Орталықтың «Даңқ» аллеясы

Иван  ГАВРИЛОВ

Иван Самсонович Гаврилов 1913 жылы Макеев кентінде (қазір қала) дүниеге келген. Оның әкесі шахтер болатын. Сол жерде кен өнеркәсібі училищесін тәмамдаған Иван Гаврилов Донбасс шахталарында жұмыс істеді. Қызыл Армия қатарында борышын өтеп қайтқаннан кейін де кенші болды. Учаске бастығына дейін өсті. Коммунистік партия қатарына өтті.

Жас кенші өмір қиындығымен өзін сынамақ болды. Шпицберген аралында 1940 жылы көмір қазды, одан кейін Қарағандыға келіп, №12 шахтада істеді. 1943 жылы осы арадан майданға аттанды.

Әскери бөлімшеге келген бойда кіші сержант Гаврилов атқыштар бөлімшесінің командирі ретінде ұрыс даласынан бірақ шықты. Өз тобын ілестіріп, Днепрдің оң қабағына ұрыспен өтті. Ол жаудың атқыштарының және әуеден шүйілген самолеттерінің назарын өзіне аудартып, жолдастарының аман қалуына себеп болды.

 Енді бір жолы Днепрдің сол жағалауындағы тоқымдай ғана жер үшін топты жауға қарсы бес тәулік бойы жанқиярлықпен соғысқан Иван Самсоновичтің қайтпас қайсарлығы, қаһармандығы теңдесіз ерлікке пара-пар еді. Осы ұрыстағы ерлігі үшін 1943 жылы қазанның 29-ында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Кезінде елдегі кеншілерге, қарағандылық жерлестеріне жазған хатында И.Гаврилов былай деген еді: «Құрметті кеншілер! Күш-жігер аямай еңбектеніңдер. Мен жауды көбірек жайратамын, ал сендер көмірді көбірек өндіріңдер. Осылайша жарысқа түсейік».

Алайда, батыр Жеңіс күнін көре алмады. 1944 жылғы қаңтардың 2-сінде ауыр жараланған Гаврилов Киев облысындағы Ставище поселкесінің жанында ем үстінде қайтыс болды. Макеев қаласының бір көшесі – Батыр есімімен аталған.

***

Владимир БРЕУСОВ

Қаһарлы 1942 жыл, қанды шайқастар кезі. Жау Кеңес Одағының төріне ұмтылып, қолқасына қол салды. Дәл осы тұста фабрика-зауыт мектебін жаңа бітіріп, Қарағандыға келген алматылық Володия Бреусов 50-52-ші шахтада тіреуші болып істеп жүрген. Алайда, жас кенші Отан тағдыры таразыға түскен майдан жайын көбірек ойлап, алаңдай берді. Сөйтіп, 1943 жылдың басында Қарағанды комсомолының түлегі Володия өз еркімен майданға аттанды

1943 жылдың тамыз айы. Харьковті азат етуге ұмтылған әскеріміз ұрысты үдете түсті. Жерлесіміз Владимир Бреусов аға лейтенант Петришевтің қарауындағы 16 жауынгердің бірі еді. Олар Полевое ауылы түбіндегі жау бекінген шоқыны басып алып, ұрыс салды.

Володия Бреусовтың пулеметінен атылған оқтар жауды құрақша жайпады. Сол күні жаудың от шашқан бес ұңғысының көмейіне құм құйып, В.Бреусов жау окопына да жетті.

Фашистер де шабуылын қоймады.

Кеңестік бір топ жауынгер биіктікті бекем иемденіп, 36 сағат бойы дұшпанның соққысына төтеп берді. Шабуылға қанша танк, жалын атқан пулемет қатысты. Бірақ, Владимир Бреусов құрыш құрсанған қанішер жаудан тайсалмады. Топ-топ дұшпанды өзіне таяу келтіріп, жаусатып отырды.

