“Первая волна” – жаңа дүмпу

Отандық фильмдердің көбі Алматы мен Нұр­-Сұлтанда түсіріледі. Ал, Қарағанды тарихы терең, талантқа бай аймақ. Ендеше, неге кеншілер шаһарында кино өндірісін дамытпасқа?! Мысалы, «Сарыжайлау» кинотеатрында тұсаукесері өткен «Первая волна» драмалық көркем фильмі Қарағандының кино саласына өте ыңғайлы екенін дәлелдеді. Туындыны облыс әкімдігінің қолдауымен «SARYARQA» телеарнасы һәм «АrmanFilms» кинокомпаниясы түсірген. Қоюшы­режиссері – жерлесіміз Арман ӘЛІМЖАНОВ, продюсері «SARYARQA» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек САДЫХАНОВ. Сценарийді Жәнібек МАХМҰДҰЛЫ журналист Дмитрий БЕЛУГИНМЕН бірге жазған. Ал, фильмнің кастинг­ директоры – қарағандылық Жәнібек ҚҰСАЙЫНОВ екен. Байқасақ, авторлардың бәрі өзіміздің өңірден. Актерлар да солай. Фильм көрерменге ұсынылмас бұрын баспасөз мәлихаты өтіп, онда картинаның авторлары мен бас рөлді сомдаушылар түсірілім хақында кеңінен айтып берді.

Бір ерекшелігі – бұл көркем фильмде тек қарағандылық актерлер сомдаған барлық рөлді. Түсірілім жұмыстары Қарағанды қаласы аумағында өткен. Әсіресе, басты назарда – Майқұдық. Жақында Әлихан Бөкейхан деп атала бастаған ауданның орталығы осындай құрметке әбден лайық. Қазаққа Г.Головкиндей саңлақты сыйлаған мекен бұл.

Түсірілім биыл сәуір айында басталып, бірнеше айға созылған. «Бізді өзгерткен Вирус» тіркесі – фильмнің өзегі. Кинодағы негізгі оқиғалар 2020 жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында, яғни індеттің бірінші толқыны кезінде Қарағандыда өтеді.

Жалпы, 318 актер кастингке қатысып, 90-ы таңдалса, 30 пайызы кәсіби актерлер. Махмұт Садыханов, Мадияр Қойшығарин, Бек Киекбаев сынды кәсіби әртістермен қатар, бас рөлді жас актерлер Серікболсын Қайыржанов, Наргиз Аркенова ойнаған.

– Негізі біздің Қарағандыда кино саласы жақсы дамыған деп айта алмаймын. Бірақ талантты жастарымыз өте көп. Сондықтан қаламызда кино саласын дамытуға үлес қосу, жастардың талантын ұштау мақсатында бірігіп жұмыс жасадық. Қарағандыда осындай сапалы дүниелер көп шығаруды қалаймыз. Егер халыққа ұнап жатса, сұраныс артса, біз ары қарай да жұмыс жасауға дайынбыз, – деді Арман Әлімжанов.

«Әр нәрсенің бір жақсылығы бар» демекші, кезінде өте криминалды аудан болған Майқұдық енді шаһқар кинотуындылардың Отаны болатын кез келді. Өйткені, Майқұдық көшелері хақында халық арасында мыңдаған аңыз жүр. Сол өмірлік оқиғалардың бәрі экранға көшуі керек қой. Мүмкін болашақта Головкин туралы фильм де түсіріп қалар. Қысқасы, енді тек Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана емес, үлкен жобалар Қарағандыда да қолға алынады. Тіпті, тарихи кинолар да түсірілуі мүмкін. Бұған біз баспасөз мәслихатында куә болдық.

«Первая волна» фильмі халықтың сұранысынан туған. Көрермендер қолқа салып, қоймаған соң Жәнібек Садыханов бастаған шығармашылық топ жұмысқа кіріскен. Өмірде болған оқиғалар негізінде 2 сағаттық фильм өмірге келді. Індеттің бірінші толқыны басталғандағы қиындықтар, орын алған тарихи жағдайлардың бәрі картинада көрініс тапқан. Ішінде көркемдік тұрғыдан жасалған эпизодтар да бар. Көркем фильм болғандықтан тартымды болуы тиіс. Осы жағы ескеріліп, мейлінше, шынайы, көрермен жалықпайтындай етіп түсіріпті.

Фильмді тапжылмай қарап шығып, коронавирус туралы елімізде алғаш болып жарыққа шыққан фильмнің Арқа төрінде түсірілгеніне іштей қуандық. Туысынан айырылған адамдар, карантинде үйге қамалған жұрт, жұмыссыздықтан ұрлыққа барған халық бәрі фильмде тұнып тұр.

