Руханият

Диакриттық таңбалар – әлемдік тәжірибе

Бір сәт латыннегізді әліппемен жазатын елдерді, оның ішінде, дамыған Еуропа елдері мен Азиядағы түркі халықтарын салыстырып қарасақ, Еуропа елдері VIII-IX ғасырда жазуын латын әріптеріне көшіріп алған. Содан күні бүгінге дейін графика мен орфография ережелері қайта қаралып, оларды оңайлату, дыбыс тілін таңбамен кодификациялауды оңтайландыру әрекеттері жүргізіліп келеді. Ал, бұл мәселені түркі елдеріне қатысты айтқанда, олардың тарихын да ескеру қажет.

Біздің тілдік категорияны басқа тілмен салыстыруға да, артық-кем деп айтуға да келмес. Майкрасофт компаниясы пернетақтаға салып берген 26 әріпке түркі халықтарының ғана емес, басқаның да жазу реформасын сыйғызу қиын.

Бір дыбысқа бір әріп дегеннің өзінде біздің әліпбидегі әріп саны 31-32 әріптің маңайында болып тұр. Бұл 26 әріптен әлдеқайда көп. Осы орайда таңбаларды түрлендіру үшін диакритикалық таңбалар көмекке келеді. Қазақстан ғалымдарының халыққа ұсынған соңғы әліппесі әріпүсті умлаут және әріпасты белгілері бар әріптерден құралған.

«Умлаут» – қос нүктелі әріптер. Мұндай әріптерді түріктер мен немістердің жазуынан көріп жүрміз. Тіпті, кириллицада да «ё» ретінде қолданып келеміз. Умлаут Еуропа тілдері әліпбилерінде қолданылып, тәжірибеден өткен. Умлаут тек әріптің үстіне қойылатын фонетикалық белгі, екі әріптің арасына түспейді, әріп шекесіне қойылмайды.

Еуропада барлық тілдің атасы неміс тілінің жазуында умлаут – ең жарқын үлгісі. Ол жазба тілді меңгерудің ең қолайлы түрі. Неміс тілінде «Қалай сөйлесең, солай жаз» деген принцип жазу мен айтылудағы айырманың аз екенін көрсетеді. Ағылшынша және немісше сауаттылықтың арасы жер мен көктей. Ағылшын тілін үйрену қиын. Мұны үйренушілер де айтып жүр.

Неміс жазуының қолайлылығы мемлекет қамқорлығымен жүзеге асқан. Мысалы, жоғарғы көне неміс тілі кезеңінде tōten, fūolen, stōzen түрінде жазылып келсе, ХІІ ғасырдың соңында töten, füolen деп жазу белең алады. Бұл Гриммнің дауыссыздардың жылысуы туралы заңы мен тұспа-тұс келетін «умлаут» диакритикалық таңбасы, неміс тіліндегі дауыссыздардан кейін айтылатын дауысты дыбыстардың әсерінен жұмсартып айтуды білдіретін әріп таңбасы ретінде бүгінгі күнге дейін сәтті қолданылып келеді.

Неміс тілінде 16 дауысты, 3 дифтонг, 19 дауыссыз және 3 аффрикат фонема бар. Дауыстылар қысқа және созылыңқы, ашық және жабық айтылады да сөз мағынасына әсер етеді: kam – «тарақ», kām – «келді», mer – «аңыз», mēr – «теңіз». Дауыссыздары шұғыл, ызың, діріл болып бөлінеді. Дауыстыларға тән ерекшелік – умлаут, сыну және аблаут.

Түркі тілдеріндегі дауысты дыбыстардың регрессивті ассимиляциясын фонетикалық тұрғыда да қарастырып, XIX ғасыр соңынан бастап түркі тілдеріне «умлауттың» енгізілуі мен дамуы туралы В.Радлов, Н.Баскаков, В.Банга, В.Решетов сияқты ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан.

Неміс тіл білімінде «умлаут» терминін пайдалану, жоғарыда айтып кеткендей, дауыссыз дыбыстардан кейін айтылатын дауысты дыбыстардың әсерінен жұмсартып айту ретінде ғана қолданылса, түркі тілдерінде бұл термин неғұрлым кең мағынада, атап айтқанда, кейінгі дауыстылардың тарылу мен еріндік дауыстылардың жұмсаруы нәтижесінде үндестік заңын сақтау үшін қолданылады.

Қорыта айтсақ, әліпби жасауда диакритикалық белгілерден қашудың реті жоқ. Төл дыбыстарды диакритикалық белгілер арқылы беру Ахмет Байтұрсынұлында ғана емес, әлемдік тәжірибеде бар дүние. Мысалы, латын графикасын қолданатын испан тілінде екі әріпте (ç, ñ), швед және фин тілдерінде үш әріпте (å, ö, ä), неміс тілінде үш әріпте (ü, ö, ä), итальян тілінде бес әріпте (ì, è, ò, à, ù), француз тілінде бес әріпте (é, è, ç, à, ù), түрік тілінде бес әріпте (ğ, ü, ş, ö, ç), венгер тілінде тоғыз әріпте (í, ö, ü, ó, ő, ú, ű, é, á) диакритикалық таңбалардың түр-түрін қолданады. Бұл тілдердің арасында дамыған үлкен сегіздікке кіретін елдердің (Германия, Франция, Италия) тілдері де, БҰҰ-ның ресми тілі саналатын француз, испан тілдері де бар. Ұлттық дыбыстарының диакритикалармен әрленген таңбалары дамыған сегіздікке кіруге де, тілдерінің БҰҰ-ның ресми тілі болуына да кедергі болған жоқ.

Жоғарыда айтылғандардан аңғарғанымыздай, диакритикалық белгісі көп екен деп, әліпбидің соңғы ұсынылған нұсқасынан теріс айналмайық. Латыннегізді әліпбиге көшу осындай бірнеше өзгерісті өзімен бірге ала келетін «Рухани жаңғыру» реформасы болмақ.

Әcия СМЫҚОВА,

«Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарамасы»

ММ «Ресурстық тіл орталығы» КММ әдіскері.

Басқа материалдар

Back to top button