«Апай, сізге гүл сыйлауға бола ма?»

Биылғы Мұғалім күні мерекесінде «Апай, сізге гүл беруге бола ма?» деген оқушыны кездестірдім. Оны байқаған апайы «Гүлді қайдан алдың? Сыйлық әкелмеңдер, мектепте ақша жиналмайды», – деп азар да безер болды. Көңілі түсіп оқушы кетті…

Осы мәселеге келгенде Білім және ғылым министрлігінің «Білім саласына мемлекет қаржыны жеткілікті бөліп отырғандықтан, оқушыдан ақша жинауға болмайды» деп тыйым салғаны белгілі. Солай болған күннің өзінде мектепте ақша жинау тыйылмай тұр. Ал, мұнда кінәлі болып шығатын, тек, педагогтер.

Осындайда, керісінше, «Мұғалімге сыйлық әкелдім» дейтін ата-ана жайлы ойланған жөн секілді. Жақсы бағадан дәмеленіп, сыйлық беріп жіберетіндерді естідік. Ертесінде «Біздің апай сыйлық алады екен» деп отыратындарды да көріп жүрміз…

 

«Мектеп қоры» деген жоқ

Жалпы, мектептерде қазіргі талап бойынша ата-анадан ақша жинауға рұқсат жоқ. Мұны облыстағы кез келген білім ошағының басшысы растайды.

Мәселен, Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Бауыржан Құсайыновтан «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма? деп сұрағанымызда, «1 қыркүйек – Білім күнінде оқушылар ұстаздарына гүл сыйлайды. Ол дәстүрлі мереке болғандықтан, онда тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен, гүлдің бағасы қымбат болмауы керек. Неге? Өйткені, қымбат гүл мұғалімнен балаға ерекше көзқараспен қарауды талап етеді. Кейін мұғалім сол балаға жоғары баға қойып, оқушының өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін», – деді. Оған қоса, жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистке берген сұхбатында «Мұғалімге гүл сыйлауды абсурдқа дейін жеткізді. Біз мұны сыбайлас жемқорлық емес деп санаймыз. Бүлдіршіннің бірінші сыныпқа келіп, мұғалімге гүл сыйлауы – бұл жемқорлық емес, бұл – дәстүр, бұл – құрмет» деген пікір білдірді.

Ал, қаламыздағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектептің директоры Мартбек Күзембаев осы уақытқа дейін ата-аналардан ақша жинау жөнінде шағым түспегенін айтады.

– Мектепте ата-аналар тарапынан мұғалімге сыйлық беруге тыйым салынған. Көпшілік ата-аналар ақшаны «Мектеп қорына» жинайды деп ойлайды. Қазір «Мектеп қоры» деген жоқ. «Қамқоршылар кеңесі» бар. Құрамы 9 ата-анадан тұратын «Қамқоршылар кеңесі» мектепке қаржы бөлгісі келген меценаттармен жұмыс істейді. Мектеп қажетіне жұмсалған ақша жөнінде жалпы ата-аналар жиналысында есеп береді, – дейді Мартбек Қайыркенұлы. Белгілі заңгер Күлпаш Шалболова директордың сөзін қолдайтынын айтады.

– Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңына сәйкес, барлық аймақтық білім беру органдары тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірлеген. Ол бойынша оқушылар мен ата-аналардан және мұғалімдерден ақша жинауға тыйым салынған. Еліміздегі білім беру мекемелеріндегі материалдық-техникалық базаны ретке келтіруге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және басқа да шаруашылық қажеттіліктері үшін тиісті қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Мемлекеттік мекемелерді материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау мемлекеттің қаржысына жүргізіледі. Егер ата-ана тарапынан наразылық болса, онда сотқа немесе облыстық білім басқармасының басшыларына шағымдануына болады, – дейді заңгер.

Заңгердің сөзіне сүйенсек, ата-аналар мұғаліммен өткен жалпы жиналыста «мектепке ата-аналар тарапынан өз еркімен көрсетілетін көмек» деген шешім қабылдай алады. Ата-аналар шешімді өздері қабылдаған соң, кейін «ақша сұратты» деп мұғалімді кінәламауы тиіс. Бұл – адамгершілікке сай емес әрекет болғандықтан, әркім қарсылығын жалпы жиналыста білдіріп, шешімді мұғалімдермен бірлесіп қабылдауы керек. Сондықтан, мектепке ақша беру-бермеу – әркімнің жеке шаруасы.

