Тағзым

ТӨҢКЕРІЛГЕН ҚАЗАН төрден кеткен құтты еске салды

Қазан – қазақ үшін молшылық пен тоқшылықтың белгісі. Ал, егер ол төңкерулі жатса, жүрегіңіз шымырлайды. Мұндай эпизодтарды біз телеэкраннан көрдік. Шапқыншылық жылдары, ашаршылық зобалаңы туралы фильмдерден. Күні кеше Қарағандыда ашылған ескерткіштегі қара қазан таянған ер мен әйелдің бейнесі бүкіл қазақ көрген қияметті жеткізді бізге. Мүсінші іргеге ағаш қойыпты. Оны болашаққа деген үміт деп түсіндірді.   Еуропа қазақтары тарту еткен ескерткіш Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы саябаққа, дәл «Әнет баба» мешітінің жанына орнатылды. Қандастар бұл жерді тегін таңдамаған. Мешітте үнемі азан шақырылып, құран оқылады. Азан мен құран үні нәубет жылы қырылған көп қазақтың рухына шапағатшы болсын деген ниетпен.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, қоғам қайраткерлері және шетелден келген мейман қазақтар қатысып, бабалар рухына тағзым жасады. Жиылған жұртшылық ашаршылық һәм қуғын-сүргін кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Бүгін қордасына қан сіңіп, қой-науына шер тұнған Қарағандыда сонау сортаң күндердің сорабынан сыр шертер тағы бір ескерткіш бой көтеріп отыр. Шетелдерде тұрып жатқан қандастарымыздың бастамасымен жүзеге асқан бұл идея тарихымыздың терең қойнауындағы қалтарыс пен ақтаңдақтың сырын ашуға ұмтылған мемлекеттік мүддемен астасып жатыр.

Биік парасат, тарихи талғаммен екшелген жобаның құндылығы сол, мұнда тағзым етуге келген әрбір азаматтың санасын билеген өкініш өр рухқа жол беріп, әрқайсымызға ой салатын болады.

Олай болса, ақтаңдақ жылдардың аманатына адалдық танытып, осындай тарихи жобаның жүзеге асуына ұйытқы болған қандастарымызға аймақ тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Қадірлі қандастар! Сіздер – кешегі қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары. Ендеше, азалы жылдардың азабын Сіздерден артық түйсіну мүмкін емес. Өйткені, Сіздердің түп-тұқиян, зәузаттарыңызбен тартқан қасірет, шеккен азаптарыңыздың жарасы әлі күнге жазылған жоқ, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Германияда тұратын мүсінші Жармұхамбет Тілеген ескерткішті елге келіп жасапты, жарты жыл уақытын жұмсапты.

– Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату идеясы Еуропаның әр түпкірінде тұратын қазаққа тиесілі. Германияда біздің «Наурыз тобы» атты қоғамымыз бар. Бәрімізді атамекен Отан, ортақ тарих байланыстырады. Аштық жылдары үш миллионнан астам қазақ қырылды. Біздің ата-бабаларымыз зобалаң зұлматты басынан өткерді. Өскелең ұрпақ бұл тарихи оқиға туралы біліп жүруі үшін ашаршылық туралы еске салатын ескерткіш орнатуды жөн көрдік, – дейді мүсінші Жармұхамбет Тілеген.

Сонымен қатар, мүсінші өткен ғасырдағы қуғын-сүргіннің зардабын отбасы да көргенін айтады. Әсіресе, әкесіне өмір бойы елден бой тасалауға тура келіпті. Әйтпегенде, ату жазасының құрбанына айналуы әбден мүмкін еді.

Мүсінші әуелі бірнеше эскиздер жасап көрген. Көптің талқысынан, таңдауынан өткені осы болыпты. Ескерткіш – граниттан. Биіктігі – 1,2 метр.

Салтанатты шара «Отандастар қоры» қоғамының басшысы Абзал Сапарбекұлының, мүсін авторы Жармұхамет Тілегенұлының, сондай-ақ, Норвегия, Германия, тағы басқа Еуропаның елдерінен келген қандастарымыздың тілегімен жалғасты.

Қасіретті жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болғандардың есімін ұмытпай, өткенге тағзым етіп, тарих ақиқатына тереңірек мән беру, оны ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы екенін жеткізді.

– Ешқайсымыз мәңгілік емеспіз. Біз – жастарды өткенмен байланыстыратын ұрпақпыз. Біз болмасақ оларға өткеннің қайғылы оқиғалары туралы кім айтып береді? Ал, бұл ескерткіш біздің бейбіт аспан мен өмірімізді бағалайтын қайғылы күндерді еске салуы тиіс. Сондықтан, ұсынысымызды қолдаған Қарағанды жұртшылығына көп рақмет айтамыз, – деді Еуропадан келген қазақ қауымдастығының өкілі Серік Тұрсын.

Елеулі шараға ұйытқы болған еуропалық ағайынға «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, белгілі қаламгер Қайрат Әбілда ағамыз ақжарма алғысын айтты. Ал, жастардың атынан сөз алған жас ақын Бектас Жұманның қазақ арыстарын еске алған отты сөздеріне жиылған жұртшылық қол соқты.

Осылайша, төңкерілген қазан төрден кеткен құтты, елге жеткен жұтты һәм зұлмат жылдары көз жұмған көп қазақты, қолдан жасалған қастандық, азапты еске салды. Тағзым…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button