Бұл фильм – жұмыстың басы ғана. 8 бөлімнен тұратын телехикая 2022 жылы ақпан айында көрерменге жол тартады. Түсірілім жұмыстары біткен. Енді, тек дубляж бен монтаж қалыпты. Ол сериал осы «Первая волна» фильмінің заңды жалғасы болмақ. Осы жолы көкейімізде туындаған сұрақтардың бәріне сол телехикаяда толық жауап табамыз. Оның әр бөлімі 35 минуттан болады.

Облыстық полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, сауда үйлерінің иелері және Сәкен театры ұжымы журналистер қауымы барлығы да туындының жарыққа шығуына өз үлесін қосқан. Кәсіби актерлермен қатар, қарапайым адамдар да эпизодтарда ойнаған. Бұл аймақ киноиндустриясының сатылап дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Біз бұған дейін Арман мырзаның Шайтанкөл туралы жұмысына куә болғанбыз. Оның шығармашылығында, қадамында ілгерілеу, даму байқалады. Ол осы салада 15 жылдан бері жұмыс істеуде. Мамандығы архитектор болса да, киноға жаны жақын. Көп жылдан бері осы саланы зерттеп, ізденіс үстінде жүрген жан.

Ол түсірілім кезінде қарды қолдан жасауда қиындық туғанын айтады. Жасанды қар 20 минутта еріп кетеді екен. Бұған өрт сөндірушілер көмек беріпті.

Сонымен қатар, кинода дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының үлкен еңбегі көрініс тапқан.

Фильмнің идеясына келсек, өзегінде адамгершілік қасиеттер, махаббат сезімі жатыр.

Бас кейіпкер жетім өскен Бекболат Майқұдықтың ерке ұлы. Күтпеген жерден індет кезінде жас волонтермен танысып қалады. Осылай оның жақсылық жасауға деген ынтасы мұның жүрегіндегі, көшеден жұққан қатыгездікті ерітіп, жақсылыққа бастайды. Волонтерлер жетекшісі Маликаға ғашық болып, өмірін түбегейлі жақсы бағытқа өзгертеді. Осылайша, көшенің бұзақысынан волонтерға айналып, жан-жағына нұр шаша бастайды. Уақыттың қадірін біліп, туыстарымен араласа түседі. Фильмді тамашалап отырып, бұған біз сендік. Демек, режиссер мақсатын орындады деген сөз бұл.

– Біз телеарна болғандықтан көрермендермен тығыз байланыста боламыз. Олардың әрбір пікірі біз үшін маңызды. Бір кездесу барысында біраз адам осы бірінші толқын туралы қалай болғанын, не болғанын көрсетуімізді өтінді. Сол сәтте идея туындады. Әкімшілік қолдау білдірді, солай жүзеге асты, – дейді Жәнібек Садыханов.

Бұдан бөлек, індет кезіндегі елдің уақыттың, туыстың, еркіндіктің қадірін ұққандығы да бар кинода. Тәп-тәтті махаббат сезімін де табасыз. Кейіпкерлер махаббат деп, адамшылықтан да аттамайды. Барлығы қазақы дүниетаным аясына сыйып тұр.

Соғыс ардагерінің ұрланған ордендері де Бекболат арқылы табылады. Жас өрендер де Майқұдық көшелерінде еркін жүріп-тұрғаны үшін Бекболатқа қарыздар. Олар бос жүрмей ерікті түрде елге көмек қолын созады. Маликаның басшылығымен Мәскеуден келген цирк жануарлары да аштықтан аман қалады. Оған грузин ағайындар қаржылай көмектессе, ол да Беканың Майқұдықтағы бедел-абыройының арқасы.

– Фильм өте әсерлі болды. Көңілім босап кетті. Індеттің кесірінен Сламбек Жұмағали, Сансызбай Бекболатов, ерекше дарын иесі Бақытқали Мұсабек сынды көптеген азаматтарымыздан айырылдық. Жақындарымыз да бақилық болды. Фильм осының бәрін көз алдымызға әкелді. Кинода Абайдың да өлеңдері оқылады. Керемет жұмыс жасалған. Әлі бұл басы ғана. Шығармашылық топқа табыс тілеймін. Қарағанды кино өндірісінің ошағына айналып, бізден де атақты дарындар шығады әлі, – деді Қарағанды қаласының мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Шындығында, көп дүние жұмбақ күйінде қалды. «Бекболаттың анасы ауруханадан шықты ма? Малика мен Бекболат үйленді ме?» деген сынды бірнеше сұраққа ақпан айындағы 8 бөлімді сериалдан жауап табамыз, бұйырса.

Жәлел ШАЛҚАР.

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.