«Ата-аналар алғыс айтумен шектелмейді»

Көпшілік ата-аналар комитетінің тікелей қызметін ұмытып, мұғалімге ақша жинау мәселесімен айналысып кететінін жиі айтады.

– Заңды жақсы білетін кез келген мұғалім «маған сыйлық әкел» деп ешқашан сұрамайды, оны ата-аналар өздері ұсынады. Мерекелерде мұғалімге алғыс айтумен шектелмей, ақша жинайды. Сондықтан, көп жағдайда мұндай ақшаны «мектеп жинап жатыр» деу артық, – дейді психолог Жанат Сауғабаева. Өз баласынан ақша аямайтын ата-ананың бірі – Гүлнәр Есжанова.

– Екі ұлым бар. Мерекелерде ұстаздарына гүл сыйлау үшін ақша сұрайды. Балама «жоқ» демеймін. Өйткені, отбасымызбен ұстаздардың еңбегіне құрметпен қараймыз, – дейді ана.

Мұғалімдерге сыйлық ұсынатындардың көбісі балабақшаларда кездеседі деген оймен, қаладағы «Бәйтерек» балабақшасының директорына телефон шалдық.

– Жалпы, балабақшаға ата-аналар тарапынан берілген ақша балалардың тамағына жұмсалады. Балалары үшін жуынатын сүлгі, гигиеналық жабдықтарын ата-аналар өздері алып келеді. «Балама немқұрайды қарамаймын» дейтін аналар қосымша заттарын, ойыншықтарын да беріп жібереді. Балаға жан-жақты көңіл бөлген дұрыс. Олар мейірім мен қамқорлыққа бөленіп өсуі керек. Онда тұрған ештеңе жоқ, – дейді «Бәйтерек» балабақшасының директоры Рашида Тебай. Директордың сөзіне сүйенсек, балабақшаның тәрбиешілері жұмысқа кіріскен жылдан бастап «ата-аналардан ақша алмаймыз» деген құжатқа қол қояды. Ол – балабақшаның бұлжымас заңдылығы.

Мұғалімдер бюджет қаражаты туралы мәліметтен алшақ

Мектеп және балабақша директорларының жауабын зерделеген соң, мектепке бюджеттен бөлінетін қаражатқа қатысты ұстаздар арасында сауалнама жүргіздік. Көпшілік мұғалімдер «бюджет қаражаты жайлы білмейміз» деді. Тіптен, білім саласы қызметкерлерінің арасында мектеп үшін сабын, сүлгі, бор сатып алып жүргендер де бар екен. Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мамандары бюджет қаражатының қайда жұмсалатыны жөнінде мұғалімнің білуі қажет екенін айтады.

– Мемлекет білім беру мекемелерін жеткілікті қаржымен қамтамасыз етеді. Қаражат барлық қажеттіліктерге сай бөлінеді. Мұғалімдердің бюджет қаражатынан хабары болуы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады, – дейді олар.

Педогогке қандай сыйлық беруге болады?

Мұғалімдерге берілетін сыйлық төңірегінде «Бәйтерек» балабақшасының директоры Рашида Тебай «мұғалімдер үшін ең үлкен сый – ата-аналардың шын көңілмен алғыс айтуы» дейді.

– Бүлдіршіндер тәрбиешілеріне балабақшада өз қолымен жасаған бұйымдарын немесе салған суреттерін сыйлағаны дұрыс. Сонда ғана ол жемқорлық болып саналмайды, – дейді Рашида Тебай.

Ал, аты-жөнін атауды қаламаған қала мектебінің директоры ата-аналардың ұстаздар қауымына сыйлық тапсырғаны соншалық дау тудыратын мәселе емес екенін айтады.

– Осыдан алты жыл бұрын мектепті бітіріп кеткен оқушыларым жақында хабарласып, мектепке келіп, маған сыйлық бергісі келетінін айтты. Өздерін оқытқанымды алға тартып, нәтижесінде жақсы қызметтің тізгінін ұстағандарын жасырмады. Оқушыларымның тартуынан қалай бас тартамын? Бұл жерде, керісінше, ұстаз мәртебесін алға қойып, шәкіртінің алғысына бөленген ұстазды қошеметтеу керек емес пе?, – дейді ол.

Ал, сіз, оқырман, қолыңызға қалам ұстатып, әліпбиді үйреткен ұстазыңызды қандай сыйлыққа лайық көресіз? Жалпы, мұғалімнің еңбегін сыйлықпен ескерген дұрыс па?

Аяулым СОВЕТ.