Қарағанды облысында ЖРВИ-дің 12 404 жағдайы тіркелді
Қарағанды облысында жаңа эпидемиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 12 404 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың жалпы санының 58%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрады.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының A (H1N1), A (H3N2) және B штамдарының айналымда болуы күтіледі. Аталған штаммдардың барлығы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген.
Қазіргі уақытта облыста тұмау мен ЖРВИ-дің таралуына жол бермеу мақсатында санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы № 11 қаулысына сәйкес, 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін маска режимі енгізілді. Медициналық ұйымдардың кіреберістерінде науқастарды сүзгіден өткізу, медициналық маскалар мен антисептиктердің болуын қамтамасыз ету көзделген. ЖРВИ және тұмау белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалардың үйіне шақыртуларға бірінші кезекте қызмет көрсетіледі.
Білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы сырқаттанушылыққа мониторинг жүргізілуде. Егер бір инкубациялық кезең ішінде бір сынып оқушыларының 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырса, кабинеттік оқыту жүйесін тоқтатып, жеті күнтізбелік күн бойы сыныпқа жаңа оқушыларды қабылдамау ұсынылады. Ал сырқаттанған оқушылардың үлесі 30%-ға және одан жоғары деңгейге жеткен жағдайда оқыту қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.
Балалар арасында инфекцияның таралуын болдырмау үшін ата-аналарға бірқатар профилактикалық шараларды сақтау ұсынылады. Атап айтқанда, балалармен таза ауада серуендеу, оларды ауа райына сәйкес киіндіру, бөлмелерді үнемі желдету және ылғалды тазалау жүргізу, дұрыс әрі теңгерімді тамақтануды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар қолды сабынмен мұқият жууға үйретіп, ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеу маңызды.
Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, мұрынның бітелуі, тұмаурату немесе жөтел сияқты белгілер пайда болған жағдайда баланы үйде қалдырып, дәрігерге жүгіну қажет. Толық сауыққанға дейін баланың мектепке, балабақшаға, үйірмелер мен спорт секцияларына баруын шектеу керек.
Тұмаудың алдын алудың маңызды шараларының бірі – вакцинация. Биыл бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтарын вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Қазіргі уақытта облыста тұмауға қарсы екпе салу жалғасуда, бүгінгі күнге дейін 25 мыңнан астам адам вакцинациядан өтті.
«Қазіргі эпидемиялық маусымда тұрғындардың, әсіресе балалардың денсаулығын қорғау және инфекцияның таралуына жол бермеу маңызды. Осыған байланысты медициналық және білім беру ұйымдарында сырқаттанушылыққа мониторинг жүргізіліп, қажетті профилактикалық шаралар қабылдануда. Тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтауға, бөлмелерді жиі желдетуге, ауру белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, дәрігерге уақытылы жүгінуге шақырамыз. Сонымен қатар тұмауға қарсы вакцинациядан өту аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетуге көмектеседі. Әсіресе, тұмау жұқтыру және оның асқыну қаупі жоғары топтағы азаматтардың вакцинацияға жауапкершілікпен қарауы маңызды», – деді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.
Тұмауға қарсы тегін вакцинация медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйлерінде тұратын адамдарға, медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинациялауға жататын азаматтарға жүргізіледі.
Олардың қатарына жүкті әйелдер, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан азаматтар жатады. Бұл санаттағы адамдарда тұмаудың ауыр өту және асқыну қаупі жоғары болғандықтан, вакцинацияның маңызы зор.
Сонымен қатар, вакцинация инфекцияның еңбек ұжымдарында таралу қаупін азайтуға және ауруға байланысты еңбекке жарамсыздық күндерінің санын қысқартуға ықпал етеді. Осыған байланысты ұйым басшыларына қызметкерлерді маусымдық тұмауға қарсы жұмыс берушінің қаражаты есебінен вакцинациялау мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау, ауру белгілері байқалған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну және тұмауға қарсы вакцинациядан өту маңызды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



