Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Танкі мен ұшақ – Ұлы Жеңіс құрметіне

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген игі істер атқарылуда. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің АК-159/1 мекемесінде жазасын өтеуші Евгений Семонок пен Евгений Бодягин де осы мерекеге орай, өз қолдарымен Отан соғысы кезіндегі Т-34 ұшағы мен танкісін жасап шығарды.

Жазасын өтеушілердің айтуынша, жасаған техникаларының модельін құрастыруға 10 күн уақыт кеткен. Бұған дейін автокөлік жөндейтін мекемеде маляр және моторшы болып жұмыс істеген олар, өз қабілеттері мен еңбекқорлықтарын темір тордың арғы жағында да белсенді көрсетіп жүр.

Ұшақ ағаштан жасалған. Қаңқасы 3 күнде тұрғызылған. Бірақ, қиюластыру, тегістеу және сырлау өте қырағылықты талап еткендіктен, 7 күнге созылыпты. Ұшақты жасау барысында бөлшектерін шебер орналастыру, соғыс жылдарындағы алғашқы ұшақтардағыдай оны кабинасынан трос арқылы басқару мүмкіндігімен жасақтауды да ұмытпаған.

Т-34 танкісінің бөлшектерін жалпақ металдан қиып, барлығын әдемілеп егеп, жабыстырған. Сондай-ақ, танкіден Ұлы Жеңіске арналған әуендерді тыңдап, сол дәуірдің тұтас бейнесін көз алдыңызға елестетуге болады. Бұл үшін танк бортына музыка ойнатқыш орнатылған. Сонымен қатар, заманауи оттықтардың жарық түсіргіштері мен жарық беруші диодтарды жалғап, танк ернеуіне ұқыппен қыстырыпты. Бұл түрлі-түсті жарықтар да музыкамен үндесіп, ерекше көңіл-күй сыйлайды адамға.

– Бұған дейін бізде мұндай модельдегі техниканы жасау тәжірибесі болған жоқ. Бірақ, осында жүргенде бос уақытымызды тиімді пайдаланып, жан-жақты саралап, осы идеяны жүзеге асырдық. Әкімшіліктің қолдауынсыз ештеңе де өнбес еді. Өйткені, барлық материал һәм құрал-жақбдықтармен басшылық қамтамасыз етті, – дейді жазасын өтеушілер.

Аттас екі азамат енді жасаған дүниелерін Қарағанды қаласының балалар үйіне тапсырмақшы. Себебі, олар тәрбиеленушілердің осы техникалар арқылы сұрапыл соғыс жылдарындағы асқақ рух пен Ұлы Жеңіс жолындағы тегеурінді шайқастардың мәнін түсінгенін қалайды.

Тарихымызға тереңірек үңілуге, рухани жаңғыра түсуімізге қос азаматтың жасап шығарған дүниелері аз да болса септігін тигізері сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button