Сағынышқа толы салқар көш

Тарыдай шашылған тағдырларды бір арнаға тоғыстырған – Егемендік декларациясы. Осы бір құнды құжат төрткүл дүниедегі қандастарымыздың Ұлы көшіне жол ашты. Түбі бір, тілегі ортақ қарға тамырлы қазақтың жылдар бойғы ізгі арманы орындалды.

«Туған жердің түтіні де ыстық» деген тәмсілдің тағылымы тереңде екенін осы ұлы көш айқындап берді. Атамекеннен жырақтап қалса да, жерге, елге деген сағыныш сезімі бір сәтке де сейілген емес. Сол бір сәтті Жазира Есепхан былайша еске алады:

– Ол кез әлі есімде. Баян Өлгей аймағының Делуун сумының Төңірек деген жұмақ жайлауын жайлап отырған жыл. Өмірдің ең бір жарқын сәті балалық шақ қой. Тұңғыш немеремін. Әжемнен бір елі ажырамаймын. Қызыл іңірде әкемнің қарындасы мен күйеу баласы Жәмила мен Есей келді. Сөздерінен түсінгенім Қазақстанға көш басталыпты, өздері көшпекші екен. Бізден «Көшесіздер ме?» деп сұрауға келген екен. Әкем «Көшеміз» деді. Ертеңінде бәріміз құжат үшін суретке түстік. Үлкен атамыз Түселбай 1935 жылы Қытайдан ауып келіп қоныстанған. Тоғыз жастағы бала болсам да, үлкендердің туған жерге деген ерекше ынта-ықыласын сездім. Менің де кеудемді қуаныш кернеп, «Біз Қазақстанға көшеміз! Қарағандының Қоянды деген жері» деп ауыл балаларына мақтанам. Қазақстанға табанымыз тиді. Азат елдің топырағын басып, ауасымен тыныстадық. Атамекендегі ағайындар бізді құшақ жая қарсы алды.

Бұл сол кездегі бала Жазираның түсініп, түйсінгені еді.

Шет елде жүрген қандастарымыздың санасын сарғайтқан сағыныштың аты – Атажұрт. Бастысы, ұрпағым өзге елдің суын ішкенше, өз елінде ұрпақ өрбітсін деген ұстаным еді. Ата аманатына адалдық деген осы болар, сірә.

– Атажұртқа 1991 жылдың қазан айында алғашқы лекпен келдік. Балаларымның алды 12-де, кішісі 1-де болатын. Қазақстанның егемен ел болуы қиырда жүрген қазақтар үшін зор қуаныш болды. Өзім мұңғыл жерінде туғандықтан, балаларымның атажұртқа табан тіреуі жүрегіме тыныштық берді. Ата-бабаларымның алдындағы перзенттік борышымды орындағанымды сезіндім. Қазақи аймақ – Қарқаралы жерінің, Егіндібұлақ ауылына отбасымызбен қоныстандық. Халықтың адал пейіліне риза болдық. Атақоныс адамдарының ниеті, туған жердің құдіреті алпыс екі тамырымызға шым-шымдап таралып жатты. Атажұртқа деген сан жылдар сарғайған сағыныштың жөні мүлдем бөлек. Ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек жүрекпен сезіну керек. Алайда, кіндік қаным тамған туған жерімді де сағынамын. Бақытты балалық шағымның куәсі ғой. Қалай десем де, таразы басында аталар аманаты тұрады. Атажұртқа деген сағыныш ата-бабаларымыздың қанымен бойымызға әбден сіңіп қалған екен ғой, – дейді Нұрсейт Шәкерұлы.

«Елге ел қосылса – құт» дейді қазақ даналығы. Елге оралған қандастарымызбен бірге рухани құндылықтарымыз оралды, ұлттық мәдениетімізде жаңа серпін пайда болды. Ұлттық сарын сақталған әдет-ғұрып, салт-сана қайта жанданды. Өшкеніміз қайта тұтанып, өткеніміз өркендеді. Қандастарымыздың атажұртқа оралуы қай жағынан болса да, қазына қоржынымызды толтырды. Екіншіден, түрлі зобалаңдарда қырылып қалған қазақтың орнын толтырып донор болды. Демографиялық өсімге серпін берді.

Тарих дөңгелегі қанша халықтың тағдырын жаншып өтті. Үлкендер жағы атажұрт пен туған жерді ажыратып, таразы басын теңестіре алмады. Туған жерге деген ыстық ықыластарын жылы естеліктерінен аңғарсақ та, санада мәңгілікке қатталып қалған «Атақоныс» ұғымы олар үшін қастерлі де қасиетті. Ал, жастар жағы «Қанымызға сіңген еркіндікті ерекше сезіндік. Бұл жердің өзіміздікі екенін жан-тәнімізбен түйсіндік. Біз – бақыттымыз!» дейді. Қос буынның өкілі. Бастысы, тілегі бір…

Сағыныш ӘБІЛ

Ortalyq.kz