Президент: “Дәрігерлер қосымша төлемді дер кезінде алуы керек”
Мемлекет басшысы пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген барлық медицина қызметкерлерінің ерлікке пара-пар еңбектерін атап өтіп, оларға төленетін барлық қосымша төлемдерді дер кезінде беруді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Қосымша төлемдерді төлей бастағалы бері, менің атыма оның сомасына, төлем алушыларға және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар мен шағымдар келіп түсе бастады. Мемлекеттік комиссия қаражаттың өз иелеріне дер кезінде жеткізілуін қатаң бақылауға алып, жұмыстың ашық жүргізілуін қамтамасыз етуі керек. Біз коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне көмектестік. Олардың саны шамамен 30 мың. Сонымен қатар жергілікті билік басқа да санаттағы медицина қызметкерлерінің мәселелерін шешуден қашпауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Медицина қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен, жұмыс істеуге қажетті жағдайлармен және тынығу орындарымен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда болуға тиіс. Бұл жұмыстар полиция мен әскери қызметшілерге және алдыңғы шепте жүрген мемлекеттік орган қызметкерлеріне де қатысты жүргізіледі.