Руханият

«Оянған өлке» қалай жазылды?

Қара алтынның Отаны, еліміздің өндірістік жүрегі, кенді өлке Қарағанды аймағы хақында жазылған шығармалар баршылық. Солардың бірі – сөз зергері Ғабит МҮСІРЕПОВТІҢ «Оянған өлке» романы. Тұтас дәуірдің шындығын бейнелеген сүбелі еңбектің жазылуы мен жариялануы да оңай болмасы анық. Оқырман қолына жеткенше, түрлі деңгейдегі сүзгіден өтіп, жазушының ішкі толқыныстары арқылы түзеледі. Бірақ, оның барлығы жазушының естеліктері мен ол туралы жазылған деректерде, күнделіктерде қалады. Сондықтан, қолдан келгенше «Оянған өлке» романының жазылу тарихынан аздаған дерекке үңілуді жөн көрдік.

Мол деректерге зер салған сайын әдебиет сыншысы Серік Қирабаевтың «Өмір тағылымдары» атты көлемді дүниесі бізді өзіне тарта берді.

Шоқтығы биік туынды басында «Қарағанды» деп аталыпты. Академик С.Қирабаев ағамыз «Әдебиет және искусства» журналында 1952 жылдан романның басылуына қатысқан. Бұған дейін Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды» романы шығады. Ғабеңдікі әлі аяқталмаған. Енді қалай болар екен дегенде: Мен басында бұл романды «Қарағанды» деп атап едім, аздап созып алдым, солай бара берсін. Жұрт қай «Қарағандыны» қалар екен, көрейік, – деп бұл мəселенің шешімін редакцияға келген Ғабеңнің өзі айтқан екен.

Әр дәуірдің әдебиетке деген көзқарасы, қызығушылығы, сұранысы әр түрлі. Мәселен, қазір дайын тұрған романды екіге бөліп, әдеби журналға берген күннің өзінде оны «қалың оқырман асыға күтіп отыр» деу қиын. Өйткені, газет-журнал мен оқырман арасындағы баяғыдай біте-қайнасқан байланыс жоқ. Бұрындары «Не жазып жүрсіз?» айдары арқылы кімнің не жазып жатқанын оқырман біліп отырған. Алайда, Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс ханын» «Жұлдыз» журналынан күтіп, оқығандарды көрдік…

Ғабең өте кірпияз әрі шыттай таза киініп жүретін өте талғампаз болған екен. Оның моншаға көп баратынын, «Ұлпан» романы да сол моншадағы тастан көрген жазудан туындаған идея екенін оқып өстік. Жазушының аңызға айналған өмірі оқырманды үнемі тартып тұрады. «Оянған өлке» романын аяқталмай жатып-ақ, жариялап отырғаны шынымен қызық.

«Сонымен, 1952 жылдың басынан біз журналға «Қарағанды» деген атпен Ғабит Мүсіреповтің жаңа романын баса бастадық. Тек, аяғы біткенше соза тұру мақсатымен аздап-аздап бірнеше нөмірге беруге ұйғардық. Роман 1-5 нөмірлерде шықты. Бірақ, аяғы бітпей, үзіліп қалды. Оқырмандардан хат келе бастады. «Қызық басталған романның соңы қайда, қашан басылады?» деп сұрайды. «Бітпеген дүниені басып, неге оқырмандарды əуре қыласыңдар?» деген ашулы бір хат түскені есімде. Бұл жағдайдан шығу үшін Қайнекей Ғабеңмен келісіп, күнделікті жазғанын алып келіп, машинкаға бастырып, дайындап отыру жəне Ғабеңнің жұмыс істеуін асықтыру жағын ойластырды. Айқын марқұм екеуміз күнде таңертең кезекпен Ғабиттің үйіне барып отырамыз. Біз отырған соң ол жұмысын үзіп кете алмайды. Түсте біткен жағын алып, редакцияға қайтамыз. Ал, Ғабең түстен кейін жазбайды, қыдырады, демалады, ертеңгі жазуына керек материалдарды дайындайды» деп еске алыпты С.Қирабаев.

Қолжазбасы осылай жиналған романның соңғы жағы сол жылдың 10-12 нөмірлерінде жарияланған. Асыға күткен оқырман керегін алып, бір марқайып қалыпты. Ал, 1953 жылы «Оянған өлке» романы жеке кітап болып шығып, романның екінші кітабы – «Жат қолында» романы 30 жылдан соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына тиіпті.

Екі кітаптан тұратын осынау роман-дилогияда ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен Ұлы Қазан революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы, барша тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан-жақты терең суреттеледі.

«Оянған өлке» Қарағанды тақырыбына арналса да, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Арқада көмір өндірісінің ашылуы, жұмысшылардың алғашқы ұрпағының шығу кезеңі шындығын қамтыған. Атауынан көрініп тұрғандай, автор сол негізде қазақ өлкесінің оянуын, оған үлес қосқан кейіпкерлерді көрсетуді көздейді. Қазақтың көшпелі феодалдық тіршілігі мен жаңа туып келе жатқан капиталистік қарым-қатынастың қақтығысын бейнелеуге күш салады. Өмір шындығының жан-жақты кең суреттелген көріністерімен, сол дәуірде өмір сүрген адамдар тағдырының шындығымен, өмір ағысы мен сыры жайлы кең толғамды мазмұнымен, байсалды реалистік көзқарасымен «Оянған өлке» қазақ әдебиетінің аса құнды олжасы болғаны анық.

«Маған романның аяғы асығыс біткендей көрінеді. Басы асығыссыз, эпикалық кеңдікпен, үлкен суреткерлікпен басталған романның соңғы жағында оқиға жүйесі тым тез өрбіп, уақыт жылдамдықпен дамитыны осыны аңғартқандай. Егер, бас жағын жарияламай тұра тұрып, тұтас күйінде біткен соң жарияланса, оқырман қысымына түспес пе еді деп ойлаймын» депті Серік Қирабаев ағамыз.

Осы пікірден дайын емес көркем шығарманы бөліп жариялаудың да кей жағдайда жазушыға ауыр соғатынын ұққандай болдық. Алайда, қамшы салдырмайтын қара сөздің хас шебері Ғабең романды өз деңгейде алып шыққан. Бұл жөнінде небір әдебиетшілер пікір айтқан.

Заңғар жазушының 120 жылдығына орай оның сүбелі еңбегінің жазылуы хақында аз-кем ақпарат бере алсақ, мақсатқа жеттік деген сөз.

Ал, Сіз, бұл романның жазылуы туралы не білесіз?

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button