Ноғайбай есімді жас ақын да бар.

Іс-шара соңында Жанат Жаңқашұлы осы кешті өткізуде үлкен қолдау көрсеткен қалалық әкімдікке, жиынның жұп-жұмыр өтуіне жауапты болған азаматтарға, оның ішінде Асхат Қажытайға алғысын жеткізді. Отты өлеңдерін оқып, жұртты бір серпілтті.

Жиын талантты жас әнші Нұрбол Темірғалиевтің орындауындағы «Қазақстаным» әнімен мәресіне жетті. Осылайша, қара өлеңмен басталған қарашаның алғашқы күні де тарих қойнауына енді…

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz