Жаңалықтар

“Мың бала” – мерей алаңы

Бейсенбі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде облыстық білім басқармасы мен облыс әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” мекемесінің мұрындық болуымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінің қорытындылау салтанаты өтті.

«Мың бала» жобасы түрлі этникалық топтардың мектеп жасына дейінгі балаларға және мектеп оқушыларын қазақ мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңіру мүмкіндіктерін көздейді.

Салтанатты шарада «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын сөз алып, рухани дем берді жастардың санасына.

– Ел болашағының кемел болуы бірнеше фактордан тұрады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат еткен аталмыш жоба – соның бірі. Қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, әр түрлі жастағы жас жеткіншектерді, оқушыларды мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, еркін сөйлеуге қол жеткізу, нәтижесінде жыл сайын мемлекеттік тілді жақсы меңгерген жастардың санын мың балаға толықтырып отыру. Осы тұста жалпы білім беретін мекемелердің тигізіп жатқан үлесі орасан зор, – деді Ерлан Бейсенбайұлы.

Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында 2015 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасына және «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында ҚР Президенті берген тапсырмаларға сәйкес «Мың бала» республикалық мәдениағартушылық жобасы әзірленді. Соңғы 3 жылда жоба аясында қазақ тілін насихаттайтын 35 735 іс-шара ұйымдастырылып, оған 837 747 бала тартылған. Солардың нәтижесінде 159 766 бала мемлекеттік тілді жетік меңгерді дейді мамандар.

Байқау нәтижесіне оралатын болсақ, «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалар номинациясы бойынша Н.Нұрмақов атындағы мамандандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Тіл таным», «Сөз таным» тәрізді бағдарламалардың авторы Аяулым Сүлейменова жеңімпаз атанды.

«Тиімді тілдік орта» ойын алаңы номинациясын Қарағанды қаласы №93 гимназиясының жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқытатын мұғалімдердің шеберлік орталығы тренері Құралай Кубекова иеленді.

«Асыл сөз» мектебі шешендік өнер номинациясына Приозерск қаласы №2 орта мектептің оқушысы, Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналған «Даланың дара данасы» облыстық байқауының жеңімпазы Владимир Кузнецов пен №101 мектеп-лицейінің оқушысы, облыстық, республикалық қазақ тілі пәнінің олимпиада жеңімпазы, «Балалар мемлекеттің болашағы» республикалық байқауының жүлдегері, «Сарыарқаның киелі жерлері» жобасының авторы Джейсан Ким лайық деп танылды.

Ал, «Еркін сөйле» атты үздік видеороликтер байқауында Нұра ауданы, Шайменов атындағы орта мектеп оқушысы, халықаралық «Тұлға» байқауы, Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының жеңімпазы Дарья Рейникова мен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты оқушысы, «Тіл таным» зертханасы мүшесі Анвар Валиев топ жарды.

 «Мың бала» жобасы қазақтың ұлттық құндылықтары мен дәстүрін, мәдениетін сақтауға және кең көлемде насихаттауға оң ықпал етері анық.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button