Жаңалықтар

Аманат арқалаған өрендер

Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары – сан түрлі. Солардың ішінде жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады.Тәрбиенің бұл түрі жастарды елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Дәл осы мақсатта өткен аптада «Жастар» спорт кешенінде полиция бағытындағы кадет сыныптарының оқушылары ант қабылдап, генерал-майор Мергенбай ЖАППАРОВТЫҢ қолынан кадет куәлігін алды.

Аталған іс-шара өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, ұрпақ сабақтастығын арттыру, сонымен бірге, өскелең ұрпақтың бойында өз Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров, Орталық өңірлік қолбасшылығының, қала әкімдігінің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Қарағандылық мамандандырылған құқық қорғау мектебінде оқитын 168 оқушы кадеттер үшін бұл салтанатты мереке мәңгілік есте қаларлық күн болары сөзсіз.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында патриотизм өзінің еліне, қаласына, кішкентай Отанына деген сүйіспеншіліктен басталатынын айтты. Сондықтан, кадеттер сыныптарын құру, бірінші кезекте, отансүйгіштік пен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтуға, мектептегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және мамандық таңдауға көмектесуге бағытталған. Мен сіздерді салтанатты түрде ант қабылдауларыңызбен құттықтаймын. Әрқашан адал және әділ болуға ұмтылыңыздар, заңның бұзылуына жол бермеңіздер, – деді облыстың ішкі істер департаментінің бастығы Мергенбай Жаппаров.

Ішкі істер департаменті басшылығының, ата-аналардың және көптеген қонақтардың қатысуымен кадеттер заңға бағынған тәртіп сақшыларының салт-дәстүрлерін құрметтеуге уәде етті.

– Қазақстан – менің Отаным. Отан менің – әкем. Бір сөзбен айтқанда – отбасым. Мен өскенде елім мен жерімді қорғайтын патриот боламын, – деді кадет сыныбының оқушысы Нұржол Нұржанов.

 – Әр адам өз Отанын корғау керек. Сондықтан, мен патриот болғым келді. Мен өз Отаным, ел-жерім үшін жан беруге дайынмын, – дейді кадет сыныбының оқушысы Нарын Арғын.

Жалпы, Қарағандыда алғашқы кадет сыныбы 2007 жылы №91 мектепте ашылған. Бүгінгі күні 6 бірдей мектепте дәл осындай сыныптар бар. Болашақта кадет мектебін ашу да жоспарланған. Қажетті құжат полиция ардагерлерімен жасалып, облыстық мәслихатқа ұсынылыпты. Бұл елге адал полицей тәрбиелеуде таптырмас жоба екені анық. Сонымен қатар, Президент Жолдауындағы тапсырманы орындауға да септігін тигізеді.

Ант қабылдау рәсімінен соң жас кадеттер қару-жарақты бұзып жинау, барабанды ырғақпен ойнау, сондай-ақ саптық шеру және қару-жарақпен жүріп өтті.

Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған Даму Стратегиясы – алдағы патриоттық рух салтанатының көзі, жеңістеріміздің кепілі! Нұрсұлтан Назарбаев: «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ» деген екен бір сөзінде. Ал, Бауыржан Момышұлы: «Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау» деп нақтылап өткен.

Жас кадеттер ойларына Баукеңнің тәлімді сөздерін сіңірсе, еліміздің рухы мықты азаматы болары сөзсіз.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button