Он алты ержүрек жігіттің жетеуі ғана тірі қалды. Оқ таусылды. Алайда, жау шоқының иығына шыға алмады. Сол мезетте бұларға арттан тың күш келіп қосылды. Жауынгерлер қанға боялған шалажансар жолдастарын көрді. Бір ғана Владимирдің оғынан 112 фашист жер жастанған екен. Осынау ерлігі үшін 1943 жылғы қарашаның 1-де КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Владимир Ефимович Бреусовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бұдан кейін, 1944 жылы кіші лейтенант Владимир Бреусов Орал мен Белгород шаһарларын азат ету соғысына қатысты. Ленин, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және медальдармен наградталды. Полевое ауылының Құрметті азаматы атанды.

1945 жылдың қаңтарында Қарағанды жастарымен кездесу кезінде Владимир Ефимович ерлік атаулы, тек, Отанға сүйіспеншілік, халық алдындағы парызды сезіну үстінде ғана келетінін айтты. «Менің туған жерімді жау етігі таптайды-ау» деген ой басыма келген емес» деген еді ол.

Соғыстан кейін, 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, соңынан аспирантурасын тәмамдаған В.Бреусов қалған өмірін ұстаздыққа арнады. Оған «Қазақ КСР Жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді.

Алматыда қайтыс болды.

***

Николай  ГРИГОРЬЕВ

Николай Михайлович Григорьев 1925 жылы желтоқсан айында Ярославль облысының Старово деревнясында туған. Ұлты – орыс.

Кеңес Армиясы қатарына 1943 жылы келді. 17 жастағы балаң жігіт әскери комиссариатқа келіп, майданға жіберуді өтінеді. Ол кіші командирлер мектебін 1943 жылы бітіргеннен кейін майдандағы 65-ші армияның 354-ші атқыштар дивизиясы қатарына алынады.

Алғашқыда пулеметші болып соғысқан еді. Ерлік көрсеткені үшін барлау взводы командирінің орынбасарлығына ауыстырылды.

Біздің әскерлер 1944 жылы күзде Белоруссия жерін азат етіп, соғыс қимылдарын Польшада жүргізді. Берлинге 5000 километр қалған еді. Бірақ, жау су бөгеттерін пайдаланып, қатты қарсылық көрсетті. Дивизия бөлімдері Нарев өзеніне шыққаннан кейін тоқтап, неміс фашистерін өз інінде біржолата талқандау үшін соңғы әрі шешуші шабуылға әзіренді.

Қыркүйек айының соңында жас жауынгер Григорьев қызмет ететін полктің алдына Нарев өзенінен өту мінеті қойылды. Сержант Николай Григорьев бастаған 15 барлаушыға кешкі қараңғылықты жамылып, Нарев өзенінен өткел тауып, ешбір дыбыс шығармай өту, жаудың әскерлері мен техника күшін анықтау, мүмкін болғанша плацдармды алу тапсырылды. Барлаушылар қас қарайған соң өзенге шықты. Өткелді тауып алысымен ешбір сыбыс білдірмей, өзеннен өтіп, жаудың мина қойған алаңдары мен инженерлік қоршауынан шығып, ойламаған жерден фашистерге лап қойды. Немістер барлаушылардың тегеурініне шыдай алмай, қашты. Григоревтің тобы плацдармды алды. Бірақ, жау таң атысымен қайта шабуылға шықты. Ержүрек жауынгерлер тоқымдай жерді бермей, екі тәулікке жуық шайқасты. Үш жүзден астам дұшпан жер жастанды. Шамалыдан соң осы плацдармнан бүкіл дивизия шабуылға шықты. Осы плацдармда көрсеткен ерлігі үшін сержант Николай Михайлович Григорьевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ержүрек барлаушы фашистерге Жеңіс күні жеткенге дейін соққы берді. Жапон милитаристерін талқандауға да қатысты. Бұл ұрыстарда ол Қызыл Жұлдыз орденімен және бірнеше медальдармен наградталды.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).