РуханиятТұсаукесер

Пьюзоның «Өкіл әкесі» қазақша сөйледі

Әлемдік әдебиет жауһарын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Сүйіндік Жанысбай тәржімалады. Кітап тұсаукесері Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өтіп, 200 данамен басылып шыққан кітап жұртшылыққа тегін таратылып, оқырманына жол тартты.

 Кітаптың тұсаукесеріне ардагер журналист, телевизия тарланы Әли Тойжігіт, облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Алмагүл Игенова қатысып, Б.Бейсенов атындағы академия, Ж.Бектұров, М.Әуезов, Н.Гоголь атындағы кітапханалар өкілдеріне бес кітаптан тарту етті.

Өз кезегінде Әли Тойжігіт шараға қатысушыларды кітап мерекесімен құттықтап, қазақ сатирасының көрнекті өкілі Көпен Әмірбектің бақилық болуына байланысты бір минут үнсіздікпен еске алуды құп көрді.

Жаһан классиктерінің шаһқар туындылары қазақ тіліне кейінгі кезде сәтті аударылуда. Идеологиялық тұрғыдан да ұтымды қадам. Бұл қоғамның әдебиетке деген қызығушылығын байқатады.

18+ деген белгісі мөрленген су жаңа кітаптың баяндары көп. «Өкіл әке» бестселлері зорлық пен мейірімділік текетіресі, мафияның құпия қағидаттары һақында сөз етеді. Романда бас кейіпкер Вито Корлеоне құмар ойындарға, сыбайлас жемқорлыққа негізделген бизнесті басқарады. Бірақ отбасы мен достарына – мейірбан, жомарт, қара қылды қақ жарған әділетті жан. Шығарма желісінде оны ет жақындары мен серіктері әспеттеп, «Өкіл әке» «Дон Корлеоне» деп лақап ат қояды.

Сауал-жауап түрінде өткен тұсаукесер барысында кәнігі аудармашы, ақпарат саласының ардагері Сүйіндік Жұмабайұлы туындыны аудару кезіндегі жайттарымен бөлісті. Бұған дейін автор беларус, марий, чуваш, татар, алтай жазушыларының туындыларын тәржімалапты. «Өкіл әкені» аудару барысына қаламгер екі ай уақытын жұмсаған екен.

– Жақсы кітапты оқып, өз тіліме түсіре отырып, жаңа дос тапқандай қуандым, дейді, – сөз иесі.

Жоба ұйымдастырушыларының хабарлауынша алдағы уақытта Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» туындысы төл тілімізге аударылмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button