Сайлауды өткізу Конституциялық заңмен егжей-тегжейлі реттелген

Конституцияға (83-бап) сәйкес прокуратура мемлекет атынан (заңда белгіленген шекте және нысандарда) заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады және сотта мемлекеттің мүддесiн білдіреді.

Бұл функциялардың орындалуын прокуратура органдары сайлау процесінде де қамтамасыз етеді.

Президенттің кезектен тыс сайлауы өткізілетіні туралы жарияланған сәттен бастап прокуратура органдары сайлау науқанының барлық кезеңдеріне қатысты негізгі міндеттер мен ұйымдастырушылық іс-шараларды айқындады.

Жергілікті орындардағы прокурорлармен кеңес өткізіп, оларды сайлау туралы заңнама нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге бағыттадық.

21 қазаннан бастап (сағат 18:00-ден бастап) ең белсенді кезең – сайлау алдындағы үгіт басталды (2022 жылдың 19 қарашасында сағат 00:00-де аяқталады).

Оны өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен егжей-тегжейлі реттелген.

Белгіленген нормаларды сақтамау жауапкершілікке әкеп соғады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте сайлау алдындағы үгіттің тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін 9 бап көзделген.

Бұл келесі құрамдар:

— сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу (102 – бап-15-тен 35 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі айыппұл).

— сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығына кедергі келтіру (103-бап – 20-дан 50 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі айыппұл);

— БАҚ арқылы сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу (112 – бап – 2 -дан 50 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі айыппұл).

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт жүргізу шарттары «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабында (7-тармағы) белгіленген.

Анықтама: үгіт жүргізу шарттарының бұзылуына келесілер жатады:

  1. сайлау науқанының бұқаралық ақпарат құралдарын біржақты жариялау, яғни сайлау алдындағы іс-шаралардың мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмалау;

  2. кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдарын БАҚ-та жариялау, сондай-ақ теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруден бас тарту;

  3. кандидаттардың БАҚ-та сөйлеп жатқан сөздерiн бөлу және сөйлеген сөздерiнен кейін iле-шала оларға түсініктеме жасау;

  4. егер басқаларға келісім берілген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдарының кандидаттардың біріне эфир уақытын, баспа алаңын бөлуден бас тартуы.

Осы шарттарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ, үгіт жүргізу кезеңінде болуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтардың басқа да құрамдарын атап өткім келеді:

— анонимдік үгiттеу материалдарын дайындау немесе тарату («ҚР сайлау туралы» заңның 28-бабының 5-тармағына сәйкес барлық үгіт-насихат баспа материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым, олардың басып шығару орны мен таралымы, тапсырысты жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгені туралы мәліметтер болуы тиіс) ӘҚБтК-нің 113-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салуға (25 айлық есептік көрсеткіш) әкеп соғады.

— үгіт материалдарын қасақана жою, бүлдіру (114-бап – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл);

— сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу (120-бап – 10-нан 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл);

Анықтама: сауалнама жүргізген заңды тұлғаны; сауалнамаға тапсырыс берген және оны төлеген адамдарды; сауалнама жүргізу уақытын; ақпарат жинау әдісін; сұрақтың нақты тұжырымын; сұралғандардың санын және сауалнама нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсетпеу.

— сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу (122-бап – 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл);

Анықтама: «ҚР сайлау туралы» заңның 27-бабының 4-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт-насихат материалдарын таратуға тыйым салынады:

— мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына, әскери қызметшілеріне, Ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, сайлау комиссияларының мүшелеріне, діни бірлестіктерге;

— кандидаттар немесе олардың сенім білдірілген адамдары тіркеген журналистердің, БАҚ редакцияларының лауазымды адамдарының сайлауды БАҚ арқылы жариялауға қатысуына.

— үгіт материалдарын орналастыру (ескерткіштерде, обелисктерде, тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ғимараттар мен құрылыстарда, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларда, 124-бап – 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл);

— сайлау алдындағы үгіт жүргізуге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты жұмсау тәртібін бұзу (125-бап – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл).

Аталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша субъектілер болып азаматтармен және лауазымды тұлғалармен қатар кәсіпкерлік субъектілері де табылады. Баптардың санкцияларында 10-нан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін (30-дан 153 мың теңгеге дейін) айыппұл қарастырылған.

Сайлау құқықтарына нұқсан келтіретін осы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша өндірістерді қозғау (ӘҚБтК-нің 101-126 – баптары) прокурордың айрықша құзыретіне жатады (ӘҚБтК-нің 805-бабы). Істерді сот қарайды.

Бірақ азаматтар өздерінің сайлау құқығы бұзылған жағдайда өз бетінше тікелей сотқа да жүгіне алады (ӘҚБтК-нің 807-бабының 1-бөлігінің 4-тармағы).

Бұл жағдайда аталған санаттағы істерді соттар бірден қарайды (прокурордың қаулысысыз), бірақ міндетті түрде прокурордың қатысуымен (сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың барлық құрамы бойынша: ӘҚБтК 101-126 — баптары).

Әкімшілік жауаптылықпен қатар сайлау заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық та көзделген.

Ол сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіруге қатысты (ҚК — нің 150-бабы – 100 АЕК айыппұлдан бастап, түзету жұмыстарын, бас бостандығын шектеуді қоса алғанда, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру).

Екінші құрам – сайлау құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу (ҚК — нің 151-бабы – 4 мың АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салу не түзеу жұмыстары / немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу).

Қазіргі уақытта сайлау науқаны құқықтық алаңда өтіп жатыр. Сайлау заңнамасын бұзу фактілері тіркелген жоқ.

Сайлау науқанын жүргізудің заңдылығын одан әрі қамтамасыз ету үшін прокурорлар мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ сайлау комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатты.

Әрбір бұзушылық фактісі бойынша заңдарда көзделген барлық құқықтық шаралар қабылданатын болады.

Бауыржан МЫРЗАКЕРОВ,

Қарағанды облысының прокуроры 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі