Сайлауалды дайындық – белсенді
Алдағы Президент сайлауына дайындық Теміртауда да қызу жүргізілуде. Қаладағы сайлау комиссияларын қалыптастыру кезеңі толық аяқталған. Сайлау комиссиясы мүшелері де оқудан өтіп, арнайы сертификаттар алды.
– Қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттар үшін қол қою парақтарының кезеңі сәтті өтті. Үміткерлердің сенімді өкілдері қолтаңбаларды жинады. Заңға сәйкес, әр кандидат сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуы тиіс болған еді, – деп атап өтті Теміртау сайлау комиссиясының төрағасы Наталья Шевченко.
21 қазаннан учаскелік сайлау комиссиялары жұмыстарын жүргізуде. Ондағы басым бағыттардың бірі – сайлаушылар тізімін тексеру, шақыруларды жеткізу болмақ. Ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істеуге айрықша көңіл бөлінеді.
– Мемлекеттік мекеме белгілі бір себептерге байланысты дауыс беруге келе алмайтын адамдардың тізімін береді. Комиссия мұндай адамдарға шақырту қағаздарын жібермейді. Олар өздері өтініш жазып, телефон арқылы мекен-жайын айта алады, Ал, біз оны өзімізге белгілеп алуымыз керек. Сайлау күні мұндай тұрғындар үшін үйде дауыс беруді ұйымдастырамыз, – деді Н.Шевченко.
Теміртауда 159 сайлау учаскесі тіркелгенін айту керек. Олардың екеуі жабық сайлау учаскелері, бірі – орталық аурухана болса, екіншісі 5516 әскери бөлімі.
Салтанат ІЛИЯШ
ТЕМІРТАУ