Руханият

«Шахтер деген зор атақ!»

Жеті қат жер астына түсіп бара жатқан кеншілер ертеректе іштей жақын-жуығымен қоштасып шығатынын естіп пе едіңіз? Естімеуіңіз мүмкін. Бірақ, мұны кеншісі бар отбасы жан-тәнімен ұғады. Мұны жер бетіндегі біз түсінбеуіміз мүмкін. Мұны жер астында жанқиярлық еңбек етіп, тер төгіп жүргендер жете түсінеді. Үнсіз ғана. Қатермен бетпе-бет келіп, қанша қауіптен аман қалғандар. Олардың кеншіліктен безе қашпағанын көргенде, батыр демеске шара, кәне? Ал, еңбегі – ерлікпен пара-пар!

…Қарағандыда шахтамен өмір жолы түйіспеген отбасы кемде-кем. Бұл – дәстүр-тін. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Әкесі, баласы, немересі, шөбересі, шөпшегі, туғаны… Бәрі… бәрінің өмірі шахтадағы еңбекпен өрілді. Ол келе-келе кенші әулеттерін қалыптастырды. Қарағанды аймағынан тас көмір алғаш алынған үш ғасырға жуық кезең өтті. Кеншілердің мәуелі бәйтеректей әулеттері жапырақ жайды. Жылдар жиналып, ғасырға ұласты…

…Шахтерлер арасында Мүслімовтер әулеті бар. Оларды танымайтындар жоқ, сірә. Бұл ағайынды үш жігіт. Мұқым, Ғалым, Кәрім. Бұл үшеудің әкесі – Мүслім де кенші еді. Одан кейінгі балалары да сол жолды жалғады. Ал, ағайындылардан тараған ұл-қыздар да шахтадан ұзаған жоқ. Соның бірі һәм бірегейі ардагер кенші – Ісләм Мүслімов. Ал, бұл Мүслімов әулетінің жалпы өтілі – 280 жыл! Үш ғасырға жуық. Ғажап па? Ғажап! Атасынан басталып, немере-шөбересіне дейін жалғасып келеді…

– Мен №105-ші шахтаның маңайында дүниеге келіппін. Содан шығар, шахта – менің тағдырыма айналды. Спортпен шындап айналыссам да, осы шахтаға бүйрегім бұрды да тұрды. Оныншы сыныптан кейін күрестен ҚазССР-нің күміс жүлдегері болдым. Сөйте тұра, шахтаға барғым келді. Ол кезде үлкен ағам мен жездем шахтада жұмыс істейтін. Содан көп ойланғам жоқ. Мектептен соң бірден шахтаға бардым. Соқыр өзенін кесіп өтіп, «Долинка» шахтасының директорына жолығып, жұмысқа қабылдау туралы өтініш тастадым. Ол менің спортпен айналысатынымды көріп, қуанып, бірден жұмысқа қабылдады. Енді қазір ойлаймын. Сонда 17-18 жаста болып, «қалай ғана сескенбай директорға барғанмын?» деп. Қазір ғой, баланы өзің жетектеп апармасаң, баспайды,– дейді Ісләм Мұқымұлы. Шынымен де, ол кездің жасы мен бұ кездің жасы бөлек еді…

Бірер айдан соң әскер қатарына шақырылды. Араға екі жыл салып, оралған соң қайтадан шахтаға жұмысқа орналасты. Содан бері Ісләм Мүслімов шахтада аттай 38 жыл еңбек еткен екен. Оның соңғы 26 жылында «Тентек» шахтасында проходшы.

– Маған «Кенші даңқының» толық иегері Александр Грошев тәлімгерлік етті. Бір ай бойы менің тау-кен ісінің шеберлігін меңгеруіме мұрындық болды. Негізі, менің өмір жолымда көптеген жақсы адамдар кездесті. Бригадиріміз атақты кенші Гаврил Петраковпен бірге еңбек еткеніме мақтанамын, – дейді кенші. Гаврил Гаврилович басшылық еткен бригада – кезінде көмір өндіруде талай рекорд жасаған ұжым. Оны тарих та, жұртшылық та ұмыта қойған жоқ. Ұмыта алмас…

…Даңқты кеншінің ізі қайда қалмады дейсіз? Өмір деректеріне үңілсек, біраз шахтада сайрап жатыр. «Долинка», «Қазақстан», «Ленин», «Тентек»… Алдыңғы буын арда азаматты аспанға көтереді. Кейінгі буын да бұл есіммен етене таныс. Еңбектегі ерен еңбегі үшін ІІ,ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталғанында да мән бар. Мұның сыртында қаншама мадақтама, алығыс хат – төбе-төбе. Бәрі де адал еңбектің арқасы.

Бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Көмір департаментінің ардагерлері» ҚБ төрағасының орынбасары. Ардагерлерді ардақтап, оларды қоғамдық өмірден сырт қалдырмау үшін тыным таппайды. Зейнетке шыққаннан соңғы 20 жылын осында арнапты.

– Шахтер – деген атақтың өзі қандай зор! Кеудені керіп, мақтанышпен айтылады емес пе? – дейді байырғы кенші.

«Иә» дедік біз. Расында, «Шахтер!» деп кеудені кере шыққан үн Сарыарқаның сайын даласын саңқ етіп кезіп кететін секілді ғой. Сосын… жаңғырып қайталанып тұрғандай…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button