Руханият

Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ: “Жанарыңнан жан шыққанша төгілмес, Мөлдіреген шықтаймын” (лирикалық цикл)

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ: “Жанарыңнан жан шыққанша төгілмес, Мөлдіреген шықтаймын” (лирикалық цикл)

-1-

Өмір – мәнді!

Оныңызға жоқ дауа,

Көрінеміз әлсіз сәуле боп қана.

Біреу үшін – ұйытқып соққан ақ боран,

Біреу үшін – соғылатын ақ қала.

Өмір – мәңгі!

Олай айта алмайсыз,

Өзіңізді енді қанша алдайсыз?

Біреулерге – көлеңкесіз көрінбес,

Біреулерге – гүл шырыны

балдайсыз.

Қанша сипат берсеңіз де иланып,

Жалқы белгі жете қоймас миға анық.

Бірге өткізген ең аяулы сәттерді,

Өмірім деп,

Сіз екеуміз жинайық.

Құн жете ме мерейленген шақтарға,

Сізге жазған сонау күнгі хат қайда,

Үміт барда үзіле ме деміміз,

Өзек барда,

Өмір керім тоқтай ма?

Өткенімде құлдырады құным сан,

Жасырмайын

Сіз деп тұрдым жығылсам.

Айналамнан жел соққанда қалтырап,

Бір ақ ауыз сөзіңізге жылынсам.

Мен өзімді өмір сүрдім дер едім,

Сізден өзге ұсынбаса көмегін.

Ешкім маған барсың, жоқсың демесе,

Ешбір адам сұрамаса себебін.

Жоқтың пайда боларын да ұмытпай,

(Бардан жоққа айналатын ғұрыпты-ай…).

Бірі – жақын, бірі – жатың деседі,

Бірін бірі екі ойым тұр ұтпай.

P.S.

Көңіл деген болып қалды көк өрім,

Жолыңыздан бірер минут бөгедім.

Қалтаңызда телефон бір дір етті,

Қолыңызға түсті солай өлеңім.

-2-

Жанарымда тұрса тұрсын шық тұнып,

Менен де бір табылады мықтылық.

Тұрса болды жазған осы өлеңім,

Сізге ғашық екенімді ұқтырып.

Басыңызға қонса қонды бақ талай,

Төбеңізде манаурады әппақ ай.

Тар жол тайғақ кешіп көрген жоқпысыз,

Өмір жолы болды ма рас тақтадай?

Бір жүгініп көрмедім деп айлаға,

Ақ боп жүрдім дей алмайсыз қайда да.

Бұл өмірді майдан көрмей бір мезет,

Бір дем алып,

Қараңызшы жәй ғана.

Көзіңізге түсемін бе, бармын ба,

(Кім біледі кішірейіп қалдым ба?)

Айдарымнан жел ескенде биікпін,

Аласамын махаббаттың алдында!

Мен осыны өмір деймін сенсеңіз,

Ерге сын ғой тағдырына көнсе қыз.

Бақ пен шақты таразыға тең тартып,

Мен секілді кірпік қақпай өлшеңіз!

-3-

Қалауымды түрің болмас ұғатын,

Дәурен деген сәттер екен көшетін.

Саған қарсы дауысым жоқ шығатын,

Саған қарсы жел болмаймын есетін.

Арман дейсің,

Алға дейсің, мақсатың,

Меніменен қатысы жоқ бар ұқтым.

Құс қанатын,

Қадірлінің жақсы атын,

Саған әкеп,

Саған байлап таңыппын.

Атқан таңның мұңаймадым бірін де,

Сені іздеген іңірім-ай әдемі.

Жасырынған жүрегімнің түбінде,

Бір қуаныш,

Бір мейірім бар еді.

Уысымда тұрмайды ғой шақ көніп,

Саған іңкәр көңілімді суыттым.

Тұтас әлем көз алдымда ақ болып,

Көрінгенде Сен жетті деп ұғыппын.

-4-

Махаббаттың болды ғой кезі күлген,
Менсіз жерді не етейін мекендесең?
Отқа ораған құпия сезімімнен,
Бас тартпай өтем десем.

Күн туады бәрінен жырақтайтын,
Әр біреуге емексір желім жаным.
Дүниеден өтсем де мұңайтпайтын,
Білемін кегің барын.

Біле тұра көңілді таңдайын ән,
Өткен өмір, өткінші көңіл дедім.
“Жалғызым” деп сүйгізер маңдайыңнан,
Жалғыздық еміндемін.

Ақ жауынды күн-түні себелетіп,
Сезімімді сөзіме жоқтатар ең.
Сен болмасаң кімге мен елең етіп,
Кімге көз тоқтатар ем?

Есіміңді айтпайтын есіл өлең,
Бір әсерге бөлейді парағымды.
Жүре тұрам тағдырдың кесімімен,
Жас жуып жанарымды.

-5-

Өткергендей өмір күзін,
Өлең жазам «әттеңге»,
Алабұртып қоңыр жүзім,
Гүл құшақтар сәттерде.

Арамыз ба, бір ақ адым,
«Сүйем» десең егер кеп.
Жанарымнан ұяламын,
Сағынышын төгер деп.

Түседі екен еңсем қалай?
Түсінгендер үндемес.
«
Ұнатпаймын» десем талай,
«Сүймегенмен» бір емес.

Жүрек заңы тосынырақ,
Жас, жағдайға қарамас.
Наз бен нала қосылып ап,
Бір соғады аралас.

Танымасам «жарлы күй» деп,
Сертке берік болғаным.
Бойдан биік тағдырым деп,
Қабылдаймын қалғанын.

