ДенсаулықҚарағанды

Ауырғанды басатын медицина

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген бар. Көп жағдайда дерттің жанға бататын аурумен қатар жүретіні белгілі. Дәрі-дәрмекке «көнген» ауру жақсы, ал, еш емнен кетпейтін ауырсыну болса ше? Мұндай жағдайда дәрігерлер радиожиілікті абляция ұсынады. Ол ең қатты деген ауырсыну сезімдерін де баса алады. Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың травматолог­ортопедтері мен нейрохирургтері үшін мәскеулік дәрігерлер осы технологияны жетілдіру мақсатында мастеркласс өткізді.

Радиожиілікті абляция – түрлі этиологиялық созылмалы ауырсыну синдромын қауіпсіз әрі аз инвазивті әдіспен емдеу түрі. Жоғары жиілікті термоабляцияның арқасында ауырсыну сезімін жеңуге болады және оның нәтижесі бірнеше айдан бір жылға дейін жетеді. Оны әдетте үш тармақты жүйке неврологиясында, желке жүйесі, омыртқа ауыруы, иық, тізе, жамбас буындарының артозын емдеуде қолданады. Яғни, электр тогы көмегімен патологиялық тіндерді «күйдіреді».

Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана мамандары да радиожиілікті абляцияны тізе буындарының артозы мен омыртқа ауруларында пайдаланылады.

– Белі, мойны, буындары ауыратын адамдар өте көп. 40 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. Ауырсынуды басу оның түрлері мен кезеңдеріне байланысты қарастырылады. Барлығына бірдей ашық ота жасала бермейді. Ондай жағдайда науқасқа көмектесу үшін осы емдеу түрі қолданылады. Нейрохирургия бойынша науқастардың 80-90 пайызында жасаған күннен бастап көмектеседі. Ауырсыну 6 айдан кейін де, бір жылдан кейін де қайталануы мүмкін. Тіпті, мүлдем қойып кетуі мүмкін. Ем жасалған науқастарға салмақ қосуға немесе суық тигізуге болмайды. Кейбір адамдар осы айтылған ұсыныстарды орындамайды. Аурудың қайтып келу мерзімі адамның регенерациясына да байланысты. Күйдірген жер біраз уақыттан кейін қалпына келеді. Оның қанша уақыттан кейін болатыны әркімде әртүрлі. Әлемдік тәжірибе бұл әдістің тиімді екенін көрсетеді. Әрі ашық отаға қарағанда құны арзандау. Сондықтан, алдағы уақытта оны жетілдіре түсеміз, – дейді аурухананың нейрохирург дәрігері Шолпан Қауынбекова.

Оның айтуынша, бұл әдіс бұрыннан бар.

– Клиникада бұл технологияны қолдануға аппарат бар. Бірақ, тәжірибе жетіспегендіктен, шетелдік әріптестеріміз келіп үйретуде. Бізде рентген арқылы жасалса, әріптесіміз УДЗ аппараты арқылы жасауды үйретуде. Ұзақ ауырсыну кезінде УДЗ аппараты арқылы жергілікті жансыздандырумен жасалады. Емдеу кезінде УДЗ, рентген аппараты арқылы ауырған жерге ине кіргізіп, патологиялық жүйкені күйдіреді, – дейді Шолпан Мейрханқызы.

Ауырсынуды интервенциондық емдеу қауымдастығының президенті Павел Генов:

– Бұл бағыт – жаңа. Сіздердің үнемі басы, омыртқасы ауырып жүретін таныстарыңыз бар шығар. Ол ауруға қанша дәрі ішсе де көмектеспейді. Хирург қарайды, операцияға негіз жоқ дейді, сөйтіп науқастар тыс қала береді. Көптеген елдерде 3 айдан астам созылмалы аурсынуы бар науқастар үшін клиникаларда ауырсыну бөлімі бар. Онда ауырсынудың түріне қарай дәрі-дәрмек тағайындалады, емдік-диагностикалық блокада жасалады, кинезотерапия, психотерапия да қолданылады. Айтқанымдай, бұл дамып келе жатқан бағыт. Қарағандылық дәрігерлерде мол тәжірибе бар екені қуантады, біздің де үйренеріміз бар екен, – дейді.

Үш күнге созылған шеберлік сыныбы теория мен практиканы ұштастырды.

Жансая ОМАРБЕК 

Басқа материалдар

Back to top button