Сана қашан селк етіп оянады?

Лиза ШЕКЕН,
дизайнер, жеке кәсіпкер

Бұл күні жұрт жаппай барлық кездескен қиындық, ауырлығына Үкімет пен мемлекетті жазғыратын болып алған. Тіпті, қорадағы сиыры бұзаулай алмай жатса, жалғыз тауығы жұмыртқаламай кетсе, мемлекетті  қарғап-сілейді. Бұл қай сасқаны? Сиыры бұзаулай алмаса, ол өзінің дұрыстап қарамағандығы. Тауығы жұмыртқаламаса, жібі түзу шыны-жемін бермегендігі де. Үкімет пен Президент-тің бұған не қатысы бар? Сол  сияқты кәсіп бастаймын деп, бизнесінің доңғалағы кері кетіп, соңыра тоқтап тынса, оған да Үкімет айыпты. Ал, осы кәсіпкерлікте жүрген бір кәсіп иесі ретінде мен бұған мүлдем келіспеймін…

 

Кәсібімізбен шетелге жиі сапарлап тұрамыз. Сырттағы елмен өзіміздегі ахуалды салыстырамыз. Сонда аңғарғанымыз – біздің елде бизнес жасаймын дегенге жеңілдік жетіп артылады. Жұмыс бабымен Әзірбайжанда, Түркияда, Ресейде болдық. Сол уақытта Қазақстанда кәсіпкерлікке ашылған өрістің кеңдігін сезіндік. Соның ішінде, мезгілімен салығын төлеп, заңнамасына томпақ әрекет жасамасаңыз, ешкім тек демейді.

Айталық, Әзірбайжанда дәл біздегідей кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Ашылған күнде өзге құзырлы орындар қада-мын аштырмайды екен. Тексеріс те, тексеріс, ақыры жабылып тынуға мәжбүр.

Ал, енді АҚШ-ты алайық. АҚШта өздеріңізге мәлім, онда тапқан табыстың 39 пайызына дейін салық қып төлейсіз. Қазақстанда ше? Мысалы, біздің шағын кәсіпкерліктің тиісті салығы 3 пайыз көлемінде ғана. Мұның сыртында қаншама мемлекеттік қолдау шарала-ры тағы бар. Сондықтан, елде біздің кәсіпкерлікке жол жоқ деу – далбаса. Әрекет етемін дегеннің қолын ешкім қағып отырған жоқ. Олай болса, үкіметті жазғырудың жөні не?

Түркиядағы түрік ағайын өз елдерінде бәсекелестіктің жоғары екені айтады. Сол себепті, онда ашылған бизнес бәсекеге төтеп бере алмайды. Одан да өзге елдерде ашқанды құп көреді екен. Қазір түріктердің бизнесі жоқ бірде-бір елді таба алмайсыз. Бәрінде Түркия азаматтары кәсіп жасап жүр. Ал, Қазақстанның қай азаматы еліне сыймай сыртта бизнес қылыпты? Құдайға шүкір, кәсіп те бар, нәсіп те бар. Тек ынта-ықылас, тырбанып еңбектену керек. Сонда ғана нәтиже шығары хақ.

Әлбетте, жұмыс барысында қиындықтар болады. Әсіресе, алғашқы жылдары кедергілер кездеседі. Бірақ солай екен деп, кәсіпті тастай салып, безе қашу, сосын Үкімет маған жақтаспады деу – білімділік емес. Оның түп төркінінде – жалқаулық тұр. Жығылып қалдым деп, жер жастанып жата қалып жылайтын жылауықтық тұр.

Кәсіп етемін деп бел буып келдіңіз бе? Соның ыстық-суығына төзе білген абзал. Орта жолдан тастай қашқан жерде береке қайдан болсын?!

Бар сәтсіздіктеріңізге мемлекетті айыптай бермей, алдымен кінәні өзіңізден іздеңіз. Сонда ғана көкірекке сәуле жүгіріп, санаңыз селк етіп оянбақ…