Тұсаукесер

Жас өскінге рухани қолдау қажет

Бала тәрбиесіндегі негізгі міндет ата-анада екенін естен шығармаған жөн. «Әкеге қарап – ұл, шешеге қарап қыз өседі» деген сөз бар. Ата-ана баласының тұлға ретінде қалыптасуы үшін жан-жақты қолдау көрсету қажет. Осы мақсатта құрылған республикалық «Senimen Bolashaq» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің филиалы облыста ашылды. Филиалдың жетекшілігін руханият жанашыры Индира ТОҚМУРЗИНА қолға алды.

Суреттерді түсірген автор

 Іс-шараға көпбалалы аналар, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ұйымның алдағы жұмысына қолдау білдіретінін баса айтты.

Отбасы – шағын мемлекет деп алатын болсақ, тірегі әке мен ана. Ал, осы кісілердің отбасындағы беделі биік, мәртебесі жоғары болған уақытта білімді, саналы ұрпақ өсетінін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Келешекте алаңсыз өмір сүруіміз үшін бізге саналы ұрпақ керек. Ұйымның осы бір үлкен мақсатын, талпынысын көргенімде өз басым қос қолдап қолдадым. Алдағы уақытта жұмысты ширатып, бір мақсатта әрекет ету үшін арнайы меморандум аясында жұмыс жасаймыз. Бұл ұйымның болашағына кәміл сенемін, – деді Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков.

Отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында құрылған қоғамдық бірлестікте педагог, психолог мамандар қызмет істейді. Онда мамандар ата-аналарға психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттыруға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі тренингтер, дөңгелек үстел мен форумдар, шеберлік сабақтары өткізіледі. Жасыратыны жоқ, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде бабадан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, толық адам ретінде тәрбиелеу – бүгінгі күннің үлкен бір қажеттілігі.

Мемлекеттік ұйымдармен мемарандумға отырып, алыс-жақын ауылдармен тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Қазіргі таңда қандай ұйымды алып қарасаңыз, тек жиын өткізумен ғана шектеліп қалып жатады. Ал, біздің ұйым керісінше. Үлгілі отбасыларды тартып, жастармен жұмыс жасаймыз. Қоғамдық бірлестік ата-аналарға арналған клуб қағидаты бойынша жұмыс істейді, – деді Индира Жанұзаққызы.

Салтанатты іс-шарадан кейін аталған ресми кеңсенің тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімінен кейін жиылған жұрт бас қосып, ұйымның алдағы жоспарын талқылады.

40 жылдам астам уақыт мұғалім болдым. Қазір шөбере сүйіп отырмын. Балаларым аяқтанды. Немерелерім өсті. Оларға лайықты тәрбие бере алдым деп ойлаймын. Ал, солардан тараған ұрпақтың болашағы қандай болмақ? Ұйымның негізін қалаушы Нұркен Асанов бірде маған келіп: «Індет кезінде балаларыма ұзақ уақыт бөлдім. Олар да менімен кеңесіп, бос уақытымыздың бәрі әңгімемен өтетін. Сол уақытта «Біз балалардың тек материалдық қажеттілігін өтеумен жүр екенбіз ғой» деген ой түйдім. Өскелең ұрпаққа біз рухани тұрғыда қолдау көрсетпейді екенбіз. Бұлар келешекте біздің орнымызды басатын мұрагерлер. Сол уақытта олар келешектің жастарына не айтады? Біз отбасылық тәрбиемен шұғылдануымыз керек» деген ойға келдім дейді. Шыны керек, біз өзімізден кейінгі ұрпақты тәрбиелейтін болсақ, келер ұрпақтың беталысы өзгеретініне кәміл сенімдімін. Міне, осындай бір үлкен мәселенің алдын алу үшін Нұркен Жарылғапұлы аталмыш ұйымды құрды. Енді алдағы уақытта ұйымның әр өңірде филиалын ашып, жұмыс істейміз, – деді «Senimen Bolashaq» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің өкілі Зәуре Садықова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button