Tesla “ұшатын” электрлі спорт көлігін таныстырды
Tesla компаниясы SpaceX әзірлеген қозғалтқыштармен жабдықталған электрлі Roadster спорткарының жаңа нұсқасын таныстырды. Техас штатындағы сынақ алаңында өткен көрсетілім кезінде көлік тік көтеріліп, ауада аударылып, қайтадан төрт дөңгелегімен жерге қонған.

Компания басшысы Илон Масктың айтуынша, қосымша қозғалтқыштардың арқасында спорткар сағатына 100 шақырым жылдамдыққа бір секундқа жетпейтін уақытта үдей алады. Ал көліктің ең жоғары жылдамдығы сағатына шамамен 370 шақырым болады деп күтілуде.
Tesla жаңа спорткардың өндірісін 2028 жылы бастауды жоспарлап отыр. Бұған дейін компания көлікті 2020 жылы нарыққа шығаруға уәде бергенімен, өндіріс мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.
Көліктің жалпы пайдаланымдағы жолдарда қаншалықты қолайлы болатыны әзірге нақты белгісіз. Илон Маск бұл мәселе жол жағдайына байланысты екенін айтқан.
Айта кетейік, Roadster жобасы электрлі көліктердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Дегенмен, таныстырылымда көрсетілген әуе маневрлерінің сериялық модельде қалай жүзеге асатыны және оның техникалық мүмкіндіктері туралы қосымша мәліметтер әзірге жарияланбаған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



