Жаңалықтар

Марғасқа

Қайран, Мақам, марғасқам,
Қарқаралым, қар басқан,
Қазаңды естіп қамықтым,
Ажал алды-ау арбасқан.

Қайтейін…
Сөгілді қабырғам,
Ел-жұртың қалды аңырған.
Қарқаралың тұр қан жұтып,
Айрылып арыстанынан.

Не дейін енді Мағашым,
Білуші ең ердің бағасын!
Кірлеткен жоқсың әманда,
Абырой – тонның жағасын.

Алыптың бірі ең тау-мүсін,
Сыналды талай тау күшің.
Ақ шешіп әркез беруші ең,
Қара халықтың даулы ісін.

Журналистік кең пайымың,
Шындық – кеме қайығың,
Арызқой кейбір пендеге,
Кешірімшіл едің – «айыбың».

Жазғаның – мірдің оғындай,
Сауыры – жуан, қоңы – май.
Жылқының сынын айтқанда,
Бейнебір сыншы Толыбай.

Кеңістік пен ғарыш айлағын,
Қалам құдіретімен байладың.
Ғарышкер Тоқтар ағаңмен,
Бір қазанда пісіп, қайнадың.

Қаншама бауыр, дос таптың,
Сөзіңді жұртқа қостаттың.
Ет жақының – оқырман,
«Орталық» деп төс қақтың!

Көкке өрлеп атақ, дәрежең,
Кеңейді іргең, керегең.
Басшы болдың салмақты,
Нұрмахан ағадай көреген!

Тау мүсін, дала көңілің,
Ғажайып сырлы өмірің,
Мағауия бауыр, кеттің бе,
Арқадағы асыл, тәуірім?!

Кайтейін Мағаш, қош енді,
Жарық етсін Тәңір көшеңді!
Алдында кеткен арыстар,
Арда бір ұлды тос енді.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button