Жаңалықтар

Сауда үйіндегі салмақты шара

«Таир» сауда үйінде «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Ілкімді іс-шараны Қарағанды облысының прокуратурасы мен облыс әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Бастаманың негізгі мақсаты айқын. Жергілікті халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтарға өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша кеңес беру.

Шара атауының өзі-ақ көп нәрсені аңғартты. Дәріханаға адам дертке дауа іздеп барады. Ал, бұл жолы тұрғындар заңдық сауалдарына жауап іздеп келді. Ұзақ кезек күтіп, мекемелердің есігін қағып жүрудің қажеті болмады. Түрлі салаға жауапты мамандар бір жерде шоғырланды. Құқықтық кеңес беруге Қарағанды облысы әкімінің аппараты, полиция, экономикалық тергеу, әділет, мемлекеттік кірістер, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаменттері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, денсаулық сақтау және білім басқармаларының, сондай-ақ, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының өкілдері қатысты.

«Құқықтық дәріхана» акциясы мемлекет пен қоғам арасындағы диалог қарапайым әрі өзара түсінікті тілде өрби алатынын дәйектейді. Қоғамдық бақылау тұрғысынан да майлы сорпадай маңызды жайт бар. Сұрақ ашық әрі риясыз қойыла отырып, мәнді жауаптар бөгде адамдардың көзінше берілді. Бұл – билік органдарына деген сенімді сөзсіз арттыратын құқықтық мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы. Мұндай форматты тұрақты негізде дамытып, облыстың аудандары мен шағын қалаларында да дүркін-дүркін өткізіп тұрамыз, – деп ой тұжырды Қазыбек би ауданының прокуроры Елнур Аманжолов.

Сауда үйіне бас сұққан жергілікті тұрғындар білім беру, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, салық салу, құқықтық тәртіп, әділет, құрылыс және атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша түсініктеме алды.  Мамандар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өз құзыреті шегінде қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұдан әрі қандай қадамдар жасау керек екенін де нақтылап берді. Қазірге дейін атаулы акцияларға 1 000-нан астам адам қамтылды.  «Құқықтық дәріхана» тұрғындар үшін кәсіби кеңес алып, қажетті құқықтық ақпаратқа қол жеткізетін ашық диалог алаңына айналды.

Бұған кездейсоқ тап болдым. Сауда үйіне басқа шаруамен кіріп едім, мұнда әр саланың мамандары жеке мәселесі бойынша азаматтарды қабылдап жатқанын көрдім. Ішім қылп ете қалды. Біз тұрған үйдің ауласында семіп қалған ағаштар бар-тын. Сол семген дарақтар тұрғындардың жүріп тұруына ыңғайсыздық келтіріп тұр еді. Бұл жолы осы сұрағыма бір жерде, жарты сағаттың ішінде жауап алдым. Мамандар менің мәселемнің шешімін дөп тауып, әрі қарай не істеу керегін де айтты. Түрлі сала өкілдерінің бұқара халыққа өзі келгені қуантарлық жайт екен. Мұндай пайдалы акциялар жиірек өткізілсе екен, – деді қала тұрғыны Хасан Жұлдызбаев.

Дертінің дауасын табу үшін көп кісілер дәрігерге жүгінетіні тәрізді, құқықтық түйткілдің шешімін іздеген жан да жөн білетін маманның көмегіне мұқтаж. Әйткенмен, мұнда жазылған рецепт дәрі мен дәруменнің мөлшерін емес, заң аясындағы әрекеттің жолын нұсқады. Бір ауыз сауатты кеңес кейде талай күнгі әурені қысқартып, күмәннің орнын сеніммен алмастырады. «Құқықтық дәріхана» тұрғындарға осындай мүлтіксіз мүмкіндік ұсынды. Ендеше, заң көмегі халыққа неғұрлым жақын болса, әділдікке бастар жол да соғұрлым айқын болмақ. Әдетте, жергілікті жұрт сауда үйінен түрлі түсті қорап ұстап қайтар еді. Осы жолы олар сауалына тұшымды жауап тауып қайтты.  

Ерқанат Кеңесбекұлы
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button