Ақ параққа жаза берем,
Сенем десең көктер ем.
Сезімімді жаза көрем,
Өткерем ғой, өткерем.

Десем дағы, ардың құны,
Әйтеуір бір өр елес.
Жанның нұры, жанның мұңы,
Ел айтатын сөз емес.

Өлеңімді құт дейін бе?
Жақын етті жырақты.
Жауап жазба, күтпеймін де,
Әсері аз сияқты.

-6-

Мені іздейсің,

Саған адал, саған ақ,

Қасыңа еріп жүргенімен дос ұдай.

Күліп түскен суретіңе қарап ап,

Өлең жазып отырамын осылай.

Бағым, сорым екеуі де қалың-ау,

Қыр гүлімін киесінен күші кем.

Жаның жүдей бастағанда, жаным-ау,

Көргің келіп мені іздейсің…

Түсінем.

Мені іздедің,

Ал мен сені ойладым,

Емексітіп өте берер ермек күн.

Менің күнде жүретұғын жолдарым,

Табаныңа тапталғанмен мен жоқпын.

Мені кім бар жұбататын өлеңдей,

Еркімнен тыс саған байлап сезім жыр.

Мұқағали «ішіп кетті» дегендей,

Өзің жайлы жазып кеткен кезім бұл!

-7-

Жадырап бір сөйлесем ғой,

Ол – арман,

Жақындарым жүз жапқанда білер бір.

Тастан берік, мұздан суық қоғамнан,

Менің жаным жабырқайды,

Жүдеп жүр.

Өлеңіммен өтінемін қиылып,

Жарық сәуле төгілетін Көгім-сен.

Көп ішінен болса дағы, жымиып,

Бірер минут көзіме бір көрінсең.

Тық, тық уақыт түсініксіз өтуде,

Өмір сүріп келе жатам елдей бір,

Ардан, жардан аттап, аттап кетуге,

Аяқ көніп,

Ақын жүрек көнбей жүр.

Жазғанымды оқымасаң өз іргем,

Өкінем деп хат жолдама елеп, кеш.

Бар кезімде бірер ауыз сөзіңмен,

Болмысымды сақтауыма көмектес.

Жүріп келем, жаным жалқы, жол тұман,

Өтемін ғой, адалдығым ғана сын.

Күйімді осы тебіренген, толқыған,

Бір-ақ адам…

Сен тоқтата аласың.

Ортаданмын жазғандарын елші етер,

Айла етіп пайдакүнем қылып жүр.

Жер бетінде маған қолдау көрсетер,

Жан барлығын осы жолы ұғындыр.

Шеті, шегі көрінбейтін күйбеңнен,

Босап шығып саған қарай беттедім.

Дос та болдық,

Дұшпан болдық сүйгеннен,

Күліп қарсы ала қойшы, өкпелім.

-8-

Сезіміме сияқтымын төлеген.
Көз алдымда жүрмесең ғой,
Көнер ем.
Алыстатқан адамдар ғой, адамдар!
Қосам деген өр өлең.

Өмір деген кім сөкпеген ағысты,
Көңіліміз көп ішінде табысты.
Табанымыз көтерілмей жоғары,
Қара жерге жабысты.

Жүздесуді тілемеймін тағы бір,
Арман десең алдамшыны алып ұр.
Аңқылдаған сәтің мендік екенін,
Сезесің ғой бәрібір.

Кейіпкерім екеніңді ұғады,
Ұқ,
Түрлі әріптен есімің тұр құралып.
Құпия бір сөзің бар ма дегенге,
Муза деймін қуанып.

Ақтамаймын, жақтамаймын ісімді еш,
Мендік тағдыр – қыран жасы түсірмес.
Ақ жанымды даттап, мақтап дәл сендей,
Ешкім жақсы түсінбес.

-9-

Көргенде алғаш сенерім дегем,

Арманмен әлі арбасам.

Қасымда жүрші дегеніңменен,

Қыстамайсың ғой қалмасам.

Қаталдықпенен құрамдассың-ау,

Күтетінімді білесің.

Тырс еткен дыбыс шығармаспын-ау,

Ынтызар көңіл үдесін.

Халымды білмес елеп ешкім кеп,

Есіңе түссем бір егер:

Өлең жаздырған мен емеспін деп,

Күмәнмен қарап жүре бер.

Сағынышым бар қарашығымда,

Кофе ішем де, шөлдеймін.

Көзімнің толы шарасы мұңға,

Ақын тағдырдан көрмеймін.

-10-

Сенің мөлдір жанарыңда күнде есен,
Ынтық жүзім елес болып тұра ма?
Өзің келіп қал-жайымды білмесең,
Мен жайында сұрама.

Өлең дедік, куә оған айсыз бақ,
Екеумізге берілерде бір есім.
Асылыңның қайда екенін жайсыз қап,
Шылым шексең білесің.

Әр нәрсенің қайыры бар ұққанға,
Тылсым ғұмыр қалап алып кеткен ем.
Сөмке асынып саябақтан шыққанда,
Өз-өзіңе өкпелі ең.

Бөлек тағдыр таңдағанға сонар көп,
Онда ешкім күй кешпейді балдырған.
Ақындықтың бір белгісі болар деп,
Адалдықты қалдырғам.

Екеумізге ортақ не бар, бөлінбес?
Өз күйімді өзім қазір ұқпаймын.
Жанарыңнан жан шыққанша төгілмес,
Мөлдіреген шықтаймын.

Басқа материалдар

Back to top button