Шойынжол шарапаты
Сарышаған десе, көптің қөз алдына өмірі көрмеген полигон көлденең тұра қалатыны несі?! Шындығында, атауын алғаны болмаса, Бетбақдаланың бізге беймәлім құбажонындағы әскери нысан (алып жатқан 81 200 шаршы шақырым аумақтың 49 200-і Қарағанды облысында) – кеңестік кезеңде зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі сыналған, жаңа әскери техниканы игеру жөніндегі тапсырманы табысты орындағаны үшін 1966 жылы – Ленин, 1981 жылы “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталған бұрынғы «Сарышаған» ғылыми-зерттеу полигонына оның ешқандай қатысы жоқ.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысында “Қарағанды-Луговой” теміржол желісінің бойында станса ретінде қалыптасқан ол полигоннан әлдеқайда бұрын, 1954 жылы 16 шілдеде ауылдық кеңес болып құрылған. Қазір қала үлгісіндегі кент. Балқаш көлі жағалауындағы маңызды тасымал торабы. Теміржолдан тыс халықаралық маңызы бар “Челябинск-Алматы” автомагистралі мен “Алматы-Қарағанды” тасжолы кент арқылы өтеді.
Кенттегі жиырма шақты кәсіпорын-мекеменің басым бөлігі теміржолға қарайды. Еңбекке жарамды 2430 адамның көпшілігі сонда жұмыс істейді. 103 адам жеке кәсіппен айналысады. Биыл жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөліміне өтініш берген 89 адамның отызы тұрақты жұмысқа орналасты, жетеуі – жастар үшін жасақталған жұмыс орнына, төртеуі – кәсіби оқуға жіберілді, қалғаны қоғамдық жұмысқа тартылды.
Жеке үйде тұратын жамиғат қосалқы шаруашылықты қолай көреді. Есепке алу кітабындағы мәліметке жүгінсек, кентте 118 аула мал мен құс ұстайды екен. Олардың жекеменшігінде 134 жылқы, 28 түйе, 767 ірі қара, 855 ұсақ тұяқ, 800 құс бар. Тіпті, шаруа қожалығын құруға да көңіл бөлінген: бұрын үшеу болса, биыл қатарға тағы төртеуі қосылды. Жеті шаруа қожалығындағы жалпы мал саны 1142 басқа жетті: өсім – 13,9%.
– Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі да мыту ойда бар. Айталық, “Алтынхан” шаруа қожалығы шөп шабатын техниканы жаңарту және жылқыны көбейту мақсатында “Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан” жеңілдетілген несие алмақшы. “Нұрзат” шаруа қожалығы күн сәулесі батареясын орнату үшін “NURKUATENERGY” фирмасымен келіссөз жүргізуде. Ал, Ш.Байтанаевтың “Ескендір” шаруа қожалығында сондай жарық көзі жұмыс істеп тұр, – дейді кент әкімі Расул Наурызбаев.
Кенттегі әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың жақсарып келе жатқанын демографиялық дерекпен дәйектеп көрейік. 1999 жылы онда 4472 адам болған екен. 2009 жылғы халық санағына жүгінсек, адам саны 4429- ға дейін кеміген. Қазір 4742 адам тұрады. Ал, тұрмысқа қолайсыз жерде адамның көп тұрақтамайтыны өзінен-өзі белгілі. Демек, қалыпты өмір сүруге, өсіп-өнуге мүмкіндік бар.
Демографиялық ахуал осыған дәлел. Халықтың табиғи өсімі айқын аңғарылады. Мәселен, 2014 жылы – 89, 2015 жылы – 90, 2016 жылы – 148, 2017 жылы 93 нәрестенің кіндігі кесілген. Биыл алғашқы алты айда тағы 47 шақалақ қосылды. Көп балалы 194 ананың 39-ы “Батыр ана” атанған. 69 ана – “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегері. Биыл тағы екі ана “Күміс алқамен” марапатталды.
Айгөлек” балабақшасында 140 бүлдіршін тәрбиеленуде. 86 нәресте балабақшадан орын алудың кезегінде тұр. 908 бала мектепте оқиды. Жалғыз мектеп тарлық қылып тығырыққа тіреп еді, биыл “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 464 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға беріліп, мәселе өз шешімін тапты. Көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларына бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі.
Кентте су сору стансасы тұрақты жұмыс істеп тұр. 827 отбасы орталық ауызсу желісіне қосылған, 340 отбасы көшедегі колонкадан алады. Кентте екі орталықтандырылған қазандық бар. Оның қызметін 12 көпқабатты үйдегі 434 пәтер немесе әрбір үшінші отбасы пайдаланады. Жергілікті билік бұл бағытта жұмысты жандандырудың мүмкіндігін қарастыруда. Қаражатқа қарай денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу да ойда бар.
Былтыр сапасыз көмір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметіне көп қиындық келтіріпті. “Қозыкөш жердегі Приозерск қаласы мазут жағады” дейді шарасыз сарышағандықтар. Сондай-ақ, теміржолға қарасты кейбір кәсіпорынның табыс және әлеуметтік салығының жергілікті бюджетке түспеуі де ойландырады. Бұл – енді, жоғары жақ шешетін мәселе.
Әлібек Әбдіраш,
“Орталық Қазақстан”